Қыранның қанатынан қуат алған

0
118

немесе Зиядан Қожалымов туралы сыр

Халқымыздың ұлы ақыны Мұ­қағали Мақатаевтың «Мен таулықпын» атты жы­рын білмейтін жан жоқ шы­ғар.
… Мен – таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам
…Тауға барып
Көкке ұшып кетсем бе екен,
Ұстап алып қыранның қа­наты­нан, – деп жырлаған еді.
Мұқағали ақынның туған жері – Хан Тәңірі баурайында өмірге келгендердің осы жырды жатқа оқымайтыны кемде-кем. Той-томалақтарда, мерейлі басқосуларда бол­сын Мұқағалидың осы өлеңін жатқа оқып, рухта­нып, мәртебесі асқақтап тұратын жерлестерімді жиі ұшырас­тырамын. Жалпы бұл жыр таулы өңір түлектерінің басты құжаты десек те болады.
Иә, «Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының» президенті, Қазақстан Журна­листер одағының мүшесі, ақын, мәдениеттанушы-ғалым, өтейбойдақтанушы, Алматы облысы Райымбек ауданы­ның «Құрметті азаматы» Зиядан Қожалымов туралы мөлтек әңгімемді осылай бастауым­ның да себебі жоқ емес. Біріншіден, Зиядан ағамыз Мұқағали ақын өмір­ге кел­ген Аспантаулар өңірі­нің перзенті әрі ақынның жерлес інісі болса, екіншіден, әлгіндегі Мұқағалидың «Мен таулықпын» атты өлеңін ал­ғаш рет осы Зиядан ағаның ау­зынан естіген едім.
…Оқиға осыдан аттай 40 жыл бұрын 1979 жылы болған еді. Ол кезде Абай атындағы педагогикалық институтының физика факультетін жаңадан тәмәмдап, туған ауылым – Сарыжаздағы орта мектепте ұстаздық еңбек жолын бас­таған кезім болатын. Ол жыл­дары Өлеңге құш­тар мек­теп оқушылары арасын­да әде­биетке икемі бар шәкірт­терім­нің басын құрап «Бәйшешек» атты әдеби бірлестік құрған едім. Әде­би кештер, оқырмандар конфе­ренциясы, кездесулер өткізе­тінбіз. Шәкірттерімнің тәуір дү­ниелерін, олардың мектеп өмірінен жазған мақалаларын сол кездегі аудандық «Советтік шекара» бүгінде «Хан-Тәңірі» газетіне жолдап отыратынбыз. Аракідік жарияланып та жататын. Осындай бір бас­қосуымызды Мұқағали Мақа­таев шығармашылығына ар­нап, Мұқағалидың көзін көр­ген жандарды шақыруды ой­ластырдық. Аудандық білім басқармасының мұрын­дық болуымен аудан мектеп­терін­дегі әдебиет пәндерінің ұс­таздары да бұл кешке арнайы келіп қатысты. Мұқағалидың туған нағашысы Дігәрбек Кө­зімбеков деген аудандық білім басқармасының методисі арнайы шақырылған-ды.
Бұл кездесуге Дігәрбек аға­мыз ауылдық электр жүйесі мекемесінің бастығы Зия­дан Қожалымовты ерте келіп­ті. Шамасы өзара достық бай­ланыстары болса керек. Кеш барысында Дігәрбек ағамыз Мұқағали ақынның балалық шағынан бастап, ақындық, азаматтық жолдарынан сыр шертті. Шәкірттерім де Мұқа­ғалидың жырларын жатқа оқып, ақын өлеңінен жазылған әндерін әуелете шырқады.
Бір кезде сөз кезегі Зиядан ағамызға берілді. Әдебиет ауылынан мүлдем алыста жатқан электр-инженер ма­ман­дығы бойынша қызмет ат­қа­рып жүрген Зәкең сөзін бірден Мұқағалидың «Мен тау­лықпын» атты өлеңін жатқа оқудан бастады. Шынын айтқанда мені де, шәкірттерімді де қатты таңқалдырды. Содан соң ол өзінің Мұқағалимен кез­дескен сәттері жайлы тұшым­ды әңгімесімен жалғас­тырды. Айтқандай, бұл кеш туралы Бексұлтан Нұрғо­жаев деген әдебиетші ұстаз «Қа­зақ әдебиеті» «Жетісу» га­зеттеріне мақала жария­лады.
…Сол бір Мұқағали ақын­ның «Мен таулықпын» атты өлеңі арқылы танысқан Зиядан ағамыз 75 жасқа толып, сексеннің сеңгіріне қарай қадам басып барады. Сол бір 35-тердегі Зиядан ағамыз бүгінде ел құрметіне бөленген абыройлы ақсақалға айналды. Жоғарыдағы өмірдеректерінен байқаған­дарыңыздай, Зиядан ағамыздың арқалап жүрген жүгі, атақ-даңқы, иеленген марапаттары атан түйеге жүк болардай салмақты. Әрине, мұның бәрі оңайлықпен ке­лемейтіні, талмай ізденістің, өлшеусіз еңбектің өтеуі екені кімге болса да түсінікті. Мұқағали ақын айтқандай: «Қыранның қанатынан қуат алатын», қажымас қайраттың, өршіл жігердің жемісі деуіміз орынды.
