Дүниежүзілік экономикалық форум басталды

0
263

Кәрім Мәсімов форумға қатысу үшін Швейцарияға келді
Швейцарияда кеше 45-Дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Оған Қазақстан атынан ҚР Премьер-Министрі Кә­рім Мәсімов қатысуда. Сапар ауқымында Қазақстан үкімет басшысы бірқатар мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және ірі шетелдік компаниялардың басшыларымен кез­де­су­лері жоспарланған. Іссаапар бағдарламасына сәйкес Кә­рім Мә­сімов Руанда Республикасының Президенті Пол Кагам­мен кездесті, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ын­ты­мақ­тастықты дамыту мәселелері тал­қы­ланды.
Бұл әйгілі экономикалық форумға 40 мемлекеттің басшылары мен 2500-ден астам делегат жаһандағы жұмыссыздық пен қаржы дағдарысы сынды түйт­кілдерді шешу жолдарын қарастыруда. Бұл жолғы форумда мемлекет басшыларының шешімін күтіп тұрған жаңа мәселелер аз емес. Басты назарда Еуропа орталық банкіндегі өзгерістер мен әлемдік на­рық­тағы мұнай бағасының құл­дырауы болып отыр. Саясаткерлер форумда алдағы он жыл­ға арналған жалпыәлемдік гео­саясатқа қатысты тұщымды пі­кір­лер мен тиімді ұсыныстар айтылатынына сенеді.
«Әлемдегі жаһандық жағ­дай­ды жақ­сарту үшін жиналып отырмыз. Бұл форум­да Еуро­па­да­ғы ахуал, Таяу Шы­ғыс пен Сол­түс­тік Афри­ка­да­ғы жағдай тал­қы­ланатын болады. Сонымен қатар дамушы ел­дер­дің қа­та­рын­дағы Қытай мен қа­зір­гі Аме­ри­каның алпауыт экономикасы басты назарда бол­мақ», – де­ді форум басшысы Филипп Реслер.
Дүниежүзілік экономика­лық фо­румның негізін қалаушы Клаус Швабтың айтуынша, әлем­дік эко­но­ми­каның дамуына әсер ете­тін Қытай экономикасы, сонымен қа­тар урбанизация мә­се­л­есі тал­қы­ла­на­ды. Мә­се­лен, жер шарының 50%-дан астам хал­қы қалаларда өмір сү­ре­ді. Кли­мат­тың өз­ге­руі, қар­жы на­ры­ғын­дағы тұ­рақ­сыз­дық сияқ­ты көкейтесті мә­се­ле­лер Давоста ортаға салынатын бола­ды. Жұмыс­сыз­дық мә­се­ле­сі де бұл жиыннан тыс қал­май­ды. БҰҰ-ның мәліметі бойынша қа­зір­гі таңда әлемде 201 млн адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Ұйым 2019 жылы олар­дың саны 212 млн адамға жетеді, деп болжам жасайды. Сондай-ақ, әлемде қауіп төндіру мәсе­ле­сі бойынша екінші орында тұр­ған жа­һандағы су тапшылығы мен жұқ­па­лы аурулардан ары­лу­дың ше­шімін іздейді.
Сонымен қатар, бұл кездесуден кейін адамзаттың ал­да­ғы өмірі қалай болатыны анық­та­лады. Әлем экономикасы қиын ке­зеңді бастан өткергелі отыр. Әрине, бұл жағдай осы жыл­ғы форумдағы кездесуде қа­ты­су­шылардың барлығына да өз әсерін тигізбей қоймайды. Форум сенбі күніне дейін жал­ға­са­ды. Төрт күн ішінде өнер­кәсіп, қаржы, ғылым, инновация саласындағы өсім мен тұ­рақ­тылық және ын­ты­мақ­тас­тық жайында делегаттар арасында 280-нен астам ресми кездесулер өтеді.
Айта кету керек, биылғы форумды ұйымдастыру үшін қы­руар қаржы жұмсалды. Оған жуырда франк бағамының күрт өсуі себеп болды. Ал жуырда Парижде лаңкестік әре­кет­тен оннан астам адам қаза тап­қан­нан кейін форум барысында Давоста қоғамдық қауіпсіз­дік бұ­рын­ғыдан да күшейтіле түс­ті. Қа­ла­да­ғы тәртіпті сақтау үшін 4500 адам жұмылды­рыл­ды. Себе­бі жыл сайын өте­тін фо­рум­ның қорытындысымен ке­ліс­пей­тін халық ереуілге шы­ғу­ды әдет­ке айналдырған.

Жауап қалдыру