Жаны нәзік, жүрегі дархан еді

0
295

Адам жасқа жас қосқан сайын өткенге жиі ой жүгіртіп, өмірін електен өткізіп, бір жасап қалатыны да бар. Осындай сәттерде көз алдыңа үлкендердің жарқын бейнесі тұра қалатыны және бар. Солардың ішінде кішінің ақылшысы, арқа сүйер ағасы болған, үлкенге құрмет көрсетіп, еліне қалтқысыз қызмет қылған ақын әрі жазушы Рахметолла Нұрпейісовті ерекше атап өткен жөн.
Келбеті қандай келісті болса, адамға деген пейілі мен мейірімі мол, мінезі де сондай жайдарлы, бауырмал, бір көрген адамды өзіне еріксіз тартып алатын қасиеттері де көп болды.
Ақын ағамыз жазиралы Жаркент өңірінде дүниеге келген. Алматы қаласында қызмет істеп жүрген жылдары «Панфилов ауданынан бір бала оқуға түсіпті» дегенді құлағы шалса, ол жөнінде тынбай сұрастырып, оны оқу орнына әдейілеп іздеп барып, танысып қайтатын әдеті болатын. Әке-шешесін білетінін айтып, көңіл қошын білдірер еді. Кетерінде қолын қалтасына сұғып жіберіп: «Айналайын! Оқу оңай емес. Алғашқы сессияңды тапсырсаң ары қарай өзі жалғасып кете береді. Оқуыңды жақсы оқы. Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Мынаған тамақ алып іш» деп тиын-тебен ұсынатын еді-ау! Бұл естен кетер ме? Бізде осындай сәттерде ол кісімен әңгімелесіп, айтқан ақылын тыңдап, шалғай ауылдағы ата-анамызды көргендей, бір масайрап қалар едік.
Ақын-жазушы Рахметолл­а Нұрпейісов 1927 жылы 5 жел­тоқсанда Алматы облысы Пан­филов ауданындағы Қо­ңырө­лең ауылының жоғарғы сағасындағы Қарақол аталатын жерде дүниеге келген. Ескілердің айтуы бойынша әкесі Нұрпейіс ақсақал ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген ұста, өрімші, сол аймаққа белгілі адам болған. Шебер адам өнерден де қаражаяу болмаған екен. Домбыра тартып, әуелетіп ән салған деседі. Рахметолла ағамыз еңбекке ерте араласып, өмір жолын 1942 жылы кеңшарда жұмысшы болып бас­тады. Бұл Ұлы Отан соғы­сының нағыз қызған шағы еді. Соғысқа ерлер аттанғанда буыны бекімеген жеткіншек жеңісті жақындату жолында әйелдермен бірге мал бағып, егін салысты. Ерте ер жетті. Содан кейін Панфилов педагогикалық училищесін тәмәмдады. Талапты жас өз білімін жетілдіру мақсатымен Алматы қаласына жол тартты. 1953 жылы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетін (қазіргі әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университеті) филолог маман­дығы бойынша бітіріп шығады.
Шығармашылыққа аса бе­йім, қаламының желі бар ол ұстаздықтан гөрі журналистиканы таңдады. Қатарынан 17 жыл бойы «Қазақстан пионері», «Теміржолшы – «Турксиб», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеп, қарапайым тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі жолдарынан өтті.
Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, Қазақ радиосында редактор, Қазақ ССР Мем­лекеттік телерадио комите­тінде бас редактор болды. Сол кезде Қазақ радиосынан үз­діксіз берілетін «Ұшқын», «Шалқар» және «Ауыл өмірі» бағ­­дарламаларының сапалы әрі көр­кемді болуына зор үлес қос­ты.
Журналистика саласында еңбек ете жүріп Р.Нұрпейісов қаламын қолынан тастамай, өлең, дастандар, очерктер жазды. Әдебиет саласында көп ізденді. Оқыды. Әсіресе, әлем әдебиетіне бой ұрды. Осы­нау қа­жымай-талмай еңбек­қор­лы­ғының арқа­сында қаламы тө­селіп, батыс, жапон қалам­гер­лерінің шығарма­ларымен терең танысты. Білетініміз, әсіре­се, жапон жазушыларының монологтық сарындағы ең­бектерін жоғары бағалайтын еді. Қазақстан Жазушылар және Жур­налистер одақтарының мү­шелігіне өтті.
1970 жылдан кейін Алматы облыстық партия комитетінде сектор меңгерушісі, үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызмет­терін мінсіз атқарды. Ел құр­метіне бөленді. Алматы қа­лалық кеңесінің депутаты, Қа­зақ­стан Жазушылар одағы бас­қармасының мүшесі болды.
