Жасотандықтардың жаңа форматтағы съезі

0
137

Үстіміздегі жылғы 28 наурызда Астанадағы Конгресс-орталықта «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі ерекше форматта болып өтті, – деп хабар­лайды ҚазАқпарат тілшісі. Съездте трибуна да қо­йылған жоқ, барлық спикерлер ортаға шығып сөз сөйледі.
Спич кезінде алқа-қотан отырған қатысу­шылармен тығыз байланыс орнатылды. Есеп берудің өзі сұрақ-жауап үлгісінде өтті. Осылайша, жасотандықтар үш жылдың ішінде атқа­рылған шараларды бір­ге еске алды, әрбір делегат ортақ жұмысқа деген өз үлесін сезінді.
«Жас Отан» жастар қана­тының төрағасы Данияр Сүн­детбаевтың ай­­­туынша, бүгінде ұйым­ның ішінде көп­те­ген өзгерістер болып жа­тыр. Жастар қанаты жаңаша жұмыс істеуге бет бұрды.
– Негізі, біз барлық жаңа­шыл­дыққа дайын болуымыз қажет. Әри­не, адам баласы жа­ңа нәрсеге сескене қарауы мүмкін. Бірақ мен осыған қатысты бір мысал келтірейін, 1750 жылы Анг­лияда Джонс Хэнвэй деген жігіт бірінші болып қолшатырды қолдана бастады. Бас­тапқыда адамдар ол жаңалықты қабыл­дамады. Қолшатырмен жүрген жігітке үреймен қарады. Артынан ол затты зерттеп, оның күннің көзінен, жаңбырдан қор­ғайтынын түсінген­нен кейін қолшатырды мойындады. Қазіргі кезде Англияның азамат­тары қолшатырды тас­та­май жүреді.
Сон­дықтан әрбір жаңа­шылдық бірден қабыл­дан­баса да, уақыт өте келе, халыққа жетеді. Қазіргі жаңғыру да бес-он жылдан кейін аймақ­тарға жететін болады. Сол себепті біз, жастар саяси-экономикалық, рухани модернизацияға дайын болуымыз қажет, – дейді Д.Сүндетбаев.
Айта кетейік, съезд аясында ұйымдас­ты­рылған арнайы конференцияда делегаттар орталық кеңестің мүше­леріне дауыс беріп, ұйымның жаңа жар­ғы­сын қабылдады. Ал кеше өткен гала-форумда Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мем­ле­кеттiк хатшысы Гүл­шара Әбдiқалықова жастарға Елбасының құттықтау сөзiн оқып бердi. Сондай-ақ онда «Жас Отан» жас­тар қана­тының жаңа тұжы­рым­дамасы қабыл­данды.

Арман АСҚАРОВ

Жауап қалдыру