«Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын.
Басы да алтын Қордайдың бауыры да алтын» – деп кезінде қырғыз-қазаққа аты мәшһүр ақын, композитор Кенен Әзірбаев атамыз жырлаған Қордай туралы қанша жазып-жырласақ та артық болмас. Қордай – қырғыз ағайындармен қойы-қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан еліміздің оңтүстік өңіріндегі шекарада орналасқан елді мекен. Айтулы өлкеден ертеректе Кебекбай шешен, Сарбас ақын, Кенен Әзірбаев, Әлмен ақын, Ноғайбай шешен, Жолбарыс, Қыбырай мен Қордай секілді батырлар шықса, кеңес дәуірі тұсында ақын Рза Қунақова, қоғам қайраткелері Өмірбек Бәйгелді, Құрманғали Уалиев, әнші композитор, халық сүйіп тыңдайтын «Дос Мұқасан» ВИА құрушысының бірі Мұрат Құсайынов сынды көптеген елге танымал әр саланың саңылақтарының кіндік қаны тамған. Ал бүгінде бір спорт саласы бойынша ғана ел абыройын әлемге асқақтатып жүрген азаматтар қаншама… Осы ойдың өрнегімен өңірдің спорт саласындағы толайым табыстары туралы қалам тербемекпіз.
Құтты Қордай жерінде туып өсіп, ел мерейін асқақтатып жүрген жалынды жастардың қатары қалың. Мәселен, кәсіпқой бокстан IBА тұжырымы бойынша әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Мәзімбаев, Ушу-Сандо жекпе-жегінен әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Диас Жамаш, еркін күрестен Англияда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Төлеген Ақылбеков сынды спорт саңлақтары айтулы өлкенің мақтаныштары. Олардың ізбасарлары Светлана Голендова, Шамил Ришат, Игорь Свирид, Сағын Қазбек, Асхат Жантұрсынов, Рашид Дауров, Төлеген Ақылбеков сынды болашағынан зор үміт күттірер талантты жастар дүбірлі жарыстарда қанжығалары майланып жүр.
Бұл алдымен бұқара халықтың спортқа деген құштарлығының, содан кейін жергілікті биліктің ел игілігі үшін спорт нысандарын салып, саланың дамуына жағдай жасауының арқасы деп білеміз. Былтыр елорданың 20 жылдығына орай Қордай ауылында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты жағдайда ашылуы сөзіміздің дәлелі бола алады. Спорт кешенінде волейбол, баскетбол, үлкен теннис, жеңіл атлетика, кіші футбол, дзюдо, қазақ күресі және еркін күрестен үйірмелер өтеді. Сондай-ақ ауданда ұлттық спорт түрлерін дамытуға да назар аударылуда. 2018 жылы наурызда ашылған №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі сол мақсатта жемісті жұмыс жасауда. Онда тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындары дамытылмақ. Ұлттық спорт түрлері қайта өрістесе қордайлық жас өрендер кезіндегі аға-әпкелерінің жетістігін қайталары хақ. Талисман, Қаратөбел, Даяр секілді аузыменен құс тістеген, жал құйрығы төгілген жүзден жүйрік тұлпарлар талай аламан жарыстың алдын бермей, Қордай жерін Қазақстанға танытқатқаны көптің есінде.
Спорт кешендерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескерілген. Олардың спортпен шұғылданулары үшін арнайы кесте бекітіліп, уақыт бөлінген. Осындай игі жұмыстарға қарап, көңіл толады.
Бұндай ілкімді істер жергілікті билік өкілдерінің, қолдауынсыз жасалмайтыны белгілі. Аудан әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлының осындай оң бастамаларға ұйытқы болып жүруі жуырда лайықты бағасын алды. Қазақ Спорт және Туризм академиясының қарашаңырағында айтулы оқу орны мен Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының ұйғаруымен Қордай ауданының әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлы – «Үздік аудан әкімі» болып танылды. Салтанатты рәсім барысында аудандағы спорттық шаралар мен жобалардың үйлестірушісі Қордай ауданы әкімдігінің Денешынықтыру және спорт бөлімі Жамбыл облысы бойынша «Ең үздік спорт бөлімі» деп танылды. Марапат осы бөлімнің басшысы, жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы, ересектер арасында күміс жүлдегер Дидар Молдағалиевке табысталды. Бұл ерен еңбектің бағалануы деп білеміз.
Қойны құт-берекеге тұнған Қордай жеріндегі үлкен спорттың алар асуы әлі алда екеніне нық сенімдіміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
С.Бердіқұлов атындағы жүлденің игері