Қысқа-нұсқа

0
57

Кеше Қаржы министр­лігінде кадрлық өзгерістер орын алды. Марат Сұлтан­ғазиев Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетіне басшы болып тағайын­далды. Ол осы лауа­зымға тағайын­дал­ған­ға дейін Қа­зақстан Рес­­публикасы Пре­зиденті Әкім­шілігінің Әле­уметтік-эко­номикалық мо­ни­торинг бө­лімі меңгеру­шісінің орын­басары болған.

«Нұр Отан» партия­сының Төрағасы Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың шеші­мімен Илья Теренченко партия хат­шысы қызме­тіне таға­йын­далды. «Нұр Отан» пар­тиясы Төраға­сының бірін­ші орынбасары Мәулен Әшім­баев Орта­лық аппарат ұжы­мына партияның жаңа хат­шы­сын таныстырды. Мәу­лен Әшімбаев Илья Те­рен­ченконың жетекші­лігімен пар­тияның Павлодар об­лыс­тық филиалы нәти­же­лі жұмыс істегенін ерек­ше атап өтті.

ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Сары­ар­қа» газ желісінің құры­лы­сына неліктен Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қо­рынан қаражат бөлі­нетінін түсіндірді. «Бұл – БЖЗҚ-дағы ақша инвес­тициялық кіріс әкелуі үшін жасалып отырған қадам. Егер оны ешқайда инвес­тицияламасақ, онда ол ақ­шаны инфляция «жеп» қояды», – деді.

Қостанай облысының шаруалары астық жинау науқанын аяқтады. Биыл ор­таша өнімділік гектарына 12,8 центнерді құрады, деп хабарлайды облыс­тық ауыл шаруа­шылығы басқар­масы бас­шы­сының орын­ба­сары Сембай Саған­дықов. Жал­пы, биыл 5 млн 214 мың тонна ас­тық жиналған. Орташа тү­сім­ділік 12,8 центнерді құра­ған, 2017 жылы бұл көрсеткіш 12,5 болған еді.

Елбасы тапсыр­ма­сы­на сәйкес мемле­кеттік қыз­мет­тердің 80 пайызы элек­тронды нұс­қада бо­луы керек. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездес­кен ҚР Ақпарат және комму­ника­циялар вице-ми­нистрі Нұргүл Маубер­ли­нова мәлім етті. Осы мақ­сатта Үкіметтің элект­рон­ды порталы іске қосыл­ды, тек өткен жылы 34 млн мем­ле­кеттік қызмет көр­се­тілді.

Биылғы оқу жылын­да Қазақстанның оқу орын­дарында 18 мың шетелдік студент білім алып жатыр, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі. Соны­мен бірге, министрлік Қа­зақ­станның меди­ци­на­лық маман­дықтар бойын­ша үнді­стандық студент­терді көбі­рек қабылдауға және IT бағыт­тар бойынша Үнді­станға магис­транттар мен докто­рант­тарды жі­беруге уағда­ласқанын ха­барлады.

Жауап қалдыру