«Shymkent City» қалашығы салынады

0
49

Оңтүстік Қазақстан облы­сында аймақ басшысы Жан­се­йіт Түймебаевтың төрағалық етуімен қала құрылысы кеңе­сінің отырысы өтті. Онда Шым­кент қаласында іске асы­­рыл­ғалы жатқан «Shymkent City» іскерлік және тұрғын үй кешенінің жобасы талқы­лан­ды, деп хабарлайды Қаз­Ақпарат тілшісі.
Жиынға қатысқан жауаптылар аймақ басшысының ұсы­ныстарына қолдау білдіріп, алда атқарылатын шаруаларымен таныстырды. Жоба авторлары ұсынған соңғы нұсқа бойынша жалпы аумағы 65,5 гектарды құрайтын «Shymkent City» кешенінде 6762 орынға шақталған автұрақ болады деп жоспарлаған. Жалпы саны 5554 пәтерді құрайтын 18 қабатқа дейінгі көп қабатты тұрғын үйлер бой көтереді. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі сәулетті мектептер, спорт кешені, ойынсауық орталықтары және де әлеуметтік нысандар салынады.

Кеңес барысында жаңадан бой көтеретін қалашықтың концепциясына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайы сөз болды. Өз кезегінде облыс әкімі Шымкент қаласында халық санының өсімін ескере отырып, «Shymkent City» жобасының кейбір тұстарын қайта қарап шығу керек екенін атап өтті.
«Елбасының назарындағы бұл жобаның кей тұстарына түзетулер енгізу керек деп ойлаймын. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис болғандықтан мұнда демографиялық өсім қарқынды. Ал, болашақта халық саны еселеп артатынын ескерсек, қалада көлікпен жүріп тұру айтарлықтай мәселеге айналары сөзсіз. Сондықтан жаңа қалашықта автотұрақтар жеткілікті болуын, сондай-ақ көлік кептелісін болдырмау жолдарын қазірден ойлау керек. Тиісті сала мамандарына осы мәселені қайта қарап шығуды тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Айнұр АҚБАЕВА

Жауап қалдыру