ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

0
152

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті бауырлар!

Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! От­басы­ларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстары­ңызға береке тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрам­ның ұлығы, айтулы мереке. Хал­қымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпші­лікпен ерек­ше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауызбір­шілігін арттыра түсетін, мұ­сылман қауымын иман­дылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құр­бан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амал­дарымен Раббысының разы­лығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаң­дар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шына­йы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық пары­зын өтейтін күллі мұсыл­ман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен бе­рекесін тілеп жатқан отан­дас­тырымыздың да дұғасы, қажы­лығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қарау­сыз қалған қарттарға қайырым­дылық жасауға шақыр­амын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

Жауап қалдыру