Жақсылығы ұмытылмас Жұмабеков

0
258

Бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің 1974-1980 жылдары ректоры болған көрнекті ғалым, тарихшы Жүнісбек Жұма­бековтің осы оқу орнын дамытудағы алатын орны ерекше. Ол өткен ғасырымыздың 70-80 жылдарында қазақстандық ғылым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жоғары оқу орындарының қызметін шебер ұйымдастырушы бола білді. Бүрсүкүні, 9 ақпанда Алматы қалалық әкімшілігінің ұйым­дастыруымен көрнекті тарихшы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылмақ.

Өткен жылы ғана өзінің 90 жылдығын атап өткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті қазіргі таңда бәсекеге қабілетті, заман талабына сай білімді де, білікті мамандарды дайындауда республика бойынша жоғары оқу орындардың алдыңғы қатарында тұр. Оның дәлелі ретінде университеттің QS World University Ranking рейтингі бойынша әлемнің үздік 500 университетінің қатарына еніп, 481 орынды иеленуі. Білім беру сапасы рейтингінде педагогикалық жо­ғары оқу орындары арасында 1-ші орынды иеленіп, педагогикалық мамандық­тарға арналған 28 білім беру бағдарламасы бойынша университет үздік үштікке енді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Франсуа Олландтың Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна Париж Сите университетінің филиалы «Сорбонна-Казахстан» институты ашылып, осы университет құрылымында болуы елеулі оқиға.
Әрине, мұндай жетістіктер­ге университетіміз бірден келген жоқ. Негізі 1928 жы­лы қаланған оқу орнының қалып­тасу тарихында сол кездегі Оқу-ағарту Халық Комиссары болған Ораз Жандосов, алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияровтан бастап, Бәй­мен Алманов, Шәрифолла Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков, Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқа­қов, Асқар Закарин, Мәлік Ғаб­дуллин ізін ХХ ғасырдың 70 жылдарында жалғастырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері Жүнісбек Жұмабекұлы Жұма­беков болды.
Жүнісбек Жұмабекұлы бас­қарған кезеңде Абай атындағы Қазақ педаго­гикалық институты 1978 жылы 12 қазанда КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен педагогикалық мамандарды даяр­лау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстар мен же­тіс­тіктері үшін «Еңбек Қы­зыл Ту» орденімен марапатталды. Сол кезден бастап 1990 жылға дейін «Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институты» деп аталған. Институттың 50 жылдық мерейтойын респуб­ликалық деңгейде атап өтуде ұжымды шебер ұйымдас­тырып, институттың бас ғима­ра­тының жобасын бекітіп, жас мамандарға арнап қазіргі Төле би мен Ш.Уәлиханов көше­лерінің қиылысынан тұрғын үй салып беруге атсалысты. Адал, өз ісіне жан-тәнімен бе­рілген, артына ғылым жо­лындағы көптеген шәкірт­терін қалдырған және барлық іске асқан жауапкершілікпен қарайтын ғалым болған.
Әрбір тарихи тұлғаға баға бергенде оның өмір сүрген кезеңімен, қызмет еткен орта­сымен тығыз байланыста бо­латындығы белгілі. Сон­дықтан да мұндай тұлға­ның бейнесі өзі ғұмыр кешкен қоғамға сіңірген еңбегі­мен таразыланады. Өз зама­нының адал перзенті, өзі өмір сүрген саяси жүйенің көрнекті өкілі, кеңестік ғылымның талаптарына ба­ғынған тарихшы-зерттеуші бол­ған Жүнісбек ағамыз сол кездегі қалыптасқан заман талабына қарамастан 1920-1930 жылдардағы кеңестік аграрлық реформалардың тарихын шынайы зерттеуге атсалысқан болатын. Әрине, оның бәрін өзінің еңбектерінде толық ашық айта алмағанымен, ғылыми еңбектерін саралап қарайтын болсақ, оның батыл тұжырымдарының бүгінгі таңда да өзектілігін жойма­ғанын байқаймыз.
Ол кісінің өмір жолына тоқталсақ, Жұмабеков Жүніс­бек Жұмабекұлы сонау 1927 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Шелек ауданындағы Малыбай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қаңтарбаев Жұмабек ортасына сыйлы, көзі ашық, еті тірі адам болған. Ұжым­дас­тыру кезінде белсенділік танытып, ұжымшарларға бас­­­қарма төрағасы болып бас­­­шылық жасаған. Әке­сі­нің ұжымдастыру кезінде өңір­­­­­де қазақ ауылдарын оты­­­­рық­­­шы­лыққа көшіруге, ұжым­­­­­шарлар құруға белсене ара­­­­ласуы кейін Жүнісбек аға­мыздың болашақтағы ғы­лыми жұ­мысының тақы­рыбын таң­дауға әсері бол­са керек. Ана­сы ерте қай­тыс болады, Жүніс­бек Жұма­беков ол кезде жеті жас­қа ғана толған болатын.
Ұлы Отан соғысының қай­наған кезі 1943 жылы 16 жасында аудандағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қорам жетіжылдық мектебіне қызметке тұрып, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болады. Өзі сұранып соғысқа да аттанбақшы болады, бірақ жасы толмағандықтан оған соғысқа қатысу бұйырмады.