Рас, өткен XX ғасырдың 90-жылдары тоқырау кезе­ңін бастан кешірдік. Алма­ты облысы Райымбек ауда­ны қысқартылып, елді жұмыс­сыздық жайлады. Жер­лес­теріміздің дені Алматы қала­сының төңірегіне үдере көшті. Сол жылдары Зиядан ағамыз да Алматы қаласына табан тіреген еді. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, ол еңбек жолын Алматы қаласы Электр жүйесі мекемесінде жалғастырды. Бұл жерде де абырой биігінен табылды.
Жасыратыны жоқ, сол бір әлеуметтік қиын кезеңде ел ішінде бақсы-балгерлер, жұрт­тың қалтасын қағып алатын жалған «емші-құшынаш­тар» қаптап кеткені белгілі. Өзі­­нің де бойында емшілік сауықтыру қасиеті бар Зәкең осы бір келеңсіздікпен күре­судің жолын қарастырды. 1991 жылы «Қазақстан халық ем­ші­лері Қауымдастығын» құ­рып, ел ішіндегі емшілердің ба­сын қосып, олардың шын немесе өтірік емші екендігін ар­найы ғалымдардың қаты­суы­мен сұрыптаудан өт­кізді. Содан кейін-ақ, ел ішін­дегі «емші-сымақтар» аяқ­тарын аңдап ба­сатын болды. Зәкең елді алдап жүрген­дерді бет жүзіне қарамай әшке­реледі. Мерзімді басылым­дарда материалдар жариялады. Теледидардан өз ойларын ашық ортаға салды. Нәти­жесінде Зәкеңнің іскерлігі арқасында бұл сала бір жүйеге түсті. Шынайы халық емшілеріне кең жол ашылды. Оның оң көрінісін Алматы қаласында болсын, ауыл-ауылдардан болсын айқын көріп жүрміз. Бұрынғыдай кім көрінген емшілікпен айналыса алмайды. Оның үстіне ем­ші­­лердің өздері де жылы­на бірнеше рет арнайы курс­­тан өтеді. Білімін жетіл­діреді, білігін арттырады. Бой­ларын­дағы табиғи қасиет­терін бүгінгі күннің ғылыми жаңалық­тарымен ұш­тас­тыруға мүм­кіндік алды. Бір сөз­бен айт­қанда «Емшінің жақ­сысы сыр­қатқа сырқат қоспау» де­гендей, олардың жауап­­кер­­шілік­тері көтерілді.
Зәкеңмен сұқбаттаса қал­сақ, сол бір 1991 жылдан басталған «Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының» басынан өткен талай-талай аумалы-төкпелі кезеңдер жайлы сыр ғып шертеді.
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам…
Расымен де Зәкеңнің таулықтарға тауға тән өршіл де, асқақ мінезі қиындық­тар­дың бәрін жеңе білгенін байқатады. Мұның бәрі халық игілігі үшін жасалған қызмет екенін жаныңызбен түсінесіз.
Сондай-ақ Зәкеңнің ауыз толтырып айтатын сүбелі еңбектерінің бірі – XV ғасырдың ғұлама ғалымы, емшісі Өтей­бойдақ Тілеуқабыл­ұлының тарих қойнауында жатқан «Ши­пагерлік баян» атты құнды еңбегін ұлтымызға қайта наси­хаттағаны. Ол ғасыр ғұ­ламасының құпия сырларын жұртшылық арасында баян­даудан жалыққан емес. «Шипа­герлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми-монографиялық еңбек жазды. Ғы­лыми жетекшісі Қазақстан Республикасы Ғылым Ака­де­миясының корреспондент мүшесі, көрнекті ғалым, про­­фессор Жақан Молда­бе­ков (марқұм) болса, елі­мізге танымал Ақтол­қын Құл­­сариева, Гүлнар Сәр­сен­­бекова секілді ғалым­дар атал­мыш ғылыми еңбекке жылы ықыластарын танытқан. Ғұлама ғалымның еңбектері жай­лы мерзімді басы­лым­дарда 100-ден аса мате­риал жариялады.
Жалпы Зәкең 13 ғылыми-монографиялық еңбектің ав­торы. Телеарна радио ха­барын тарату жүйесі арқылы берілген сыр-сұхбаттарында есеп жоқ. Қауымдастық қа­сынан жарық көріп жатқан «Ши­пагерлік баян» атты та­нымдық басылым да хал­қымызды рухани сауық­ты­руда елеулі қызмет атқарып келеді. Бұдан өзге де атқарып жүрген қоғамдық қызмет­терін еске алсақ, Зәкеңнің ты­нымсыз еңбек үстінде жү­ре­тінін бай­қайсыз. Ақсақал­дық жасқа жетсе де тың да ширақ, жігерлі. Зәкеңнің жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен осы­дан 40 жыл бұрын көрген қал­­пын елес­тететінім бар. Расы­мен де, сол бір кездесудегі Зәкең­нің Мұқағалидың «Мен тау­лық­­пын» атты жырын жатқа оқуы да тегіннен тегін емес екен. Ұлы Абайдың «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп айтқанында Зәкеңнің есімін күллі алаш жұрты ақын-сазгер ретінде жақсы білу керек деп ойлаймын. «Көк тәңірі жүр жебеп», «Ақ гүлім», «Түнгі ғажайып» атты жыр жинақтары жарық көрді. 30-дан астам ән текстері өнер сахналарында орындалып келеді.

