Жаңа әліпби енгізудің жаңа қадамдары

0
72

Жуырда Талдықорған қаласында Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқар­масының ұйымдастыруымен латын әліпбиіне көшуді табысты жүзеге асыру жолындағы нақты міндеттерді айқындау, мақсатында «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» атты семинар-кеңес өткізілді.
Рухани маңызы зор шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, осы институттың ғылыми қызметкері Анар Фазылжанова қатысты.
Облыста қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау шаралары бойынша бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы құрылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан орталықтары мен қалаларда, шалғай орналасқан елдімекендерде 12 мың адамды қамтыған 70-тен астам кездесу өткізілді. Оған қоса, дөңгелек үстел отырыстары, конференция, кездесу, пікір алмасу, ақпараттық сағат, форум, дебат, акция, семинар, брифингтер ұйымдастырылды. Оған бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен тартылды.
Семинар-кеңесте Ерден Қажыбек, Анар Фазылжанова, облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева және Жетісу Мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Айна Рахимова мазмұнды баяндамалар жасап, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды.
– Алдағы уақытта біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Жуырда елімізде латын әліпбиіне кезеңдеп көшудің жоспары әзірленді. Ол кезең-кезеңмен іс жүзіне асырылады және негізгі төрт бағытта жұмысшы тобы да құрылды. Осы орайда, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің жан-жақты қолдауы істің нәтижелі болуына зор ықпал етуде, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Карбозов.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Prezident & Halyq».
Алматы облысы

Жауап қалдыру