Жүрекке түскен жол

0
108

Жуырда Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Алтайдың асау ақыны атанған айтыскер ақын Ержанат Байқабайұлының «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кеші республикалық Ақорда қозғалысы қоғамдық қорының құрметті төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен өтті.
Кешке қалалықтармен қатар, Қытайдан, Астанадан келген қонақтар қатысты.
Кеш иесі туралы бірер ауыз сөз айтар болсақ, ол Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Алтынтау қаласы Ертіс өзені бойында қарапайым отбасында дүние есігін ашқан. Үкілі үміттің арқасында ақын­дық жолға түсіп, 1996 жылы Алтай аймақтық 11-кезекті ақын­дар айтысына қаты­сып, Қы­тайдағы қазақтар арасын­дағы тұңғыш бала ақын атанады. Бүгінде «ата жұртым» деп Отанына оралып, айтулы кеш өткізіп отыр.
Рухани дүниесін туған хал­қына көрсетуге келген ақынның тағы бір жаңалығы – «Мерей» баспасынан басылып шыққан «Жүрекке түскен жол» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітапты қонақтарға ақын Ж.Бөдеш таныстырып, ақынға ақ жол тіледі. Сонымен қатар, Республикалық Ақорда қозғалысы қоғамдық бір­лестігінің құрметті төра­ға­сының орынбасары Қанат Мұсақұлов төрағаның сәлемін жеткізе келіп: – Айтыс халқымыздың болмысында бар қоғамдағы қасиет болғандықтан, қазақ өнерінің оның ішінде айтыстың болашағы Ержанат Байқабайұлындай аза­мат­тардың арқасында бола­шағы зор, жарқын бола бермек, – деді.
Ал, Ержанат Балқабайұлы өз кезегінде шалғайдағы қандастарды елге шақырып, кештің өтуіне тікелей қолдау көрсеткен Қ.Сатыбалдыұлына өз ризашылығын айта келіп, Алматы қаласындағы Ж.Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында дүбірлі кеш өткізу үлкен мақтаныш екенін тебіреніспен жеткізді.
Ине шаншыр орын қалмаған салтанаты жарасқан кеште ақындар өлең оқыса, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Ержанат ақынның өлеңдерінен қойылымдар қойды. Және де ақынның туған жерге, елге, Отан анаға, ана мен әкеге арналған өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, қонақтардың мерейін үстем етті. Әсіресе, Ержанаттың анасына арнаған «Шайбан ана» атты өлеңін нақышына келтіре оқып беруі халықты бей-жай қалдырмады.
Осылайша жүректен шыққан өлеңдер жүректерге жетіп, қонақтар кештен рухани азық алып, дән риза болып тарады.

Алтынай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Жауап қалдыру