1949 жылы Алматы Мемлекеттік заң институтын бітіріп, сол оқу орнында оқытушылық қызметке қалдырылады. Институт қабырғасында оқыту­шылық қызметпен бірге ғы­лыми жұмыспен де бел­сенді айналысты. Сол кездегі та­лапқа сай зерттеу объектісіне кеңестік кезеңнің өзгеріс­терін талдауды яғни, Кеңес өкіметі тұ­сындағы ұжым­дастыру ке­зеңін алды.
Өзінің ғылымға деген ұмты­лысы, қажымай-талмай ізде­нуінің арқасында 1954 жылы 19 сәуірде М.В. Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сол кездегі беделді тарихшылар жас ғалымның еңбегіне жоғары баға береді.
1955-1958 жылдары Семей малдәрігерлік институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде де, 1958-1966 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ дене шы­нықтыру институтында до­цент, кафедра меңгерушісі бо­лып қызмет атқарғанда да жұ­мысына жауапкершілікпен қараумен қатар ғылыммен де белсенді түрде айналысты. Осы кезде оның қаламынан ондаған ғылыми зерттеулер дүниеге келген болатын.
Оның ғалымдығымен қатар ұйымдастырушылық қабі­леті де көзге түсіп, 1966 жылы Қазақ КСР Жоғары оқу орындары министрлігі қо­ғам­­дық ғылымдарды оқыту бө­лі­мі­нің бастығы қызметіне таға­йын­далады.
1971 жылы 5 қаңтарда XX ғасырдың 30-жылдарында қа­­зақ еңбекші шаруаларын жаңа өмірге тарту мәселесіне арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, 1973 жылы Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен «профессор» ғылыми атағын алады.
Ал, 1974 жылдың наурыз айында Жүнісбек Жұмабекұлы Қазақстандағы жоғары білім­нің қарашаңырағы Абай атын­дағы Қазақ педагогика институтына ректор болып тағайындалады. Осы қызметті өмірінің соңына дейін, яғни 1980 жылдың 4 сәуіріне дейін атқарды.
Ол ректор болған жылдар университет тарихында түбегейлі өзгерістерге, білім берудегі сапалық көр­сет­кіш­терге қол жеткізу жолындағы және сту­денттер­дің мәдени-тұрмыс­тық жағдайларын жақ­сартуға арналған іс-шара­лар­дың қолға алынуымен ерек­шеленеді. Бұл жылдары институт жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, про­фессор-оқытушылар оқу-әдістемелік, тәрбиелік жұмыс­тарды жандандырып, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып көптеген нәти­желерге қол жеткізді.
Институттың материалдық-техникалық базасын жақсар­туға да көп көңіл бөлді. Жаңа факультеттер мен сұранысқа ие мамандықтарға сай кафедралар ашылды. Түсушілер саны да күрт өсті, жаңа жатақ­ханалар салынып, про­фессор-оқытушыларға пәтерлер бе­рілді. 1975 жылдың көкте­мін­де бұрынғы қыздар гимна­зия­сының орнына қазіргі 7 қа­батты оқу ғимаратының құры­лысы аяқталып, пайда­лануға берілді.
Ол кезде ректор болуымен қатар Жүнісбек ағамыз оқы­тушылықтан да қол үзбей, тарих факультетінде студент­­терге дәрістер оқыды. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қа­зақ­стандағы тарих ғылы­мы­­ның дамуына өз үлестерін қо­сып жүр. Олардың ішінде аға­­мыздың соңғы шәкірт­те­рінің бірі, көрнекті ғалым, та­рих ғылымының докторы, про­фессор Талас Омарбеков те бар.
Жүнісбек ағамыз республи­ка­лық және қалалық қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, Халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің екі шақырылымына депутат болды, Фрунзе аудандық партия комитетінің мүшесі, оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері рес­публикалық кәсіподағының мү­шесі, республикалық «Бі­лім» қоғамының пленум мү­шесі болды.
Жүнісбек Жұмабекұлы қа­жырлы еңбегінің арқасында екі бірдей «Құрмет Белгісі» орденімен (1961, 1976), «Ерлік еңбегі үшін» медалімен және басқа да мемлекеттік наградалармен, Құрмет Грамоталарымен марапатталды. 1978 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді.
Оның есімі атаусыз қалған жоқ. Туған жеріндегі елді мекендегі көшелердің біріне және Алматы қаласы «Ақбұлақ» ық­шам ауданындағы бір кө­ше­ге оның есімі берілді. Со­нымен қатар, 2009 жылы 11 желтоқсанда осы оқу ор­нының тарих факультетінде Жүнісбек Жұмабеков атын­дағы дәрісхана ашылды. Он­да Тарих және құқық инсти­тутының студенттері тарихқа арналған іс-шаралар өткізіп, оның соңына қалдырған мол мұрасын оқып-үйреніп, игі істерінен үлгі алады. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар, сон­дықтан Жүнісбек ағамыз тұрған үйге Алматы қаласы әкімшілігінің шешімімен 2019 жылдың 9 ақпанында Ескеркіш тақтаның ашылуы ғалым-қай­раткерге деген үлкен құр­мет.

Такир БАЛЫҚБАЕВ,
п.ғ.д., профессор,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры

Жауап қалдыру