Қасым Жәкібаевқа ескерткіш тақта орнатылды

0
191

Үстіміздегі жылғы 3-қазанда Саин мен Райымбек батыр даңғыл­дарының қиылысындағы үйдің қабырғасына  Алмат­ы қа­­ла­сы әкімдігінің және Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ба­ла­­лар мен жасөспірімдер театры­ның ұйымдастыруымен, Қа­зақ­­стан­ның халық артисі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Бас Тарлан» сыйлығының иегері Қасым Әбекұлы Жәкі­баевтың құрметіне мемо­риал­дық ескерткіш тақта орнату салта­наты өтті.
Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алма­ты облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентінде дүниеге келген. Ол 1944-48 жылдары Алматы театр-көркемсурет учи­ли­щесінде оқыған. Жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірін (1948-84 ж) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнап, қазақ театр өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан дара талант иесі болды.
1984-94 жылдары «Қазақ­фильм» киностудиясында актер болып қызмет істеді. 1994 жылдан өмірінің ақырына дейін, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актерлық қызмет еткен. Осы театрда алғашқы ойнаған рөлі: А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі мысық Ба­зилио (1948). Өнерсүйер қауым­ның жүрегіне жол тапқан отандық, шетелдік қойылымдар қатарында ол сомдаған Сарман, Жақай (М.Ақынжановтың «Алтын сақа» мен «Ыбырай Алтынсаринінде»), Полонии (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вур­ле (Ф.Шиллердің «Зұ­лымдық пен махаббатынд»), Қай­рақбай (С.Мұқановтың «Мөл­дір махаб­батында»), Бү­кір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирай­дысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұл­пан-Есенейінде»), Шың­ғыс хан (Ш.Айтматов, М.Шаха­новтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында»), т.б.
Тума дарын – театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдаған.  Қасым Жәкібаев сахна өнері үшін туғандай. Сахнагердің бойындағы шебер­ліктің тағы бір ерекшелігі – оның суырып-салмалылық (импровизация) өнерін жете меңгергендігі еді. Қайталана беретін сахналық әдіспен көрермендерді де, әріптестерін де, тіпті өзін де жалықтырып алмаудың амал-тәсілін іздеумен болды.
Жәкібаев кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат станциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөл­дері — кино өнері тарихында қалды.
1966 жылы  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атанса, 1996 жылы Қазақстанның халық артисі атағын алған.
Мемориалдық тақтаны ашу рә­сі­мі­не Астана және Ал­ма­­ты қала­ларынан зиялы қауым өкілдері және Қасым Әбек­ұлы­ның әріптестері мен туған-туысқандары қатысты.

Гүлназ ТЕМЕНОВА.

Жауап қалдыру