Елбасы тапсырмасы лайықты деңгейде атқарылуда

0
127

Оңтүстік Қазақстан облысы аймақтық коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Ұлт жоспарындағы өзі жетекшілік ететін салалар бойынша баяндаған Қайрат Ырзақұлұлы бірқатар жүйеленген жұмыс­тардың барысымен бөлісті. Мәселен, реформаның 30-қада­мы аясында жергілікті поли­ция қызметі құрылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін велополиция мен жол қауіпсіздігіне жауапты әуе бақылауы жұмысын бастаған. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің жұмысын жүйелеу үшін 8 701 0130102 WhatsApp сервисі іске қосылып, ортақ қауіпсіздікті сақтауға қала тұрғындары да атсалысуда. Мәселен, соңғы үш күнде аталған қызмет түрі арқылы 42 өтініш келіп түскен.
«Ұлт жоспарындағы 76-қадам – білім саласы бойынша өткен жылдан бастап Шымкенттегі білім саласына жаңа жүйелер енгізіліп, білім ошақтарына электронды басқару ақпараттық-бағдарламалық кешені енгізілуде. Сонымен бірге, қала мектептерінің директорларын тағайындау ашық жүргізіліп, 5 мектептің басшысы осы конкурс негізінде тағайындалды. Мұнан бөлек, білім беру мекемелерінде «қамқоршылық кеңесі» құрылып, түрлі көмек­тер бойынша жұмысын бастаса, қаладағы 37 мектеп танымал оқыту әдістемесі – «Сындарлы оқыту теориясының» оқу сапасына әсерімен танысу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерімен тәжірибе алмасу және педагогикалық қауымдастық құру мақсатында меморандум түзді», – деді қала әкімінің орын­басары.
Баспасөз жиынында Қайрат Нұртай «100 нақты қадамның» 99-қадамы қоғамдық кеңестер құру бойынша да жұмыстардың жүргізілгенін баяндап, таяу­да оның мүшелеріне қала бас­шы­сының атқарылған жұмыстар бойынша есеп бергенін жеткізді. Елбасының Ұлт жоспарына қойған басты мәсе­лесі – үш тұғырлы тілге көшу аясында да айтып берген Қ.Ырзақұл­ұлы Шымкенттегі ересек тұрғындардың 87,3 пайызы мемлекеттік тілді, 79,8 пайызы қазақ және орыс тілдерін, 15 пайызы қазақ, орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілін меңгергенін хабарлады. Сондай-ақ, спорттағы жасалып жатқан жұмыстарды да жеткізген әкім орынбасары барлық істердің Мемлекет басшысының саясатының аясында жүріп жатқанын айтты.

Жауап қалдыру