Кентау газбен қамтылады

0
100

Оңтүстік Қазақстан об­лысындағы Кентау қаласы биыл толықтай табиғи газбен қамтылатын бо­лады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл мақсатта қазынадан 3 млрд 842 млн теңге жұмсалып, өткен жылы құбырлар тарту жұмыс­тары аяқталды. Сала маман­дары­ның сөзінше, құрылыс монтаж жұмыстары мен электр жүйелері де жүргі­зілді. 1 трансформатор, 5 жайтартқыш, 1 прожекторлы діңгек орнатылды.
Бүгінгі таңда Кеншілер қаласы мен Хантағы ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 67,8 млн теңгеге жобалау-сме­талық құжаттамалар әзір­леніп, тиісті орындарға тапсы­рыл­ған. Құрылыс жұмыс­тары ағымдағы жылы 3 ке­зең бойынша іске асырылып, қалаға газ беру ісі жү­зеге асатын болады.

Бұдан бөлек, қалаға қарасты Қарнақ, Құшата және Байылдыр ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуге 33,8 млн теңге қаржы қаралып, жұмыс жобалары ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгінде елдімекендерді газдандыру жұмыстарына облыс әкімі ерекше назар аударып келеді. Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен 2017-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, өткен жылы өңірде  300 елдімекен газдандырылды. Жоспарға сәйкес 3 жылдың ішінде қосымша 383 мекенге көгілдір отын жеткізілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 13 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлініп, жыл бойына 89 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ал ағымдағы жылы облыста табиғи газбен қамтамасыз ету саласында  67 нысанның құрылысы жүргізіліп, 42 елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі деп күтілуде.

Жауап қалдыру