Алматыдан Алакөлге ұшақ қатынайды

0
67

Енді алматылықтар да еліміздегі ең танымал туристік орындардың бірі Алакөлге ұшақпен жете алады. Кеше Алматы әуежайынан Үшаралға алғашқы рейс көкке көтерілді. Ұшақтар аптасына бес рет қатынайтын болады, деп ха­бар­лайды ҚазАқпарат тіл­шісі.
«Алматы – Үшарал – Алматы бағытында ұшақтар дүйсенбі мен сенбі күндері ғана қатынамайды. Билеттің бір бағытқа құны 10 мың теңге. Сонымен қатар, «Жетісу» әуекомпаниясы Талдықорған – Үшарал бағытындағы ұшақтарды іске қосады. Оның уақытын қосымша хабарлайтын боламыз. Жалпы көлдегі туристік маусым жаз айының алғашқы күнінен басталады. Қазір демалыс орындары туристерді қабылдауға толықтай дайын», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Айта кету керек, былтыр 21 шілде күні Үшаралдағы әуежай іске қосылған болатын. Бұған дейін әуе рейсі Астана – Үшарал, Талдықорған – Үшарал бағыттары бойынша қатынады. Жалпы әуежай Алакөл жағалауынан 86 шақырым жерде орналасқан. Биыл Алматы облысындағы айдынды Алакөлге 1 миллионнан аса турист келетіні күтілуде.

Самал ҚАБЫШЕВА

Жауап қалдыру