Бүгін ойлап отырсақ, ардақты ағамыз қызмет пен шығармашылықтың арасын үз­бей, тізгінді тең ұстап, екеуін де қатар алып жүрген екен. Ақпейіл ақын ағамыздың 1962 жылы «Туған өлкем» атты алғашқы жыр жинағы шықты. Бұл қаламгер үшін үлкен жол ашар болды десек, артық айтқандық болмас. Одан кейін, 1969 жылы «Аққу қаздар», 1971 жылы «Гүлдер-гүлдер», 1972 жылы «Қапшағай», 1974 жылы «Қоңырөлең», 1976 жылы «Мейірім», 1978 жылы «Туған өлке әуендері», 1979 жылы «Жай толқын», 1985 жылы «Сал самал» және 1988 жылы «Думанды мекен» атты жыр жинақтары жарық көрді. Оқырмандар назарына ұсынған кез келген жинағында ақын өзі туып-өскен мекені Жетісудың баға жетпес сұлу табиғатын көркем тілмен сипаттай отырып, достық пен адамгершілікті жыр-өлеңдеріне арқау етеді. Сонымен бірге, поэзиялық шығармаларға өмірдің шынайы сәттері, кейбір сырлары мен уақыт тынысы өзек болды. Ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның поэзияның әлеуметтік нысанасын берік ұстағандығын аңғаруға болады.
Алматы облысының жай-жапсарын терең білетін ағамыз жер жәннаты – Жетісу туралы әңгіме бола қалса, құлақ түріп, зер сала тыңдап, жетістігіне шаттанып, мерейі өсіп қалатын. Ал, бірді-екілі айтылған сынға «Ойпырай, қалай болды екен? Ол мүмкін емес» деп ара түсетін. Әсем қаланың сыртына шығып, бір сәт демалғанды ұнататын, ақын ағамыз. Көктөбеге шығып: «Қызметтің арқасында талай жерде болдым ғой. Соның ішінде жерұйық Жетісуға жететін мекен жоқ-ау!» деуші еді, жарықтық.
Әлі есімде, 1962 жылдың жайдары жазында Рахметолла ағамыз жанына сол кездегі қазақ радиосының редакторы Мадрид Рысбеков пен Еренғайып ағамызды (көп жылдар өтті ғой сол ардақты ағаның фамилиясы есімде қалмапты) ертіп атақты табиғаты тамылжыған «Белжайлауға» келді. Қонақ болып келген үш замандас таңертең атқа мініп, тау аралайды. Сылдырай аққан бұлақ басында отырып, әңгіме дүкен құрады. Бар дауыстармен шыр­қап ән салады. Тік тұрған қалпы қолдарын сермеп, шабыттана өлеңдерін оқиды. Майда беткейлерден қойбүлдірген тереді. Сонау «Сымтастан» «Үйгентасқа» дейінгі аралықта керіле жатқан бетегелі жазыққа шығып, жарысады. Оларға еріп жүру бізге де таңсық. Жалықпаймыз. Әндерін естіп, әңгімесін тыңдаймыз. Бүгінгі күні ойлап қарасақ, ағамыз сол кезде шабыттың шексіз шалқарында жүрген екен деп түйіндейміз.
Өзінің екінші жыр жинағын «Қапшағай» деп атаған ақын жетпісінші жылдары бой көтере бастаған Қапшағай қаласының құрметіне арнаған. Ақын жүрек алып ұшып, Қапшағайға келіп, оның жағасында серуендеуді ұнатушы еді. Бірде қалаға атбасын бұрған ағамыз сол кездегі Қапшағай қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахан Қойшымановпен бірге теңіз жағалауын ұзақ аралап, қаланың болашағы туралы сыр алысқан еді. Атқарылған жұмыстармен танысып, көңілі жайланғаннан кейін жаймашуақ толқып жатқан теңізге қарап тұрып: «Адамның қолынан не келмейді? Тауды жарып, тас қашап, кермиық дала төсін өмірдің нәрі – суға толт­дырды. Қарашы, су деңгейді анықтайтын сұйық қой. Бірақ, мына теңізге көз салсаң, су беті алыстаған сайын биіктей береді. Көк теңіздегі көп толқын немесе көк толқын» – деген ақын әндете жүріп, машинаға қарай аяңдады. Бұл 1979 жылдың жадыраған жазы еді.
