Медицина қызметкерлеріне құрмет

0
136

Мамыражай маусымның 12-жұлдызында Медицина қызмет­керлерінің кәсіби мерекесі күніне орай арайлы Алматыда адам жанының арашасы – дәрігерлерге Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңес тағайындаған «Медицина саласының үздігі» атағы мен медалін тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Ақ халатты абзал жандар ардақталған шара Республикалық Кеңес төрағасы, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
Адамды емдеуді өмірлік қызметіне айналдырған дәрі­герлердің қоғамдағы орны әрқашан да биік болуы тиіс. Халыққа қызмет жасау, көмекке зәру жандарға қол ұшын беруге әрдайым даяр тұру сияқты қасиеттер дәрігерлерді басқа маман иелерінен ерекшелендіріп тұрады. Сондықтан жауапкершілік пен кәсібилікті ұштастырған жандар жоғары құрметке лайық. Осыны мұрат еткен қоғамдық кеңестің аталмыш марапаты дәрігерлердің еңбегінің еленуіне мұрындық болуды көздейді.
Алғаш беріліп отырған «Ме­ди­­­цина саласының үздігі» атағы мен медалін кеудесіне тағу құрметіне осы саланың рес­публика деңгейіндегі көрнекті өкілдері мен аймақтық білікті мамандар ие болды. Олардың қатарында Қазақстанның гинекология саласындағы әй­гілі дәрігері, «Профессор Мұс­та­фаев клиникасының» бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Сәдуақас Мұстафаев, С. Асфендияров атын­дағы Ұлттық Медицина уни­верситеті Стоматология кафедрасының про­фес­соры, Қазақстандағы тұң­ғыш орто­педиялық стомтология докторы, «Профессор Рузиддинов колледжінің» құры­л­тайшысы Сәуірбек Рузиддинов, Алматы қаласындағы №12 қалалық емханасының 1-бөлімшесінің меңгерушісі, «Алтын дәрігер» атағының ие­гері Нұрбике Ахмедиярова, Алматы Кардиологиялық орталығының бас дәрігері Ал­мат Қодасбаев, Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының жетекшісі Әбдіманап Айдарқұлов, Алматы қаласы №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов бар.
Мұнан соң аймақтан келген медицина саласының қыз­мет­керлері кезегімен шақы­рылып, лайықты атақ­тарын алды.
Шара әсем музыкамен әр­леніп, домбыраның күмбірлеген үні мен дәстүрлі әндер салтанатты рәсімге жиналған қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанат соңы ақ дастархан басындағы таныстық-білістік, емен-жарқын әңгімеге ұласты.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру