Қазақстандық топ АҚШ-та концерт береді

0
83

Moldanazar тобы өзінің көптен күткен жаңа альбомының тұсау­кесері аясында және қазақ­стандық эстрада өнер нарығының тарихында алғашқы топ болып, АҚШ-тың төрт ірі қаласына (Нью-Йорк, Чикаго, Хьюстон және Лос-Анджелес) ресми турне жасайды. Бұл туралы «Bridge.entertainment» концерт ұйымдастырушысының Instagram парақшасында жария­ланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлеуметтік желідегі Facebook-тің кейбір тобында қызықты сауалнама жүргізілген. Ол жерде қолданушылардың «АҚШ-та жеке концерт беруге лайықты «Ең үздік отандық әртіс» тақырыбында дауыс беруі бойынша жеңімпаз анықталды.
Нәтижесінде дауыс беруге қа­тыс­қандардың барлығы жеңіске ла­йықты деп «Moldanazar» тобын таң­да­ды.
Отандық шоу-бизнесте ерекше орны бар, талантты жас әнші, композитор Ғалымжан Молданазар өзінің бірегей әрі тек туған тілімізде жазылған туындыларымен Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танылып үлгерген музыкант. Оның ойлап тапқан қазақтілді синти-поп және фанк стилі – музыка әлеміндегі жаңашылдық.
Қазір Ғалымжан «Moldanazar» тобымен жұмыс жасап, жаңа әндерімен қуантып жатыр.
Тарихи шоудың жүргізушісі – әзілқой-стендапер Ілияс Жапаров және ТМД-дағы танымал блогер­лердің бірі, қырғызстандық Эльдана Сатыбалдиева (Eldana Foureyes) болады деп жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл АҚШ-тағы қазақ диаспорасы үшін тарихтағы ең үлкен музыкалық шоу болады.

Мария АЙДАРБАЕВА

Жауап қалдыру