Замана лебін аңдаған

0
162

Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында құқықтық сауат­тылыққа айрықша мұқтаждық байқалды. Осы тұста сол кездегі Әділет министрі Нағашыбай Шәйкеновтың баста­ма­сымен құрылған “Жеті жарғы“ баспасын аяғынан нық тұр­ғызу ісіне жазушы, журналист, өз ісінің маманы, дирек­тордың бірінші орынбасары әрі бас редактор Захардин Қыстаубаев айтарлықтай үлес қосты. “Жеті жарғы“ шығарған құқықтық тақырыптағы жүздеген әдебиеттер мен оқулықтар, көрнекті заңгерлер жазған кітаптар, нормативтік актілер сол кезеңнің сұраныстарына толықтай жауап берді. Сол әдебиеттің бә­рінде дерлік бас редактордың қолтаңбасы болатын. Төменде жетпіс жастың желкенін керген қаламгердің шығармашылық жолы туралы материал оқырман назарына ұсынылып отыр.

Захардин Қыстаубаев елімізге белгілі қаламгер. Баспасөз са­ласында ұзақ жылдар жемісті қыз­мет етті, бірқатар аудандық, қалалық, республикалық басы­лымдар мен баспаларда бас­шы­лық қызметтер атқарды. Елі мен ұлтына елеулі еңбек сіңірді.
Захардин Қыстаубаев 1948 жы­лы 10 қыркүйекте қазіргі Түр­кіс­тан облысының Ордабасы ау­данындағы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасов атындағы ауылда дү­ниеге келіпті. 1966 жылы мек­теп­ті бітірген бойда ауылдан хабар-ошар жазып тұратын бала бірден облыстық «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінің редакциясына кор­рек­торлық жұмысқа қабыл­данады. Сол кезде өзін жұмысқа қа­былдаған жауапты хатшы (редактор емес) Мыңбай Ілесовтің батыл әрекетіне әлі күнге қайран қалады. Сірә болашағын байқаған болар. Оның үстіне корбюродағы Айнықша Найымбекова апайы: «Мұхтар Шаханов ағаң да кезінде осында жұмыс істеген. Бүгінде танымал ақын. Сен де күні ертең елге белгілі азамат боласың», – деп желпіндіріп қойғаны бар. «Жақсы сөз –жарым ырыс» деген, сол апайының айтқаны айнымай келді. «Облыстық газетте тәжірибе жинақтап екі жылдан кейін КазГУ-дің журналистика фа­культетіне оқуға ілігіп кетті.
Оқу мен еңбек қатар жалғасты. 1967-1974 жылдары Захардин Қыстаубаев Бөген аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі Орда­басы аудандық «Ордабасы оттары»), Сайрам аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Облыстық газетте әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болып өзін кәсіби тұрғыдан шыңдады.
1977-1982 жылдары Леңгір аудандық «Ильич жолы» – «Путь Ильича» (қазіргі Төлеби аудан­дық «Төлеби туы»), одан кейін қала­лық «Кентау правдасы» – «Кен­тауская правда» (қазіргі «Кен­тау») газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Аға буын әріп­тестерінен үйренді, азамат болып қалыптасты. Сондықтан да Кәрім Үкібаев, Исраил Сапарбай, Омарбай Малқаров, Жолдас Ақбердиев, Қалмахан Анарбеков, Мейірбек Ақынбеков, Жұмабек Еділ­баев, Амантұр Мұсаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мархабат Байғұт, Пәйіз Кәдеев сияқты ағаларына айтар алғысы шексіз.