Ақын ағамыздың шабытына шабыт қосқан айтулы оқиғалардың бірі Алматы облысында суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында салынған Бартоғай бөгені еді. Оның маңызына терең бойлай отырып: «Қарашы, Бартоғайдың суы төрт-бес ауданды жарылқайды. Тіршілік эшелоны сияқты. Керемет емес пе? Сондықтан оны насихаттауды тұрақты жүргізу керек» деп, ақыл қосатын. Сол кездегі «Жетісу» газетінің бас редакторы, қарымды қаламгер Пернебек Бейсенов ағамызбен жиі ақылдасып отырар еді.
Рахметолла Нұрпейісов ау­дарма саласына да көп еңбек сіңірді. Бұл бағыттағы қада­мы өте сәтті шықты. Ол – Н.Тихонов, В.Маяковский, А.Бар­то, М.Сергеев, Н. Полякова өлеңдерін, орыс және армян поэ­зиясының антологиясын, Фаиз Ахмад Фаиздың «Шығыс саздары» кітабын аударуға атсалысқан әмбебап ақын.
Жаны нәзік, жүрегі дархан ақынның өнер адамдарына деген ілтипаты ерекше еді. Олармен жиі жүздесіп, пікір алмасып отыратын. Әсіресе, қазақтың ұлттық өнерінің марқасы Нұр­ғиса Тілендиев ағамызбен шы­ғар­машылық байланыста болды. Дарын иесінің тереңнен сыр тартқан өлеңдері әсем әуенге сұранып тұратын. Мыса­лы, ақынның «Соға кет» деген өлеңіне Қазақстан Рес­пуб­ликасының халық әртісі Дәнеш Рақышев төрт аяғын тең басқан әдемі, сырлы ән жазды. Ұлттық реңкте толы, бояуы қанық ән бүгінгі күнге дейін радио мен теледидардан беріліп тұрады. Қолы қалт еткенде М. Әуезов атындағы драма театры, Жамбыл Жабаев атындағы филармония, «Қазақконцерт» залдарынан табылатын.
Ақын адамның мінезі де қызық қой. Кейде буырқанып, бұрқанып, жарға соққан тол­қын­дай адуынды келеді. Өз айт­қаны болмаса, өзгеге бас бұра бермейді. Ал, кейде көк жайлауда жүргендей мамыражай күй танытады. Бізге сыры қанық ағамыз айтқаны болыңқырамай жатса: «Әй, мынауың көже болып кетіпті ғой!» деп кейіс білдіретін. Діттеген жерінен шықсаң: «Әй, мынауың дұрыс болды-ау, өзі» деп, даусын соза түсіп арқаңнан қағатын әдеті барды. Осы кейпі өзін биіктетіп көрсететін. Түр- тұлғасы мен киім киісі де өзіне жарасып тұратын.
Ақын-жазушы, аудармашы Рахметолла Нұрпейісовтың 70 жылдығы 1997 жылы өзінің кір жуып, кіндік кескен туған жері Панфилов ауданында сол кездегі аудан әкімі Ермұханбет Омаровтың тікелей қолдауымен өткізілген. Аудан басшысының өзі бас болып, ақынның алғашқы білім алған Панфилов педагогикалық колледжінде және Қоңырөлең ауылдық ок­ругінде арнайы кездесулер ұйымдастырып, ақынға ат мін­гізіп, иығына шапан жапқан бо­ла­тын.
Халқына бір кісідей еңбек сіңірген ақынның Лән, Ләнгүл, Ай­жан, Ғани, Дина атты қыз­дары, ұлдары Ерлік пен Ерасыл бүгінде балалы-шағалы.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген екен бұрынғылар. Әрдайым туған жері мен өскен елін жырлаудан жалықпаған Рахметолла Нұрпейсов 2009 жылы 24 наурызда 82 жасында Алматы қаласында дүниеден озды. Егер ақын ағамыз тірі болса, енді санаулы күндерден кейін оның 90 жылдығын тойлар едік. Амал не?
Туған жер – әркімнің бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Кір жуып, кіндік кескен туған жерін жырлаудан жалықпаған ақын ағамызға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың борышы дер едік.
Әрдайым ақынын бауырына тартып жақын болған, өнерлі ұл-қыздарын әспеттеуден алдына жан салмаған Жетісу жұрт­шылығы халқына қалт­қысыз қызмет еткен, жүре­гінің жылуын өрелі өлеңімен өрнек­теген, елінің қуаны­шына шат­танып, кемшініне күйінген та­лантты ақынын еске алып, ар­дақтап, құрмет көрсе­те­тін­ді­гіне сенім зор.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру