Бұрса саммиті спорттағы соны тақырыпты талқы етті

0
129

«Спортта зорлық-зомбылыққа жол жоқ». Дәл осындай тақырыппен жуырда Түркияның Бұрса қаласында түркі елдерінен жиналған журналистер Туризм және спорт саммитін өткізді. Анадолы Спорт журналистері ассоциациясы ұйытқы болған шараға қазақ журналистері де қатысуға мүмкіндік алды.                                                                 Ханчерли медресесі Мәдениет орталығында өткен саммитке жерлестерімізден бөлек Түркия Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей, Бельгия, Германия, Франция сияқты елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.                                 Саммитке Бұрса қаласының әкімі Алинұр Акташ, Йылдырым ауданының әкімі Исмаил Хаккы, Нилюфер ауданы әкімінің орынбасары Фырат Эмироғлұ, Сауда биржасының Мәжіліс басшысы Мехмет Айдын арнай келді.                                                 Туризм және спорт саммиті үш отырысты қамтыды. Алғашқы отырыста қатысушылар «Спортта зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктің алдын алу» мәселенін талқыға салды. Ұлыдағ университеті Спорт факультетінің профессорлары Сүлейман Шахин мен Еркут Туткун, Манисадағы Джелал Байар университеті Спорт факультетінің профессоры Реджеп Дженгиз спорттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шарттары отбасындағы тәрбиеден басталатынын, мектептерде білім беру барысында оқытушылар тарапынан балалар мен жастарға қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық, қиянат жасаудың адами қағидаларға жатпайтынын үйрету керектігіне тоқталды.                                                     Екінші отырыста «Спорт басылымдарында көтерілген мәселелердің құзырлы органдарға ықпалы» сөз болды. Пікір білдірушілер мақала жазған не сұхбат алған журналистің зорлық-зомбылықты насихаттауға абай болуымен қатар спорт клубтарының жетекшілері де дәл осы мәселеге жауапты екендігін айтты. Өйткені спорт ойындарында, әсіресе, футболда бәсекелес ойыншыларды ойын алаңынан аластау үшін кейде қасақана зиян келтіру, итеріп жіберу, шалып жығу не аяғынан тебу сияқты тәсілдер жиі қолданылады. Мұндайдың соңы кейде футболшының сүйікті ісімен мүлде қош айтысуына әкеп соғатыны жасырын емес. Осыны алға тартқан БАҚ өкілдері «спорт клубтарының тәртіп бұзған ойыншысымен қатар жаттықтырушысы да жауап беруі тиіс» деді.                                                                                                                                 «Туризм мен спорттың байланысы және спорттық шаралардың туризмде алатын орны» тақырыбындағы үшінші отырыста кез келген елді халықаралық деңгейде танытуға сеп болатын спортқа барынша көңіл бөлінуі керектігі талқыланды. Мәселен, орта мектеп оқушылары географияны жақсы білмесе де, қалалардың атынан құрылған футбол командаларын жақсы біледі. Футболшылардың ойынына сүйсінген әрбір жас пен кәрі міндетті түрде интернет арқылы футболшы мен оның туған жері туралы ақпарат жинайды, өзгелерге насихаттайды. Бұл туризмнің дамуына сеп болары анық.

Осындай өзекті мәселер көтерілген саммит соңы әріптестік кездесулерге ұласты. Түркітілдес журналистер қоры атынан ресми билік өкілдеріне шапан жауып, қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны тарту етті. Сыйлыққа дән риза болған Бұрса қаласының әкімі мұндай құрметке алғаш бөленгенін және бұл сыйлықтар жұмыс кабинетінің ең сыйлы жеріне орналастыратынын айтып, алғысын білдірді.

 

                                                                                                    Альбина ТУЛАКОВА,                                                                                                                            «P&H»

 

Жауап қалдыру