Сол бір кезді жадына түсірген Захаң өзінің бір естелігінде: «…Бір қызығы, қазір ойлап қарасам, мен де бір кездері Пәйіз Кәдеев сияқты жұмыс істеппін. Көрген-естігендерімді қайталаппын. «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны іле­сің» дегендей, Бөген аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары») газеті – менің негізгі ұшқан ұям, ал редакторы Пәйіз аға – шын мәніндегі ұстазым болыпты. Шынын айтқанда, Пәйіз ағадан, Пәкеңнен алған үлгі-өнеге, ай­та­лық, маған ұзақ жылдардан бері тура жол көрсетіп келе жатқандай. Облыс орталығында, аудандар мен қалалардан кейін Алматыда түрлі қызметте болдым, тіпті министрлікте, Жоғарғы Кеңесте жауапты қызмет атқардым. Ешкім білім-білігіме күмән келтірген жері жоқ. Себебі мен оңтүстіктегі сол тұста аса беделді облыстық «Оңтүстік Қазақстан», аудандық «Коммунизм таңы» газеттерінен, сондағы аға-апалардан, ең бастысы –Пәйіз ағадан тәлім-тәрбие алған болатынмын. Менің басты университетім осы еді. Шетелде Гарвард, Кембридж, Оксфордта оқымасам да мен сол университетімді әлгілердің ешқайсысына айырбастамас едім…», – деп жазғаны бар.
1982 жылы Захардин Қыс­таубаев Алматыға қоныс аударып, алдымен республикалық «Жалын» баспасында, кейіннен «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор болып қызмет етті. Қаһарлы Желтоқсан көтерілісінің тірі куәгері болған жағдайы да бар. 1987 жылы арнайы шақы­румен Қазақ КСР Мәдениет министр­лігіне ауысып, жетекші редак­тор, 1992 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде аға референт болды. Ал 1994 жылы республика­да алғаш рет құрылған, заң әде­биеттерін шығаратын арнайы «Жеті жарғы» баспасын ұйым­дас­тырушылардың бірі болды. Сондағы бас директордың бірін­ші орынбасары әрі бас редак­торы қызметін абыроймен атқар­ды. Сөйтіп, жаңа саланың қалып­та­сып, дамуына өзіндік сүбелі үле­сін қосты.
Бес жылдан кейін осы ұжымнан бөлініп шыққан «Өркениет» баспа­сының директоры болды. Жал­пы алғанда, ҚР Әділет ми­нистр­лігі саласында заң әде­биет­терін шығару ісімен он жылдай айналысты. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің жаңа заң­дарын дайындауға, мәтіндерін қа­зақ­шалауға және оларды түсін­діріп, насихаттауға айтар­лықтай үлес қосты.
Мем­лекеттік қызметте жүріп қоғамдық жұмыстармен айна­лы­суға да уақыт тапты. Қаладағы Совет аудандық «Қазақ тілі» қоға­мының төрағасы ретінде ана тіліміздің мәртебесін қалып­тастыруға атсалысты. Қала­да қа­зақ мектептері мен бала­бақ­шаларын ашу ісімен айналысты.
Республикалық «Жас Алаш» газетінде қызмет еткен кезі де есте. Захардин қоғамдағы өзгерістерге батыл пікір айтуды үйренді. Газет бетінде халықтың ой-пікірін ашық айтуына, демократиялық үдерістерді тереңдетуге атсалысты.
2008 жылы отбасылық жағда­йы­мен Шымкентке қайта ауысуына тура келді. Республикалық «Айғақ» газетіне үш жыл бас­шылық жасады. Кейіннен қала­лық «Шымкент келбеті» – «Пано­рама Шымкента» газеттерінде директор – бас редактор қыз­метін атқарды. Ілкіде түрлі дау-дамайдың, соттасулардың салдарынан жабылып, дүние-мүлкі талан-таражға түскен газетті қай­та ашып, қысқа мерзімде аяғынан тұр­ғызғаны оқырмандар есінде.
Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмастан «Оңтүстік Рабат», «Жебе», «Қа­зақтар – ХХІ», «Уақыт», «Сая­­сат-ақпарат», «Әділет» секіл­ді бірқатар басылымдарда бас­шы­лық қызметтер атқарды. Олар­дың қалыптасып, БАҚ кеңіс­тігі­нен өз орнын алуына көмек­тес­ті.
Бүгінде республикалық қоғам­дық-саяси, тарихи-танымдық «Әді­лет. Рухани жаңғыру» газе­тінің директоры әрі бас редак­торы қызметін абыроймен ат­қаруда. Шымкентте шығатын «Қазы­ғұрт» журналы редакция алқасының мүшесі. Қарапайым тілмен айтқанда, республикалық бірқатар газет-журналдардан За­хардин Қыстаубаевтың журналистік қолтаңбасын кезіктіруге болады. Бүгінде ол «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистік мамандықтың кәнігі шебері, майталман маманы. Ұзақ жылдардағы елеулі еңбегі еске­ріліп, Қазақстанның Құрметті жур­налисі, Ордабасы ауданының Құр­метті азаматы атанған. Қа­зақстан Жазушылар одағының мү­шесі.
Оның алғашқы мақалалары, сықақ өлеңдері мен әңгімелері сонау бір оқушы кезінде аудан­дық, облыстық газеттерде жариялана бастаған екен. Тырна­қалды туындысы – «Қос рельс» атты әңгімесі 1969 жылы респуб­ликалық «Жалын» жастар альма­нағында жарияланған. 1972 жы­лы «Жазушы» баспасынан «Ақ түн» деп аталатын алғаш­қы кітабы шыққан. Бірнеше әңгі­ме, хикаят жинақтарының, пьеса­лар­дың авторы. Бірқатар әдеби конкурс­тардың лауреаты болды. 1975 жылы балалар мен жас­тарға арналған әдеби көркем шы­ғар­маларға жарияланған бәй­геде Қадыр Мырза Әлі және Күләш Ахметовамен үзеңгі қағыс­тыра үшінші сыйлыққа ие бол­ғаны бар. Бұл марапат жас қалам­герге жаңа шығармашылық сер­пін сыйлады. Іле-шала әр жыл­дары оның «Ережепбай Мол­да­баев», «Бәйтеректер» (1977), «Жүректегі жүзік» (1987), «Алма­тының ақ жауыны» (1991), «Сүйріктің махаббаты» (1998), «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық» (2003) деп аталатын кітаптары жарық көрді. Драматургия саласына ден қойды. Оның «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары егемен еліміздің бірнеше театрларында сахналанды.
Захардин Қыстаубаев елімізге кәсіпқой баспагер ретінде де танымал тұлға. Ондаған әдеби көркем туындыларды өзі өңдеп, баспа бетінен шығуына сіңірген еңбегі бір төбе. Ол кемшілік пен келеңсіздікке, жағымпаздық пен жалпақшешейлікке жаны қас. Лауазымы үлкен-кіші демей ақи­қатын айтып салады. Осылайша өзінің өжет мінезімен турасын айтып, туғанына жақпай жүрген кезі де аз емес. Оның сондай ізгілікті қасиеттерді өзінің әріптестерінен де күтетіні әбден заңды.
Халқымызда: «Алпысқа келгенде алдыңда жүрер алты ағаң болсын, жетпіске жеткенде жетегіңде жүрер жеті інің болсын!» деген тамаша тәмсіл бар. Захардин Қыстаубаев асқаралы алпыс жасқа толғанда оның алдында Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Нармахан Бегалыұлы, Есқара Тоқтасынұлы, Мархабат Байғұт, Бекет Тұрғараев тәрізді арқасүйер ағалары жүрді. Иншалла, бүгінде олардың бәрі әлі де дін аман. Өкінішке орай, Захар­дин Қыстаубаев етене жақын араласқан Ерсінбек Қой­ба­­ғаров, Жұмабек Мұқанов секілді қаламдастары бақилық болып кетті. Жетпістің жотасына шық­қа­нында жанында өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген ілтипатшыл бір топ інілері жүр.
Міне, замана лебін аңдаған қарымды қаламгер қажырлы қай­раткер Захардин Қыстау­баевтың өмірі мен шығармашы­лы­ғынан шертілген бір үзік сыр осындай.

Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист.
Шымкент қаласы.

Жауап қалдыру