«Менің атым – Қожа» түрік тіліне аударылды

0
23

Түркияның бас қаласы Анкараның Кечиөрен ауданында Қазақстан мәдениет күндері шеңберінде атақ­ты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының және осы туындының желісімен түсірілген фильмнің тұсау­кесері болып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Қазақстан күндері аясында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға марқұм жазушының қызы, жазушы, аудармашы Самал Бердібекқызы және неме­ресі, сондай-ақ 1968 жылдары жазушы қызмет еткен «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Алматы облысы Жамбыл ауданының делегациясы арнайы келді.
Қазақ киноматографиясының 50 жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Менің атым – Қожа» атты классикалық фильмі мен түрік тіліне аударған кітабының тұсаукесері Кечиөрен муниципалитетінің Неджип Фазыл сахнасында болып өтті.
Еуразия жазушылар одағы басып шығарған кітапты түрік оқырмандары үшін қазақ әдебиеттанушы Жәмиле Кынаджы аударған.
Естеріңізге сала кетейік, «Менің атым – Қожа» кітабы әлемнің 61 тіліне, ал фильмі 10-нан астам тілге аударылған.

Бақытжол КӘКЕШ

Жауап қалдыру