Туған тілдің сардары

0
330

Филология ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің бірқатар академияларының, соның ішінде Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, А.С.Пушкин атындағы алтын медальдің иегері Бақытжан Хасанұлы еліміздегі тіл білімі саласының көрнекті маманы. Жас ұрпаққа да, жас ғалымдарға да айтары бар.
Бақытжан Хасанұлы – әлемдік әлеуметтік линг­вис­ти­каның санаулы мамандары­ның бірі және бірегейі. Сон­дай-ақ, аймақтық әлеу­мет­тік лингвистиканың негізін қалаушы ғалым. Про­фес­сор Б.Хасанұлы туралы арнайы мақала Мәскеуде шық­қан «Әлемнің аса көрнекті социолингвистері» атты энцик­лопедияға (құрас­тырушы – К.Бахнян) енгендігін мақта­нышпен айтамыз.
Қазіргі таңда профес­сордың қаламынан шыққан 500-ден аса ғылыми, көпші­лік­қолды еңбек жарық көріп отыр. Оның ішінде 50-ге жуық монография және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, кітапшалар бар. Ол – Үлкен қазақша-орысша сөздікті құрастырушылардың бірі.
Университетті бітірер тұста да алдыңғы қатарлылар сапында болды. Ол Мұхтар Әуезов алдынан дәріс алған шәкірт бола жүріп «М.Әуе­зовтің «Абай жолы» эпопея­сындағы афоризм­дер» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғады. Мемлекеттік емтихан комиссиясы бұл жұмысты «ерекше үздік» деп айрықша бағалады да, аспирантураға ұсынды. Қазақ Ұлттық университеті филология фа­культетінің Ғылыми кеңесі бұл ұсынысты бірауыздан қол­­дап, оң шешім шығарды. Б.Ха­санұлы аспирантураға Қаз­ақ тілі кафедрасына қал­ды­рылды.

Ол 1937 жылы 21 жел­то­қ­санда Атырау об­лы­сының Индер ауда­нын­дағы Қаңбақты ауы­лын­да дүниеге келді. 1960 жылы қазақ білімінің қара­ша­ңырағы – кезіндегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универ­­ситетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология фа­ку­льтетін бітірген. 1960-1964 жылдар ара­лы­­ғында аталған уни­вер­ситеттің аспирантурасында оқыды. 1993-2003 жылдар ішінде Тілдік даму стратегиясы орталығының директоры, ҚР СІМ Дипломатия академиясы Мемлекеттік тіл кафедрасының меңге­рушісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық универ­сите­тінің про­фессоры, 2003-2010 жылдар аралы­ғында Қа­зақ мемлекет­тік қыз­дар педаго­гика­лық уни­верси­теті Тіл теория­сы мен оқыту әдіс­те­месі және Қазақ­стан тілдері ка­фед­ра­сының мең­ге­рушісі қыз­мет­терін атқар­ды. Б.Хасан­ұлы – грек-рим күре­сінен КСРО спорт шебері, Қазақ­стан Жазу­шы­лар одағы сыйлы­ғының иегері.

Б.Хасанұлы аспирантура­да оқу мерзімінде «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы» деген тақырыпта кандидаттық дис­сер­тация қорғады, осы тақы­рыпта 1966 жылы монография жариялады.
Б.Хасанұлы «Қазақстан Респуб­ликасындағы қазақ тілінің әлеуметтік-лингвис­тикалық проблемалары» деген тақырыпта тіл теориясы (жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика, психолингвис­тика) мамандығы бойынша Қазақстанда тұңғыш рет әлеу­меттік лингвистикадан док­торлық диссертация қор­ғады. Оның еліміздің егемен­дік алған тұстағы тұңғыш докторы болғанын «Егемен Қазақстан» арнайы атап жаз­ды.
Ғалымның әлеуметтік лин­г­вис­тика мен психо­линг­­вистикаға, әсіресе Қазақ­стан халықтары тіл­дерінің да­муындағы әлеу­мет­тік линг­вис­тикалық, пси­хо­линг­вистика, когнитивтік линг­вис­тикалық, гендерлік линг­вистикалық, ареал­дық лин­г­вис­тикалық, антро­по­цент­ризм мәселелері бо­йынша зерттеулері отандық линг­вистикаға қосылған зор үлес деп бағалануда.
Б.Хасанұлының ғылыми-пе­да­гогтық, қоғамдық қыз­метті абыроймен атқар­ғанына елу жылдан астам уақыт болды. Оның ғылыми еңбектері қазіргі лингвистикадағы оннан астам жаңа бағытты қамтиды.
Тілшілер әдетте линг­вистиканың бір бағытын «ұс­тайды», ал Б.Хасанұлы ғы­лымның оннан аса бағы­тында жұмыс істеді. Атап айтқанда, «Қазақ тіл білімі, мемлекеттік тіл», «Жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика, пси­холингвистика», «Орыс тіл бі­лімі», «Қазақ, орыс тілде­рін салғастыра зерттеу», «Қа­зақ, орыс тілдерінен бас­қа тілдер жөніндегі ең­бек­тер», «Саясаттану мен тіл білімі қиылысында пай­да болған зерттеулер», «Көр­­кем әдебиет, қостіл­ді­лік, үш­тілділік», «Әлеумет­та­ну мен лингвистика қиы­лы­сын­дағы мәселе­лер­ге арналған зерттеулер», «Спорт» бағыт­тары ғалым­ның тер төккен ғылым сала­ла­ры.
Ғалымның алты мақаласы, бір монографиясы Италия, Дания, Болгария, Қытай, Гер­мания сынды алыс шет ел­дерде басылған. Мысалы, оның бір монографиясы «Қос­­тілділік» деген атпен 1992 жылы қытай тілінде жарық көрген.
Б.Хасанұлы – бүкіл еліміз­де әлеуметтік лингвистика саласынан тұңғыш доктор болған ғалым, ТМД елдері бойынша бұл саладан санаулы докторлардың бірі. Ол әлемдегі кез келген тіл бойынша жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп, оларды қорғатуға құқылы, олар бойынша сарапшы да болу хақы бар.
Ол – жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика, пси­хо­­лингвистика, әлеумет­та­ну, саясаттану, т.б көп­теген пән­дерден, спорт та­қы­ры­бына дәріс оқитын, білікті де бірегей ұстаз, ғалым. Ол – Алматы, Астана, Павлодар, Ақ­төбе, Қарағанды, Ақтау, Шы­ғыс Қазақстан, т.б. уни­вер­ситеттердің сағына күтер ға­лымы.
Ғалым елімізде өзі негізін салған әлеуметтік лингвистикадан ғылыми кадрлар дайындау мәселесіне белсене араласып келеді. Айталық, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, гендерлік лингвистика, когнитивті лингвистика салаларынан Қазақстанда алғашқы болып 20 шақты кандидаттық, 4 докторлық диссертация қорғатты. Ол сонымен қатар педагогика саласынан ғылым кандидаттары мен докторларын дайындауда ерекше үлес қосты.
Осы орайда Б.Хасан­ұлы­ның Қыздар универ­ситетінің қазақ тіл білімі кафед­расының негізінде жаңа кафедра, атап айтқан­да Тіл теориясы мен оқыту әдістемесі және Қазақ­стан тілдері кафедрасын ашу бағытындағы еңбегі ерекше маңызға ие. Бақыт­жан Хасанұлы аталмыш ка­федраның негізін қалау­шысы, оның тұңғыш мең­геру­шісі. Бұдан кейінгі уақыт­та ол осы жаңа, маман дайындаушы кафедраның жұмыс­тарымен толықтай шұғыл­дануға ойысып кетті. Кафедра бүгінгі келбетіне ие болып, танымал болғанға дейін оған көптеген, күрделі жұмыс­тарды атқаруға тура келді.
Б.Хасанұлы кафедра мең­герушісі бола жүріп оқу үдерісін ұйымдастыру және жетілдіру істеріне, сондай-ақ педагог мамандарға арналған оқу бағдарламалары мен оқу құралдарын жасауға белсенді атсалысты.
Профессор Б.Хасанұлының сан салалы қызметінің ішін­де білім беруді ұйымдастыру­мен қатар ғылымның дамуын жолға қою бағыты да ерекше бөліп көрсетуге тұрарлық. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның белгілі ғылым докторларынан тұратын Біріккен докторлық диссертациялық кеңесін бірнеше жыл бойы басқарды. Сол тұста республикамызда ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындау ісіне зор үлес қосты.
Б.Хасанұлын заңгерлер са­пында атауға да болады. Қа­зақстан Республикасы Конституциясының линг­вис­тикалық қағидаларын, Тіл заңы мен Азаматтық туралы заң мәтінін түзуге тікелей қатысты, талай пікірталас до­дасында шашасына шаң жұқпаған дүлдүл.
Ол Қазақстан Үкіметі жа­нын­дағы Мемлекеттік терми­нология комис­сия­сы­ның мү­шесі қызметін абыроймен атқарды.
Б.Хасанұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі жоғары бағаланып келеді. «ҚР ғы­лымын дамытуға сіңірген ең­бегі үшін» медалімен (2004ж.) марапатталған. «Жо­ғары оқу орнының үздік оқы­ту­шысы» мемлекеттік грант иегері (2006 ж.). Бұл марапаттаулар Б.Хасанұлының жас ұрпақты тәрбиелеудегі, жоғары білікті мамандар даярлаудағы ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.
Елбасы Н.Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ла­малық мақа­ласында «Ұлт­тық бірегейлікті сақтау», «Ұлттық жаңғыру» деген ұғымдар ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін ескерте келе, ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау қажеттігін атап өткен болатын.
Осы орайда, «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген Елбасының сөзімен ғалымның ойы да тұспа-тұс келгендей.
Көріп отырғанымыздай, Б.Хасанұлы ұстаздық, ғалым­дық пен ұйым­дасты­рушы­лық қыз­меттерін өзара ұштас­тыра білген бірегей тұлға.
Зиялы адам – қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер қарап бой түзейтін тұлға. Біздің кейіпкеріміз осы үденің көш басында тұр.

Айгүл
СӘТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.
Сәуле АСАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент,
(ҚазМемҚызПУ)
Алматы

Жауап қалдыру