Қазақ қыздары неге шетелдіктерге тұрмысқа шығуда?

0
217

Қазақтың қыздары неге шетелдіктерге тұрмысқа шығуға ұмтылады деген сауалдың жауабын өзімше былай топшылаймын.
Себеп көп. Тағдыр ай­дап, аладорба арқала­ған өтпелі кезеңде шетелге жұмыс іздеп барып, жер­гілікті ұлт өкілдерімен көңіл жарастырып біражола қа­лып қойған қыздар бар. Оқу, білім іздеп барып қалып қалғандар бар. Бұлардың жөні бөлек. Негізінде қыз баланы шетте оқытудың қаупі де осында. Оқытпайын десең елдегі білім сапасының сиқы анау.
Ал енді, дәп қазіргі уақыттағы қыздардың шетелдіктер етегінен ұстап қалуға жанталаса ұмтылысының себебі мүлдем басқа сияқты.
1. Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық.
2. Қолда барда алтынның қадірі жоқ.
3.Болған сайын бола түссем деген ашкөздік. (Бұл ауқатты отбасылардың қыздарына тән көрініс).
4. Өзге мәдениетке деген әуестік.
Бір жолы болса да шетелдің дәмін татып көрген қыз­дар өз еліміздегі әлеуметтік тапшылықтың тау­қыме­тін тартқысы келмейді. Ондағылардың бәрі «жұмақ­та» өмір сүретіндей көрінеді. Бәрін кинода­ғыдай елестетеді. Нағыз жанталас шетелде екенінен бейхабар. Шымылдықтың ар жағында басқа өмір барын пайымдауға өмірлік тәжірибелері жетпейді.
Ал шетелге шығып көрмегендер бөтен жұрттың жігітімен тұрмыс құру арқылы шетелдегі «жұмаққа» ұмтылады. Онда «жұмақ» бар ма, жоқ па деген сұраққа тереңдей бермейді. Рас, шетелде (онда да дамыған елдерде ғана) адам қызығарлық көріністер баршылық, бірақ бір көріп қайту үшін ғана. Ата-бабаңның рухы сіңген, табанының табы қалған топыраққа жетері жоқ. Өлсең, көрің дайын. Басқа жұртта күлің ғана қалады.
Жас қыздар осының байыбына бара берер деймісің.

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА,
Фейсбуктегі парақшасынан

Жауап қалдыру