Жаңа жылды тойлау қайдан келді?

0
149

Санаулы күнде жаңа 2018 жыл есігімізді қаққалы тұр. Өткен жылда болған барлық оқиғаларға шүкірлік айтып, баршамыз жаңа жылдан жақ­сылық күтетініміз жасырын емес. Ал осы Жаңа жыл мей­ра­мын тойлау қазаққа қайдан келді? Асыл дініміз бен дәс­түрі­мізге бұл мейрам жат болса да жадымызда жаңғырып тұрғаны несі?
Желтоқсан біз үшін екі ме­ре­ке­мен қадірлі, бірі қы­зыл әріппен белгіленген 16 жел­тоқ­­сан – Тәуелсіздік күні болса екіншісі, 17 желтоқсан – демократиялық жаңғыру күні. Өкініштісі, Жел­тоқсан айы бастала салы­сымен қала ішін жаңа жылдық безендіру жұ­мыстары басталады. Өзіміз де Жаңа жылды қарсы алу әбі­геріне түсіп кетеміз. Осы­лай­ша Тәуел­сіздік күніміз безендірілген шыршаның көлеңкесінде қалып кетіп жүргеніне, дабыл қағу­шылар көп.
Жаңа жыл әлем халықтарына ортақ қолданылып жүрген күн­тізбе бойынша жылдың бас­тауы. Тарихшылар мен этног­­рафтар бұл мейрамды хрис­тиан дінімен тікелей байла­ныс­тырады. Ал Ресей патша­лы­ғына бұл мерекені 1700 жылы І Петр енгізген болатын.. Патшалық Ресей құлап, Кеңес Одағы орнағанда 1927-1936 жылдары жаңа жыл тойлап, шырша тігуге тыйым салынады. Тек 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен 1 қаңтарда шырша тігіліп, жаңа жылды тойлауға рұқсат етіледі. Бұл кезде Жаңа жыл мерекесі діни сипаттардан тазартылып, Кеңес Одағының идеологиясына бейімделеді. Мысалыға, шырша басында тұратын 8 бұрышты Давид жұлдызының орнына 5 бұрышты Кеңес жұлдызы орналасты. Осылайша жаттың мерекесін ұлықтап, тойлау осы ұлтсыздандыру кезеңінде дүние­ге келген болатын.
Алайда, бұл күнді «мұсыл­мандарға жат, кәпірлердің мей­рамы» дейтіндер де көп. Жаңа жылдың мұсылмандардың ме­рекесі емес екендігі белгілі. Бірақ, біздің қоғамда Жаңа жыл­ға қатысты «кәпірлердің мей­рамы», «оны тойлау харам» деген секілді сөздерді айтуға асықпаған дұрыс. Өйткені, ұзақ жылдар санамызға сіңген салтымызға, дәстүрімізге жат кейбір дүниелерді бірден тәрік ету оңай нәрсе емес екендігін ескеруіміз керек.
Бастысы – ұлтымыз үшін жаңа жыл, жыл басы – Наурыз екенін ұмытпайық. Халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», – деген ұлағатты сөз­ді ұстанғандықтан дәл осы нау­­­рызда «сансыз шыр­шаны кес­пей» керісінше ағаш отыр­ғы­зады. Сондықтан да дініміз бен ділімізге сай келетін Наурыз мей­рамын Жаңа жылды атап өткендей дүркірете тойласақ қой шіркін…

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру