Қызылша өсіру қанат жаймақ

0
258

Жуырда Алматы облысы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аймақтағы қызылша өсірушілердің дәстүрлі кеңесі өткізілді. Онда «2018 жылы қант өндірісін дамыту міндеттері мен қайта өңдеу саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары туралы» мәселе қаралды.
Алқалы мәжіліске облыс әкімі Амандық Баталов төрағалық етті.
– Қант қызылшасы облы­сы­мыздағы негізгі дақылдардың біріне айналды. Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмек пен қант қызылшасын өндіруші шаруашылықтардың ерен еңбе­гінің арқасында дақылдың егістік көлемі жылдан-жылға артып келеді. Қол жеткен нәтижемен қана­ғаттанып қалуға болмайды, басталған істі әрі қарай дамытып, алдыңғы қатарлы технологияны өндіріске енгізу керек, қолда бар қант қызылшасын қайта өңдейтін кәсіпорындарды жетілдіріп, жаңа­ларын іске қосу қажет, – деді, өңір басшысы өзінің кіріспе сөзінде.
Қызылша өсіруші дихандар алдында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров 2017 жылы өңір­лерде қант қызылшасын өн­діру бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Атап айт­қанда, «Жетісу» әлеу­меттік кә­сіп­керлік корпорациясы қант қызыл­шасын өндіру үшін жаңа 5 сервистік-дайындау орталығын құрып, өнімділігі аса жоғары 114 ауыл шаруашылығы техника­сын сатып алған. Сонымен бірге, Франция және Германия елдерінен 14 мың тонна сапалы тұқым әкелініпті. Жоспарланған шараларды атқаруға облыстық бюджет есебінен 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді.
Сондай-ақ, дихандардың тарапынан зауытқа тапсырылған 1 тонна тәтті түбір өніміне 17 мың теңге көлемінде кепілдендірілген сатып алу бағасы белгіленді. Оның ішінде 8 мың теңгені зауыт қарастырған, ал 9 мың теңге ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидия түрінде төленіп отыр. Бұл өзге өңірлердегі дихан­дар­дың қызылша егуге деген құлшынысын тудыруда. Бірқатар аймақтарда түсіндіру жұмыстары мен семинарларды жүргізу нәти­жесінде аталған дақылды өсіру­ге қызығушылық арттуда. Қант зауытының алыс­тығына қа­ра­мастан, қант қызыл­шасын Кер­бұлақ ауданы өсіруді бастады.
Облыста қант қызылшасын өсі­ретін плантация көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2015 жылы облыс бойынша 4020 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, жыл аяғында 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Ал, 2016 жылы қызылша өсіруге 617 шаруақожалығы тар­ты­лып, 6521 гектар жерге қант қызылшасы өсіріліп, жыл аяғында 241,2 мың тонна тәтті түбір жиналды. 2017 жылы облыс бойынша 9,2 мың гектар алқапқа егілген қант қызылшасынан 552 мың тонна өнім жиналды. Гектар өнімділігі де еселеп арттырылуда. Соның нәтижесінде жекелеген шаруақожалықтары әр гектардан 639 – 760 центнерден өнім жинауда.
Өңдеу орындары жөніндегі мә­се­лелер де түпкілікті шешілуде. Ал­ғашқы жылдары Көксу қант зауыты іске қосылса, өткен жылы он жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты жұмыс істей бастады. Қазір­гі кезде бұл кәсіпорында ескі қондырғыларды жаңасымен ауыс­тыру шаралары ықпалды жүр­гізілуде.
Қант қызылшасын дамыту ба­ғы­тында жоғары сапалы тұқым, хи­миялық тыңайтқыштар, тұқым шашқыштар мен комбайндар алын­ды. Соның нәтижесінде, егу, күтіп бап­тау, жинау және та­сы­мал­дау жұмыстарында кедергі бол­­ған жоқ.
Биылғы жылы жетісулық дихандар қант қызылшасының егіс көлемін 11,200 гектарға жеткізуді межелеп отыр. Сөйтіп, жыл аяғында 414,400 тонна тәтті түбір жинауды жоспарлауда. Үстіміздегі жылы қызылша егуге 530 шаруа­қожалығы тартылған. Ауыл ша­руа­шылық техникалары кезең-ке­зеңімен келетін науқандарға сақа­дай сай тұр. Сөйтіп, қант қызыл­шасын өсіруді өркендетуге облыста барлық жағдайлардың жасалғандығы айқын көрініс тапты.
Мәжіліс барысында қант қызыл­шасын өңдеуші зауыт­тардың басшылары, шаруа қожалықтары жетекшілері қаралған мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Prezident & Halyq»
Алматы облысы

Жауап қалдыру