ЗАМАННЫҢ СЫРЫН ТОЛҒАҒАН

0
209

Алпыс жасқа жетуге санау­лы ғана күндер қалғанда өмірден озған қарымды қаламгердің нұрлы жүзін көрмегенімізге он жыл болып барады екен. Шүкіршілік деп айтайық, Баққожаның заман сырын толғаған роман, повесть, әңгімелері, өмір шындығын батыл айта алған сандаған сахналық шығармалары оқырмандар мен көрермендердің көз­айымы, сырласы, мұңдасы болып келеді. Біздің бұл сөзімізді әйгілі қаламгердің 70 жылдығына орай Астанада басталып, қатарынан үш күн бойы Алматыда жалғасқан ғылыми-танымдық мәдени шаралар дәлелдеді.
Аталған мәдени шараның бірінші күні Алматыдағы «Ритц Палас» мейрам­хана­сында Баққожаның рухына арналған ас беріліп, Құран бағышталды. Жазушының қалам­дас, қызметтес бол­ған аға-бауырлары, сту­дент кез­дегі достары, мек­теп­те бір­ге оқыған құрдас­тары сөз алды. Туған ауылы Нарынқолдан аудан әкімінің орнына келген Нұрбол ініміз елдің сәлемін жеткізіп, ауыл­дас­тар атынан отбасына ескерткіш сыйлықты табыс етті.
Келесі күні «Ғалымдар үйінде» қаламгердің шы­ғар­маларына қатысты ғы­лыми конференция бол­ды. Онда филология ғы­лымдарының докторла­ры, әріптес замандасы Уәлихан Қалижан мен іні бауырындай болған Кенжехан Матыжанов және Айгүл Смақова жазушы қаламынан туған романдар мен повесть, әңгімелердің, көпшілік көрермен көңілінен шығып, алыс-жақын шетелдер сахнасында қойылған туындыларының қазіргі уақыт пен заман үшін аса құнды еңбектер екенін нақты дәлелдермен баяндады.
Баққожаның қай туындысын алсаңыз да ол кешегі және бүгінгі заманның, сол заманда тіршілік етіп жатқан бірі – адал, бірі – арам, бірі – қу, бірі – момын адамдардың өмір жолдары мен тағдырларын көрсетеді. Өмірде атқарған көп ісі зая кеткендер мен ұлты мен ұрпағына өрісті өнеге, келісті тәрбие беруді мақсат еткен ірі тұлғаларды әр шығармасынан анық көре аламыз. Қаламгердің өзге әріптестерінен ерек­шеленіп тұратын тұсы да шығармаларындағы осы текті, адал да батыл мі­нез­дері. Сол үшін оған кезінде «Өмірзая» романы үшін Мемлекеттік сыйлық беріліп, еңбегі еленіп еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен Бақ­қожаға хат жазып, әлгі шы­ғарманы ерек­ше сүй­сініп оқығанын және жоғары баға­лағанын жеткізгенде әйгілі жазушының шын қуанып, жүзінен нұр шашылып тұрған келбетін өз шаңырағында көріп едік. Содан бері де біраз жылдар өте шығыпты…
Баққожа Мұқайдың жет­піс жылдық мерейтойына арналған салтанат­ты мәдени шараның үшін­ші күні Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ Мемлекеттік Ака­демиялық драма театрында Есмұқан Обаев, Сәбит Оразбаев, Смағұл Елубаев секілді елге танымал өнер мен мәдениет, әдебиет өкіл­дерінің ме­рейтойлық құттық­тауымен басталды.
Қаламгердің «Сергелдең болған серілер» комедиясы қойылып, көрермендерге қазіргі өмір шындығын кү­лкімен көрсетіп, ой салып, дән риза етті. Баққожа Мұқай қысқа ғұмырында әділдік туын көтеріп, әр шығармасында шындық пен адалдық, ұлт пен ұрпақ алдындағы парыз туралы сыр толғады. Өзгелерден сол мінезімен, қаламгерлік қайсар ұстанымымен ерек­шеленді де. Бәлкім, сон­дай дара жолды таңдаған шығар жүрегі. Қалай десек те замандасымыз, Же­тісу жерінің түлегі, Мұқа­ғали сынды ақиықтың ауыл­дасы Баққожаның шығар­ма­шылық жолдағы еңбегі жанды. Мемлекеттік дең­гейде әділ бағасын да алды. Досымыздың өзі жоқ болса да, сөзі бар. Ізі, еңбегі, асылдың сынығы – Ерлан ұлы, қыздары, Нұржамалдай асыл жары, жоқтаушы халқы бар! Бізге сол медет. Алайда, осы үш күн бойы өткен үлкен мерейтойлық мәдени шарада Баққожаның туған топырағы – Алматы об­лыс­тық әкімдігінен ең бол­маса бір әкім орын­басараның, не облыстық мәдениет басқармасының бір маманының үш күнгі шараның ең болмаса бірінде көрінбеуі көңілімізге кірбің қалдырғанын қалай жасырайық?! Осыны айт­пай-ақ қоюға да болар еді… Болашақта ақ жаға­лы бауырларымызға са­бақ болсын, өз өлкесінің ел елеген таланттарын ұмыт­пасын деген достық, аға­лық рәуіш біздікі…

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ақын,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

Жауап қалдыру