Су қоймалары бақылауда

0
132

Өткен жұмада облыс әкімі Серік Үмбетов су қоймала­рының, су шаруашылығына қатысты мекемелердің, ау­дан, қала әкімдерінің қатысуымен көктемді су тасқыны­ның алдын алу және болдырмау жөнінде жиын өткізді.

Жиын барысында айтыл­ғанындай, Алматы облысын­дағы аса қауіпті су шаруашы­лығы нысандарын және ги­дро­мелиоративтік жүйелер­ді жөн­деу жұмыстары үшін облыс бюджетінен 418 млн теңге бөлінген.

Қазіргі кезде бірқатар су қоймалары әлі күнге иесіз қа­лып отыр, бірқатарын комму­налдық меншікке қайтаруға  қатысты сот процестері жүріп жатыр. Сондықтан бөлінген қаржыны әзірге мақсатты жұмсауға мүмкіндігі жоқ.

Жиында облыс әкімі иесіз су қоймаларындағы судың бар­лығын ағызып, басқаларына су жіберуді қамтамасыз ететін электроқұрылғы механиз­мін қалпына келтіру бағытын­дағы жұмыстарды жүргізуді тап­сырды. Қолмен атқарыла­тын және шлюзі жөндеусіз бірде-бір су қоймасы қалмауын қатаң ескертті.

Төтенше жағдайлардың ал­дын алуға облыстық бюд­жет­тен 1 млрд теңгеге жуық, ал аудандар бюджетінен 72 млн теңге қаржы қарастырылған.

Облыс басшысы әсіресе, Сарыбұлақ, Күрті, Бартоғай су қоймаларының жағдайына ерекше назар аударып, нысан басшыларына судың толып кетуіне жол бермеудің барлық қажетті шараларын жүзеге асыруды тапсырды.

Аймақ басшысы әр аудан әкімі және тиісті мекеме басшылары өз аумақта­рында тұратын халықтың қауіпсізді­гіне қатаң жауап беретінін атап өтіп, бірінші орынбасары Амандық Баталовқа жағдайды сараптап тұру мақсатында апта сайын аудан, қала әкімдерімен селекторлық жиын өткізіп тұруды міндеттеді.

Ұйғыр ауданындағы Ша­рын ауылындағы жағдайға келсек, жұмылдыру дайын­дығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен табиғи апат­тардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқар­масының бастығы Сергей Салагаевтың мәлімдеуінше, ауылда 1070 тұрғын үй бар. Су 9 көшеге, жалпы саны 243 аулаға жайылған, 16 үйдің ішіне кірген.

Оқиға болған күні үйіне су кірген 16 отбасының 10-ы туыстарының үйіне, 6-уы мектеп ғимаратына орналасты­рылған. Олар ыстық тамақпен, төсек жабдықтарымен, меди­циналық қызметпен қамтама­сыз етілген. Жалпы 105 тонна көмір мен 37 текшеметр отын тұрғындарға таратылды.

142 отбасына жалпы со­масы 1 млн 136 мың теңгенің көмегі азық-түлік, жылы киім, аяқ киім сияқты тауар түрінде көрсетілді.

Бүгінгі күнге 11 отбасы өз үйлеріне қайта көшірілді, 1 отбасы ауылда бос тұрған үй­ге орналастырылып, 4 отбасы туыстарының үйінде.

Жалпы, ауылда тасқын сал­дарын жою жұмыстарына 37 техника мен 3 мыңға жуық адам жұмылдырылған.

Жиында облыс әкімі Серік Үмбетов прокуратура органдарына қысқа мерзім ішінде тексеру жұмыстары­ның қорытындысын шығаруды тапсырды.

Ілияс Биахметов.

Жауап қалдыру