Салалық журналистиканы дамытуға қосылған үлес

0
124

Өткен сенбіде Түркітілдес журналистер қоры  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның қаржылай қолдауымен журналистер арасында ұйымдастырған  «Еркін сөз» байқауының марапаттау рәсімі өтті. Байқау Қазақстанның  қаржы саласындағы жетістіктері мен проблемалары, оны шешу жолдары, қаржылық саясат, ұлттық валюта, банк қызметі, несиелеу сынды қаржы саласына қатысты мәселелерге арналған болатын.                                                                                                                    Шара Түркітілдес журналистер қорының басшысы Назия Жоямергенқызы мен Халық банктің PR менеджері Досбол Арыстанбековтың құттықтау сөзімен ашылып, артынша марапаттау рәсімімен ұласты. Бірнеше аталым бойынша жеңіске жеткен журналистерді Жүсіпбек Қорғасбек, Әміржан Қосанов, Дәурен Бабамұрат сынды елімізге белгілі қаламгерлер мен қоғам белсенділері құттықтады. Сондай-ақ салтанатты рәсімге ЮНЕСКО мен БҰҰ өкілдері құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылды.                      Сонымен «Үздік телесюжет» аталымында Астана арнасының тілшісі Еркін Қарин жеңімпаз деп танылса, «Үздік мақала» жүлдесі «Айқын» газетінің тілшісі Абай Аймағамбетке, «Үздік сайт мақаласы» Turaninform.kz сайтының бас редакторы Құрманғали Нұрғалиевке бұйырды. Үздік шығармашылық топ аталымын «Қазақстан» арнасының «Парасат майданы» бағдарламасының ұжымы жеңіп алса, «Үздік радиохабар» жүлдесін Қазақ радиосынан Гүлбағыш Бостан иеленді. Жеңімпаздардың әрқайсысына 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен бағалы сыйлықтар берілді.                                                                                                        Салтанатты шара барысында журналистерді құттықтай келген Бүркіт пен Аиша, Асхат Тарғын, Нұрлан Еспанов, Әділ мен Дана секілді эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.                                                                                                              Салалық журналистиканы дамытуда, қазақ журналистерінің бірлігін арттыруда осындай шаралардың маңызы зор. Сондықтан кешке жиналғандар тұңғыш өткізілген байқау келешекте де жалғасын табатындығына бек сеніммен қайтты.

                         Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,

«Президент және Халық»

Жауап қалдыру