Білім берудің жаңа көкжиегі

0
58

Ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінен бастап білім беру саласы біз үшін маңызды болып отыр. Білім мен ғылымды терең игерген ел ғана әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алады. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қазақстандық білімді халықаралық стандарттарға жақындату, сәйкестендіру жолында қаншама тер төгілді десеңізші.

Бақтияр СМАНОВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

педагогика ғылымдарының докторы,

  профессор

Елбасының биылғы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабі­лет­тілік» тақы­рыбындағы Жол­дауы білім саласына үл­кен маңыз береді. Қазақстан дамуы­ның үшінші кезеңінде елдің жаһандық бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз ететін эко­но­­ми­калық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру қажеттігі туындап отырса, экономикамен қатар оның негізгі тірегі болып табылатын адами капитал сапасын жақсарту, мұның ішінде білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту мәселесі сөз болғаны осы ойымның дәлелі. «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына ай­налдыру», – деген Елбасы оқыту бағдарламаларын, оқу­шының сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағ­ды­л­арын дамытуға бағыттау қажет­тігін, ақпараттық-комму­ни­кативтік технологияға негізделген білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылық қасиетті да­мы­туға баса көңіл бөлу керекті­гін атап көрсетті.
Шын мәнінде ақпараттық-коммуникативтік біліммен қаруланған өз елін сүйетін ұлт­жанды, шынайы патриот ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болаша­ғының кепілі. Өйткені, жалпы білім беретін мектептер алдағы уақытта ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуі керек.
Жолдаудың білім саласына қатысты тарауында үш тілді оқытуға да кезең-кезеңмен көшу мәселесі сөз болды. «Қа­зақ тілінің басымдығы сақ­талады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз»,– деген Елбасы үштілділік мәселесін тағы да назарға салады.
Әрине, мектепте жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін ағылшын тілін ғана емес, сол пәнді (мысалы, математика, физика, информатика, химия және т.б. пәндерді) жетік меңгерген маман мұғалім қажет екені айдан анық. Сондықтан біз қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ел Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Тіл­дердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын өзінің ұзақ мерзімді стратегиясы етіп алды. Бізде осыдан төрт жыл бұрын Көптілді білім беру институты ашылған еді. Жаңа оқу жылынан бастап ол «Филология және Көптілді білім беру институты» болып қайта құрылды. Мұнда басқа тілдермен қатар ағылшын тіліне басымдық беріліп, осы тілде сабақ өтетін мұғалімдер даярлануда. Университет бойынша кәсіби әлеуеті жоғары 50-ден астам оқытушы-профессор көптілді маман дайындауға қызмет етіп жүр. Олар студенттерге ағылшын тілін General English – B1 және В2 деңгейінде оқытуда. Универ­ситетте ағылшын тілінде білім алып жатқан топтар 2012-2013 оқу жылында 19 болса, үстіміздегі оқу жылында 40-тан асты. Бүгінде құқықтану мамандығында 5 пән, тарихта 2 пән, география­да 3 пән, халықаралық қаты­нас­тар мамандығында 19 пән, халықаралық құқықта 4 пән ағылшын тілінде оқытылады. Физика, математика, информатика, педагогика және психо­логия мамандықтарында да бір­неше пән ағылшын тілінде игері­луде. Өткен жылы математика, физика, педагогика және психология пәндерінен ағыл­­шынша дәріс беретін мұға­лімдердің алғашқы легін шығарып үлгердік. Бұл іс, Жолдау талаптарына сәйкес, бұдан былай жаңа арна тартатыны сөзсіз.
Жолдау жоғары білім бе-ру жүйесіндегі білім сапасы­на, оқу орындарының кадр­­­лық құра­мына, материал­дық-тех­никалық жаб­дық­талуына және білім беру бағдар­лама­ларына ерекше көңіл бөлу керектігін атап көрсетті. Осыған орай ай­тарым: біздің университетте шетелдік ең беделді универ­­ситеттердің, Назарбаев универ­ситетінің профессорларымен бірге соңғы 4-5 жылдан бері 55 білім беру бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарламалар бүгінгі заман талаптарына толық жауап береді деп бағаланды. Білім бағдарламаларын жаңа­рту, оқу­лықтармен, оқу-әдіс­те­мелік құ­рал­дармен қамтамасыз ету жұ­мысы одан әрі жалғастырылуда.
Білім беру сапасы бізде үнемі басты назарда. Білім ордасы әлемдегі 55 мемлекеттің 120 белді университетімен әріптестік байланыс орнату, олармен студенттер, профес­сор-оқытушылар алмасу, сабақ үдерісіне үздік технология­ларды, академиялық ұтқыр­лық бағ­дарламасын енгізу нәти­жесінде жақсы көрсет­кіштерге қол жеткізіп отыр. Бүгінде Елбасы Жолдауынан туындайтын  міндеттерді жүзеге асыру үшін университет ұжымы нақты іс-шаралар жоспарын белгілеп, жүзеге асыруда.

Жауап қалдыру