Мөрдің күші жойылды

0
40

Қазақстан Республикасында кәсіп­керлер үшін мөрдің күші жойылды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, құжаттарды куәландыру үшін жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің мөрді пайдалануы міндет емес, тек уәкілетті тұлғаның қолы болса жетіп жатыр. Дегенмен, бұл өзгерістер мөрді пайдалануға тыйым салынады дегенді білдірмейді. Жеке кәсіпкерлік субъектілері өз қызметінде мөрді пайдалануға немесе одан өз қалауы бойынша бас тартуға құқылы.
Мөрді пайдаланбау құқығы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетпек.
Сондай-ақ жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары және екінші деңгейдегі банктер құжатта мөрдің болуын талап етуге құқығы жоқ. Олар өкілетті тұлғаның қолы қойылған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құжат көшірмелерін қабыл­дауға міндетті.
Ведомствоның мәліметінше, жеке кәсіп­керлік субъектілерге жататын заңды тұлғаларда мөрдің болуы міндетті емес деген заңнамалық актілерге түзетулер енгізу бизнес жүргізуді жеңілдетудегі Дүниежүзілік банк сарапшыларының ұсыныстарына және АҚШ, Дания, Норвегия, Шведия, Германия, Аустрия, Швейцария, Ұлыбритания, Аустралия, Канада, Финляндия және Гүржістан елдерінің тәжірибесіне негізделе отырып жасалды.

Жауап қалдыру