Андерс әскері – Үміт Жолы

0
72

26 көкек күні ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Польша Рес­публикасының Бас Консул­дығы­ның ұйымдас­тыруымен Польша егемендігінің жүз жылдық ме­рейтойына орай «Андерс әскері – Үміт Жолы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті.
Аталмыш іс-шараға Польша республикасының Бас елшісі келіп, бүгінде қазақ жерінде тұратын 40 мың поляктардың тұрмыс-тіршілігі үшін Қазақстан Республикасының президентіне алғысын айтып, сонау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының поляктарға демеу болғанына ризашы­лығын білдірді. Бұл жиынға Польша елінен Қазақстандағы туысқан­дарын іздеп келушілер де болды.

ІІ жаһан соғыс кезінде жер ау­дарыл­ған поляктардың тағдыр тауқыметі аз болмады. Сол жылдары қазақ жеріне жер аударылып келген поляктардың ұрпақтары бүгінде қа­зақ­тармен тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Көрмеге Андерс әскерінің құры­луынан бастап, Риббентроп-Молотов пактіне қол қойылғаннан кейінгі кезең мен 1939 жылы қыркүйек айын­да басталған ІІ жаһан соғысы жылдарында КСРО шекарасында қа­лып қойған поляктардың тағдыр жо­лын баяндайтын құнды жәдігерлер қойылды.
Андерс әскері арқылы поляктар Польша тәуелсіздігі үшін соғысу мүмкін­дігіне қол жеткізді. Өкінішке қа­рай, қаза тапқандар санының көп­тігі мен күш-қуаттың әлсіздігіне бай­ла­­­ныс­ты поляктардың басым бөлігі туған еліне қайта алмады. ІІ жаһан соғысынан кейін Польша КСРО қара­ма­ғына енді.
Көрме «Депортацияланғандар» экспозициясымен толықтырылды. Қазақстандағы поляктардың тарихи фотосуреттері, әртүрлі тұрмыстық құралдары мен қолөнер бұйымдары поляк халқының этнографиясының бай екендігін көрсетеді.

Альбина ТУЛАКОВА,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру