Әулет аманатын арқалаған асыл жан

0
80

Ел мен жердің, халықтың байлығы да, атақ даңқы да ел қадірлейтін парасатты азаматтарымен өлшенетіні ақиқат. Солардың бірі бүгінде асқаралы алпысқа толып отырған ұстаз, ана Саймасаева Гүлзада Әшімбайқызы. Ол аспантаулар аясындағы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының тумасы.
Оқу-ағарту саласынд­а еңбек етіп, тер төк­кен ауылдың сыйлы азама­ты­ның өмір жолы бар­ша ауыл­дастарына үлгі-өнеге. Кейіп­керіміз туралы сөз қозғағанда оның үлкен ең­бек отбасынан шық­қаны жө­нін­де аз-кем айта кетпесек болмас.
Кезінде дүркіреген Кеген ауданының тұрғындары мен «Ұзынбұлақ» асыл тұқымды қой совхозын 1970 жылдан бері жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған бір ғана «Темірлік» фермасын аға буын өкілдері жақсы біледі. Темірілік фермасы Ұйғыр ауданы мен Кеген ауданының шекарасында орналасқан тұмса табиғатқа толы ауа­сы ыстық, жеміс жидек өсіруге қолайлы-ақ мекен. Сол жердің жеміс-жидегі, дәмі тіл үйірер алмасы мен өрігі, қызанағы мен қияры тонналап ауданның түпкір-түпкіріндегі дүкендерге жеткізілетін.
Ферма меңгерушісі, өз ісінің шебері Әшімбай Саймасаев сол бақшаны күтіп баптап, суғарып, мыңдаған түп алма мен өрікті жазда баптаса, қыста сақтайтын бағбаны болды. Аптал азаматтың асыл жары Ай­ғаныш Жанұзаққызы апа­­мыз ұрпақ өсіруде бала тәрбиесінің бағдар­шамы бола білді. Он екі құрсақ көтерген батыр ананың еңбегі елге үлгі.
Гүлзада Әшімбайқызы осындай текті отбасында 1958 жылы 20 тамызда дүние есігін ашады. 1975 жылы мектеп бітіріп, арман қуып, Алматыдағы Шетел тілдері институтың француз тілі мамандығына оқуға түсіп, оны 1979 жылы тәмәмдайды. Сол жылы мектепте бірге оқыған жолдасы Ерболатпен шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге қадам басты.
Еңбек жолы туған ауылы Ұзынбұлақта басталады. 1980 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманға жас та болса Кеген аудандық аудандық білім бөлімі «Аудандық пионерлер үйінің» директоры қызметін сеніп тапсырады. Гүлзада артылған сенім мен жауапкершілікті бек сезініп, соны орындауға барын салады. Талабының, еңбекқорлығының арқа­сын­да жалындаған жастарман бірлесе тындырым­ды істер атқарды. Мұның өзі жас ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. Жас та болса «бұлақ көрсең – көзін аш» деген аталы сөзді ұста­нады. Дарынды жас­тардың білім айдынына ер­кін қанат қағып, самғау биі­гіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін аямады.
Сол кездердің оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шал­ғай аудандарына жіберу дағдысы бойынша еңбек жолын 1984 жылы Кеген ауданының Жылы­сай ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепте француз тілі пәнінің мұғалімі болып жалғастырды. «Жас келсе – іске» деген­дей, аз ғана уақытта атал­мыш мектептің тәжі­рибелі ұстаздарынан маман­дық­тың қыр-сырын жан-жақ­ты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді.
1985 жылдан бастап, зейнеткерлік демалысқа дейін Ұзынбұлақ ауылындағы Ы.Көшкінов атындағы орта мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі бола жүріп Алматы қаласындағы «Дарын» гуманитарлық универ­си­тетінің қазақ тілі мен мен әдебиеті факультетін оқып алады. Сосын ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектептің әкімшілік құрамында педагог-ұйымдастырушы қызметерін атқарды.
«Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусы­ған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемейтініміз рас. Гүлзада Әшімбайқызының ауыл мектебінің білім деңгейін көтерудегі еңбегі өлшеусіз. Отыз тоғыз жыл бойы ағарту ісінде еңбек етіп, шаңырақта асыл жар, аяулы ана, ардақты әже атанса, білім ордасында ұлағатты ұстаздардың бірі.
Тағдырдың жазуымен отасқан отағасы Ерболат Заманбекұлы 53 жасында өмірден озды. Асыл жарымен 32 жыл отасып, бес құрсақ көтерді.
Бала тәрбиесінің бағ­баны өз бауыр еті бала­ларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Сол үшін де барлығын қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай мәпелеп тәр­биеледі, өсірді. Барлығына жоғары білім алып беріп, өз жолдарын табуға көмегін аяған жоқ.
Асқаралы алпысқа толып отырған Гүлзада Әшім­байқызы адал еңбегінің өтеуі ретінде алғыс хат пен марапаттардың талайын алды. Солардың ішінде жуыр­да Республикалық атақ­тар мен марапаттар жөнін­дегі қоғамдық кеңес таға­йындаған «Білім беру сала­сының үздігі» төс­бел­гісін ерекше атауға болады.
Биік парасаты мен адами қасиетінің арқасында ел-жұрты мен ағайын- туысқа беделі асқақтаған Гүлзаданы қайын жұрты «Генерал» атап кеткен. Өз жұрты пір тұтып, арттағы бауырға қамқор әз әпке, алдыңғы буынға үлгі етер мақтаныш санап, аса қадірлейді.
Отағасы аманаттаған ұл-қыздары қазіргі кезде қо­ғамның әр саласында еңбек етіп жүр Үлкен ұлы – Ринат Кеген ауданында білікті агроном, келіні – Гүлвира осы ауданда дәрігер, Санаты – Іле ауданында мемлекеттік қызметкер, Марал – анасының жолын қуып, Іле ауданында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сүт кенжесі Ақерке – Іле аудандық орталық ауруханасында медбике.
Бүгінгі күні Гүлекең екі немере сүйіп отыр. Ана­ның басты арманы – ұл қызының қанаттанып, өмір­де өз жолын табуы десек, Гүлекеңнің перзенттері аналарынан алған тәрбие-тәлімнің арқасында бағыт-бағдары айқын, жұрт сүйсінерліктей болып өсті.
Қазақ қыздарына тән батылдық пен жүзінен мейірім шуағын шашып тұрған Гүлекеңмен кенже ұлы Санат арқылы таныстым. Ана үшін құрсағынан шыққан барлық баласы ыстық болса да, Гүлзада үшін Санатының жөні ерек­ше. Сол Санаты жас та болса Іле ауданында он жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп келеді. Көп диас­поралы ауданымыздағы жер­гілікті басқару саласына алғырлығы мен білімділігін ұштастырып, тек қана адал еңбегімен көпке үлгі бола білген жаны жомарт, мақтауға тұралықтай азамат.
Гүлекеңнің басқа ұл-қыздары да әке мен ананың салиқалы тәрбиесін алған ізетті жандар деп білемін. Шағын мемлекет – отбасына тіреу болып, ер аза­маттың жоқтығын білдірмей, отбасы ошағын мәуелі бәйтерекке айналдыру жо­лындағы ғұмырына Алла Тағала медет болса екен деп тілеймін.
Кез келген уақыттың мақ­тан тұтар, өз адамы, талғам таразысы болатыны анық. Тағдырына жазылған жасыл жасам­паздығы еңбекпен тұспа-тұс келіп жатса, сынақтың үлкені осы. Ерік-жігері мықты, табанды, болмысы биік адамның ізгілік ізінен адаспай өтетіні хақ. Сонда ғана оның ел-жұрт алдында жүзі жарқын, беделі жоғары болады. Гүлзада замандасымыз осындай мағыналы жолдан айнымаған ел қалаулысы, жұрт мақтанышы. Зейінді еңбек жолыңыздан қалған зейнеткерлік ғұмырыңызда бақыттың бағында, шалқып өмір сүре беріңіз!

Мейрамгүл ЖАБИЕВА,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Іле ауданының құрметті азаматы
Алматы қаласы

Жауап қалдыру