Шығыстықтарды шығынға ұшыратқан апат

0
125

Шығыс Қазақстан облысының ор­та­лы­ғы Өскемен қаласы мен бірнеше аудан тағы да қарғын су астында қал­ды. 22 наурызда басталған тасқын­ның екінші толқыны Өскемен, Риддер қалаларындағы және Глубокое, Шемо­наиха, Ұлан аудандарындағы ондаған үй мен ауланы басқан.
Глубокое ауданында 167 үй қызыл су астында қалған. Прогресс ауы­­лында 50-ден ас­там үй­­­ді, Белоусовка кен­тінің өзін­де 52 үйді, Предгорное ауы­лында 35 үйді су бас­қан.
Ал Шемонаиха ауданында Үбе өзенінде сең жүріп, мұз кептелісінің кесірінен 58 үйді су басқан. Су­дың көбеюіне толассыз жаңбыр мен жер тоңының қалың болуы әсер еткен. Судан ең көп зардап шеккен ауылдар қатарында Жоғарғы-Үбе және Выдриха ауыл­дары бар. Мұнда он шақты үйді су бас­ты. Убинка, Первомай, Но­во-Ильинка, Рулиха, Ок­тябрь ауылдарын­да бірнеше аулаға су кіріп кетті. Үйлері қираған тұр­ғындарға жаңа баспана беру мәселесі шеші­луде.
Су алған үйлерді аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты.
– Барлық үйді арнайы құрылған комиссия қа­рап, тұруға жарамсыз болғандарын басқа үй­мен немесе пәтермен алмастырамыз. Ал жай ғана бүлінгендерін жөн­деп береміз. Жиһаз бен өзге де мүліктеріңіз бүлінсе шығынын толтырамыз. Оған күмән болмасын – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов су басқан 58 үйдің 10-нан астамы жарамсыз күйге түскенін атады. Олардың иелеріне аудан орталығынан баспана беріл­мек. Ал өзен арна­сы­на тым жақын орна­лас­қан үйлер біржола қауіп­сіз аймаққа көшірі­летін болады.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспа­сөз қызметінің дерегінше, Өскеменде 3 жер үйге, 1 бес қабатты үйге су кірген.
Ауа райының күрт жылынуы енді Семей жұртшылығын әбігерге салуда. Ертіс өзенінің деңгейі көтеріліп, арнасынан асқан. Онда 1 200 адам тұра­тын 496 үй бақылауға алынған.
Қазір қала іргесіндегі Түйемойнақ аралы ауданы, Шығыс, Мирный кенттеріндегі үйлердің ауласын су басу қаупі төніп тұр. Тасқын салда­рымен күреске қала­ның барлық комму­нал­дық мекемелері жұ­мыл­ды­рылды. Кейі­ні­рек Ер­тіс­тің деңгейі кө­те­рілуі Семейдегі Шүл­­бі су электр станса­сы­нан жіберілген су­дың кө­лемі жергілікті әкімдіктің келісімінсіз көбейтілгені себеп бол­ғаны анықталды.
– Бұған дейін Шүлбі СЭС-інен секундына 500 тек­ше метр су жі­бе­­рі­ліп кел­се, бүгін оның мөл­шері 1800 тек­ше метр­ге артқан. Сал­дары­­нан Ер­тістің дең­гейі 5,06 метр­ге кө­те­­рілген, – делін­ген об­лыс әкімінің бас­пасөз қыз­­меті тарат­қан хабар­ла­­ма­да.
Қазірге дейін Түйе­мой­нақ аралы ауданынан ғана 103 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Бүгінде Аягөздегі қы­зыл судан зардап шек­кен үйлер қайта қалпына келтіріле бас­та­ды. Қазір 114 үйдің жоба­лық-сметалық құ­жат­тамасы дайын. Ал­да­ғы аптада жөндеу жұмыс­тары басталады. Ол үшін 259 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілетін бір­қатар үйлерді аралап, тұрғын­дармен кездесті.
– Мен комиссияға өте мұқият түрде жұмыс істеу туралы тағы да тапсырма бердім. Жұ­мыс дүйсенбіден басталады. Мен келесі айда келіп, ат­қарылған жұ­мысты өзім тексеремін, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Айта кетейік, апат ке­зінде Аягөздегі 162 үйге су кірген. Қазіргі таң­да комиссия бар­лы­ғын тексеріп, тиісті ше­шім­­дерін шығарды. Нә­­­ти­­же­сінде 41 үй жөн­деуге жарамайтын бо­лып шықты. Бүгінде жергі­лікті әкімдік 32 баспа­на са­тып алды.

Есімжан НАҚТЫБАЙ

Бет қатталып жатқанда
Кеше кешке Семейде 76 үй мен 7 саяжайды су басқандығы жөнінде хабар жетті. Желіде тараған видеоматериалға сенсек, қарғын су тірсектен асқан.

Жауап қалдыру