Жеңістің жетістігі

0
36

Осынау орта бойлы, жүзіктің көзінен өткендей жайсаң жігітті Жетісу жұртшылығы көптен бері біледі. Қашан көрсең де, мойнына фотоаппаратын асынып, тіпті өзі түсіретін суреттердің сапалы болуына жанын салып, қажетті штативтер мен қосымша обьективтер салынған салмақты сөмкелерін қолына ұстаған кейпі бес қаруы сай жауынгердей әсер берері анық. Бұл – жас болса да, фотосурет өнерінің жан баласына сезіле бермейтін құпиялары мен өзгеге біліне бермес сырларын жете меңгерген фотосуретші Жеңіс Ысқабай.
Теңіз деңгейінен 5 мың метрден астам биіктікте жатқан еңселі Талғар шынының бауырындағы Туғанбай ауылында дүниеге келген Жеңіс мектеп қабырғасында жүр­генде-ақ, оқулықтардың алдыңғы және соңғы таза беттеріне қара қарындашпен сурет салып, ұстаз­дарынан ескерту де естігені бар. Бірақ, ат құлағында ойнап өскен жігіттің бойына туа біткен өнерге деген құлшыныс, талап пен қажымас жігер оны өзі сүйген фотосуретшілік кәсіпке жетелей берді. Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы колледжде, одан кейін Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық  университетінде ұлағатты ұстазы архитектор-фотограф Юлий Айбасовтан білім алып, суретші-мұғалім мамандығын иеленді.
Алғашқы жылдары Алматы қа­лалық «Алматы ақшамы» газетінде еңбек еткен Жеңіс бұқаралық ақпарат құралдарында көп жыл жұмыс істеген қаламгерлермен танысты, қоян-қолтық араласты. Ол елімізге әйгілі Иосиф Будневич сияқты фототілшілермен қыз­меттес болып, кәсібінің қыр-сы­рын үйренді. Алғашқы кезде қиын­дықтар да болды. Бірақ, жа­лық­пады, ізденді.
Бүгінгі күні іскер  фототілшінің қоржынында төрт мыңнан ас­там сурет сақтаулы. Олардың тақырыптары да әртүрлі. Оның ішінен еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін табуға болады. Қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар да солардың ішінде. Өнер адамдарының бір шоғыры да топтастырылған. Кәсібін дөңгелетіп жүрген айтулы бизнесмендерді де кездестіруге болады. Жетісудың әсем табиғаты мен жан-жануарлар дүниесі, құстар әлемі де талапты жастың назарынан тыс қалмаған.
Сирек кәсіптің иесі Алматы қаласында бірнеше көрмелерге қатысып, негізгі үш аталым бойынша бірінші орынды қанжығасына байлаған екен.
Жеңіс үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету жағынан да өз қатарластарына үлгі боларлық қасиеттері мол азамат. Рас, көп ретте фотографтар мен телеоператорлар сөзге шорқақтау келеді. Ал, Жеңістің тіл байлығы – өзгеше. Сөйлеп кеткенде, жайлаудың бетегелі жазығында су төгілмес жорғадай жосылады. Оның шешендігі – бесаспап жігіттің адам сүйсінерлік тағы бір қыры. Бұл атадан қалған өнеге болса керек. Айтуынша, атасы таспадан түйін түйген шебер болған екен.
Өткен бейсенбі күні Талдық­ор­ған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында облыстық ішкі саясат басқармасы мен Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің бірлескен жобасына сәйкес, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, жастардың әлеуметтік ынтасын, қызығушылықтарын арттыру, олардың азаматтық және патриоттық тәрбиесіне тартымды фотосуреттердің ықпалы, жер жәннаты – Жетісу өңірінің табиғатын насихаттау, жас фототілшілерді тәрбиелеу мақсатында жетісулық фототілші Жеңіс Ысқабайдың «Намыс» атты фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме «Атына заты сай» деген­дей-ақ көркемделіпті. Онда жас­тық намысын қайрап, Жазғы, Қысқы Олимпиадаларда, дүние­жүзілік, рес­публикалық жарыстарда сынға түсіп, ел абыройын асқақтатқан жүзге жуық спортшылардың суреттері қойылған. Жиналғандардың назарын ең алдымен еліміздегі ұлттық ат спорты жеңімпаздарының шабандоздарының суреттері өзіне аударды. Аз уақыт ішінде өз саласында мол тәжірибе жинақтаған  Жеңіс қазір талапты жастарды сурет түсіруге баулуда. Мәселен, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика бөлімінің  студенті Серік Қантаев аяқалысынан Жеңіс мол үміт күтеді.
Қарап тұрсаңыз, фотоаппарат­тың «шырт» еткен бір сәттілік қимылымен түсірілген суреттен нақты образдық бейне, әрекет, күш-қуатты сезінуге болады. Айтары жоқ, бұл еңбектің жемісі, фотографтың шеберлігі.
– Бүгінгі көрмеге жас буын спортшыларымыздың қабырға­ларға ілінген фотосуреттерге қарай отырып, биік шындарды бағындырады деген ойдамыз, – деді көрме суреттерінің авторы.
Иә, бұрын фототілшілердің сурет түсіріп, оны шығару үшін қандай тер төккендерін жақсы білеміз. Суреттер түсірілген пленканы фотоаппараттан қараңғы бөлмеде шығару, оны түрлі химиялық еретінділермен жуу, одан кейін тұмшаланған арнайы лабораторияда басып шығару қиынның-қиыны еді. Қазіргі кездегі заманауи құралдар жұмысты жеңілдеткенмен, фототілшіге қойылатын талап одан сайын күшейе түсуде.
Бүгінгі талап – сезімталдық, сенімділік және істің нәтижелілігі. Осы жағынан алғанда, Жеңіс өз ісінде жеңіске жеткен жігіт.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және Халық».

Алматы облысы

Жауап қалдыру