Пәкістанда ҚазҰУ-дың ғылыми орталығы ашылды

0
74

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Караши (Пәкістан) университетінде бірлескен ғылыми орталық-инновациялық зерттеулер зертханасын ашты. Жоба Оңтүстік елдерінің тұрақты дамуы үшін ғылым және техника жөніндегі комиссияның (COMSATS) көмегімен жүзеге асырылды.
Орталықтың ашылу сал­та­натында сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың ғылыми-инно­ва­циялық қызмет жөніндегі проректоры Тілекқабыл Ра­мазанов Караши универ­ситетінің химия ғылыми-зерттеу институты мен Ха­лықаралық химия және биология ғылымдары орта­лығы арасындағы ын­­­ты­­­мақ­­тастық 20 жыл бойы да­мып келе жатқа­нын атап өт­ті. Бірлескен зерт­­теу жұмыстары биоор­­га­никалық химия, фар­­­ма­кология, жоғары мо­леку­лалық және табиғи қосылыстар химиясы саласында жүргізілді. Осы уақыт ішінде ҚР 15 патенті рәсімделіп, халықаралық ғылыми журналдарда 70-тен астам мақала жарияланды. ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері тұрақты негізде Караши университетінде тағылымдамадан өтіп, білім алуда.
– Бірлескен ғылыми ор­та­лық-зертхананың ашы­луы біздің ынтымақ­тас­ты­ғымызды жаңа сапалы деңгейге көтереді. Мұндай халықаралық әріптестік екі ел үшін өзекті жобаларды орындауға және әлемдік ғылыми қауымдастыққа тиімді ықпалдасуға мүм­кіндік береді және бұл әсі­ресе Қазақстанның жоғары білікті және бәсекеге қабі­летті жас кадрларын даяр­лауға елеулі үлес қосады, – деді ҚазҰУ проректоры.
ҚазҰУ мен Караши уни­верситеті қол қойған ын­тымақтастық туралы Меморандум орталық базасында ғылыми кадрларды бірлесіп дайындауды, фитохимия, биомедицина, дәрілік заттар мен өсімдік шикізаты негізінде өнім өндіру саласындағы зерттеу жұ­мыстары мен жобаларын әзірлеуді және іске асыруды көздейді.

Еңлік АҚЖІГІТ

Жауап қалдыру