Жанармаймен қамту – 100 пайыз

0
25

Қазақстанның ірі мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл туралы Бүкіләлемдік мұнай кеңесі отырысында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Елді отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге және импортқа тәуел­ділікті төмен­детуге ұмтыла отырып, біз Атырау, Шым­кент және Павлодар мұ­най өңдеу зауыт­тарын жаң­ғырттық. Жаң­ғырту нәтижесінде жер­гі­лікті нарықты отан­дық жанармаймен 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкіншілігіне қол жеткіздік. Зауыттарымыз К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай келетін жанар-жағармай материалдарын өндіретін болады. Енді мегаполистер мен өңірлердің экологиясына жүктеме азаяды, – деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, мұ­­най өндіру мен мұ­най өнімдері өндірісі өсімінің арқасында еліміздің ішкі нары­ғында жанар-жағар­майдың артылып қалу жағдайы ал­ғаш рет болып отыр. Алдағы уақытта көрші елдермен қа­жетті келісімшарттар жасалғаннан кейін артық бензин экспорт­қа шығары­латын болады.
– Таяу уақытта цифр­ландыру аясында Атырау мен Шымкент мұнай өндіру зауыттарында техникалық қызмет көрсету және жаб­дықтарды жөн­деу жөніндегі жоба енгізіле­тін болады. Бұл жүйе профилак­ти­калық қарау және жөн­деу жұмыстарын бас­қаруға, сонымен қатар МӨЗ-дерді пай­даланудың кемінде 3 жылдық жөндеуара­лық кезеңіне көшуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Министрдің атап өтуін­ше, аталған жоба­ның арқасында жаб­дық­тардың сенімділігі 8-10 пайыз­ға артып, жөндеу жұмыс­тарына кететін шығындар 10 пайызға төмендейді. Бұған қоса, күрделі жөндеу жұмыстарына тоқтатылудың болмауына байланысты орташа есеппен жылына қосымша 300 мың тонна мұнай өңделетін болады.
Марлан ЖИЕМБАЙ

Жауап қалдыру