Жол сапасы жақсарады

0
73

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Алматы облысында жұмыс сапарымен болған кезінде өңірдегі апатты жағдайдағы автокөлік жолдарын жөндеуді тапсырған болатын. Осы мәселеге байланысты Алматы облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Серік Самұратов төмендегі мақалада атқарылып жатқан жұмыстарды баян етеді.
Алматы облысы аумағындағы автомобиль жолдары облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы құзыретіне қарайды. 2015-2016 жылдар аралығында басқарма тарапынан облыс көлеміндегі автокөлік жолдарын диагностикалау және паспорттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл бағыт бойынша жан-жақты зерттеудің нәтижесінде жалпы ұзындығы 7358,555 шақырым автокөлік жолы, 266 көпір өткелі, 6868 су өткізу құбыры және шағын жасанды құрылыстар анықталып тексерілді. Жолдың 278,84 шақырымы ешбір мекемеге тиесілі емес екендігі белгілі болды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша жалпы ұзындығы 6138,6 шақырым жол облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының титулдық тізіміне енгізілді. Мұнда 266 көпір өткелі орналасқан. 1-ші, 2-ші және 3-ші апаттық жағдайдағы 110 көпір өткелі бойынша басқарма 2017-2020 жылдар ішінде оларды кезең-кезеңімен қалпына келтіру бағдарламасын жасады. 2018 жылы апатты жағдайдағы 31 көпірдің жетеуі күрделі жөндеуден өткізілді.
Ал, биылғы жылы төрт көпірді күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу жағдайы қарастырылуда. Сондай-ақ жөндеуді қажет ететін тағы 20 нысан бойынша жасалған жобаларды іске асыру үшін құзырлы органдарға бюджеттік өтінім берілген.
Жалпы алғанда, 2017 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу жұмыстарына 14575, 8 млн теңге бөлініп, 300,7 шақырым жол жөнделді. Ал 2018 жылы 342,5 шақырымдық автомобиль жолы жөнделіп, оған 17511,1 млн теңге жұмсалды.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін облыс аумағында ұзындығы 348,4 шақырымды құрайтын автокөлік жолын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 19175,2 млн теңге мөлшерінде қаржы қарастырылған.
Республикалық маңызы бар Алматы – Талдықорған тас жолының ең соңғы бөлігі 2018 жылы пайдалауға берілді. Жөндеу жұмыстары бірнеше учаскелерге бөлініп жасалуына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме жолдың сапасына кепілдік беріп, ақаулар шыққан жағдайда оны міндетті түрде қалпына келтіруге міндетті болады.
Қазіргі кезде Кербұлақ ауданы аумағында Шоқан және Қаспан елдімекендерін арасын қосып тұрған, жалпы ұзындығы бес шақырымдық жолдың сапасы жөнінде шағымдар көптеп түсуде. Бұл тас жол негізінен республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» автомобиль жолы құрамына кіреді. Сондықтан да, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «ҚазАвтоЖол ҰҚ» акционерлік қоғамы арнайы тапсырыс беруі қажет.
2019 жылғы 1 қаңтардағы нәтижелер бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78,1 пайызды құрайды. Осыған байланысты басқарма 2019-2025 жылдар кезеңіне облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту және техникалық жай-күйін жақсарту бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр.

Жауап қалдыру