140 кәсіпорын «Сенім сертификатының» иегері болды

0
85

2017 жылы өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары және жұмысқа орналасу бойынша әкімдіктер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың арасында өзара серіктестік туралы 115 мыңнан астам меморандум жасалды. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде айтылған.
«Биыл, 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,6 мың ірі өн­діріс орны және 113,5 мың орта және шағын кәсіпорын­дар­мен меморандум жасалды. Тараптар аталған міндет­темелерді орындау кезінде еңбеккерлер үшін 2,8 млн жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. 140 кәсіпорын «Сенім сертификатының» иегері болды», – делінген ведомствоның хабарламасында.
Еске сала кетейік, жұмыс берушілерге еңбек заңнама­сының талаптарына сәйкес, Декларация қағидалары негі­зінде сенім сертификаттары беріледі. Мұндай куәлікті алғандарға үш жыл ішінде тексеріс жүргізілмейді. 2018 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Сенім сертификатына» ие болған кәсіпорындар саны өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, олардың қатары 140-қа жетті. Бұл кәсіпорындарда үш жыл бойы ішінара және бақылаудың өзге түрлері жүргізілмейді.

Жауап қалдыру