Серікжан ҚАЖИ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ерек тұлға
Сіз таулықсыз, таулықтармыз біз деген,
Бар бақытын биіктерден іздеген.
Хан-Тәңірден қанат қаққан тарлансыз,
Жолға шыққан ұлы соқпақ, ізбенен.

Ұлы соқпақ тарау-тарау ізі бар,
Көз жүгіртсек көңіл кейде бұзылар.
Сол уақыттың көшпейтұғын сызы бар,
Өр Рух бар, қаның тасып қызынар.

Ол бабалар рухы ғой ел деген,
Ұрпағы үшін жауға намыс бермеген.
Азаттықты аңсап өткен солардың,
Арманы бар кеудеңізде өлмеген.

Рухы бар бойыңызда Сіздің де,
Намысы бар көріп жүрміз біз күнде.
Таңдадыңыз Хақтың жолын, ақ жолын,
Бой түзесін Сізге қарап кім-кімде.

Есті ұрпақ өсірдіңіз, саналы,
Кеуделерде намыс оты жанады.
Сіздің салған соқпағыңды жетелеп,
Болашаққа жалғастырып барады.

Намысы бар, ұяты бар, ары бар,
Бойыңыздан мың сан қасиет табылар.
Шалынбай да, шалдыртпай да келесіз,
Тірлігіңде жол тосса да жабылар.

Намыстансаң, каһарландың тау құсап,
Көш бастадың тың жерлерден жолды сап.
Мейірленсең таудан соққан самалдай,
Бар адамға жайылады кең құшақ.

Қуаттанар сырқаттардың мыңы кеп,
Сергітесіз, серпілтесіз Құдірет.
Адасқанды жолға салдың, демедің,
Шуақ төктің көгіндегі Күні боп.

Сіз таулықсыз, қуат алған асқардан,
Ғұмырыңыз артық ғажап дастаннан.
Алты Алашқа танылдыңыз ізгі іспен,
Биіктетті намыспен жол басталған.

Алашым деп арналады бар ісің,
Ізгіліктің сеуіп жүрсің дәрісін.
Хан-Тәңірден самғап ұштың, қырандай,
Асқақтай бер жолбасшың боп Намысың…

Жауап қалдыру