Қажығұмар Шабданұлы дүниеден озды

0
27

Қытайдағы Шынжаң ұй­ғыр автономиялы ауда­ны­нан жеткен дерек­тер­ге қарағанда 15-ақпан күні  Қытайдағы қазақ қаламгері Қажығұмар Шаб­данұлы 86 жасында Шә­уе­шектегі өз үйінде ұзаққа созыл­ған ауыр науқастан дүние салған.

1932 жылы жеті жасында Голощекин ашаршылығы ке­зінде жұртпен бірге шекара асып, Қытай жеріне өткен ол Шәуешек қаласында тұ­рақтайды. 50-жылдардың со­ңына қарай Қытайда бас­тал­ған мәдени төңкеріс нау­қаны кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, саяси тұтқын ре­тінде сотталып, Такламакан шө­ліндегі Тарым түрмесінде 20 жыл жатады. Одан шыққаннан кейін Кеңестер Одағының тыңшысы деген жаламен Үрімші түрмесінде тағы 15 жылын өткізді.

Өмірінің 40 жылдай уақы­тын абақтыда өткізген тағды­ры ауыр жазушы Қытай Ха­лық Республикасында «саяси қылмыскер» атанды. Осынша ауыр тағдырын суреттейтін, бүгінде халық арасында кең таралған 6 томдық «Қылмыс» романын жазып шыққан еді. Бұл шығарманы өткен жылы мемлекеттік сыйлыққа ұсыну жөнінде бастамалар болғанымен қазақстандық тараптағы түрлі кедергілер оған мүмкіндік бермеді.

Қазақ тілді жаңа интернет-газет ашылды

Қазақ тілді интернет басылымдардың қатары тағы бір қазақ тілді ин­тер­нет-газетпен толық­ты. Енді www.7kun.kz деп аталатын жаңа ин­тернет-басылым іске қосылды.

Ғаламтор басылымның бас редакторы Ербол Албан­ның айтуынша,  басылымды ашу интернет саласының  қа­жеттілігіне орай туындаған. «Қазіргі таңда әлемде ин­тернеттену үрдісі қатты қар­қынмен жүргізілуде. Бұл үр­дістен Қазақстан да қалып отырған жоқ. Еліміз­де жыл санап ғаламтор пайдалану­шылардың саны артып отыр. Мысалы, 2010 жылдың соңын­да 4,3 млн адамды немесе еліміздің тұрғындарының 26,5 пайызын құрады. Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының басым бөлігінің интернетке қосыла алмай отырғандығын, болашақта олардың қосылу мүмкіндігін ескерсек, алдағы уақытта оны пайдаланушылар саны артады. Сондықтан ин­тернет-басылымдар, оның ішінде қазақ тілді сайттар өте керек. Бұл қазіргі таңда Елбасының да, Үкіметтің де ұстанып отырған саясат­тарының бірі», –дейді ол.

Сонымен қатар, бас ре­дактор жақын күндері шоу-бизнес, мәдениет саласына арналған «демалыс.kz» ақпа­раттық, танымдық порталын іске қосуды жоспарлап отыр­ғандарын жеткізді.

Beeline 3G ауылға да жетті

14-ақпанда Алматыда «КаР-Тел» ЖШС-нің Бас дирек­торы Анатолий Попов жур­налистермен кез­десу кезінде енді 3G тех­но­логиясы алыс елді ме­кен тұрғындарына да қолжетімді болатынын айтты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қаскелең, Фабрикалық, Шелек, Шиелі, Жалағаш, Жаңақорған, Белбұлақ және Мерке ауылдары 3G стандарт­ты желісімен қамтылған. «Енді жыл соңына дейін Beeline үшінші буын байланысы желісін басқа да ірі елді мекендерде құруды жоспарлап отыр. Негізінен, шағын қалалар мен елді мекендерде сапалы қызмет көрсету – біздің 2011 жылға арналған жоспарлы жұмыстарымыздың басымды бағыттарының бірі», – дейді Анатолий Попов.

Оның пікірінше,  3G желісі бизнес саласын жүргізуге тиімді жағдай жасап, ауыл тұрғындарының өмірлерін жақсы қалыпқа келтіріп, елді-мекен аймақтарының экономикалық дамуына тың серпін бермек.

“Астана Медиа Пресс”

Жауап қалдыру