Тілеу КӨЛБАЕВ

0
26

Үстіміздегі жылғы 15 мау­сымда тура 75 жасына қараған  шағында  белгілі тарихшы, тарих ғылым­дарының докторы, профессор, ҚР Гума­нитарлық ғылымдар ака­де­мия­сының академигі, Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері Тілеу Садуа­қасұлы Көлбаев өмірден озды.
Тілеу Садуақасұлы 1942 жы­лы 12 шілдеде қазіргі Ақ­мола облысы Макинск қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді.  Әскерден оралған  соң ҚазМУ-дың тарих факультетіне түсіп, оны бітірген соң туған жерінде Макинск аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде меңгерушісі,  Алматыдағы Фрунзе аудандық партия комитетінде  лауа­зымды қызметтер атқарды.
1984 жылы академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми же­тек­шілігімен «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарын­да» тақы­ры­бында канди­даттық, 1994 жы­лы «Орта Азия және Қазақстан Ұлы Отан жылдарында» деген тақы­рыпта докторлық дис­серта­ция қорғап шықты. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын Мәс­кеудің төрт Мемлекеттік архивінде жүргізіп, көптеген құжат­тар мен деректерді ғылыми айналымға алғаш рет енгізді. Тілеу Сәдуақасұлы нағыз ғалымға тән төзіммен, еңбекқорлықпен, талмайтын ізденісімен көзге түсті.
ҚазМУ-дың тарих факультеті деканының орынбасары, Қазақтың спорт және туризм академиясында декан, «Дарын» универ­ситетінде әлеуметтік-гуманитарлық ғы­лымдар про­рек­­­торы, гуманитарлық білім бе­ру орталығының директоры, Т.Рыс­­құлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің прорек­торы қызметтерін атқар­ды.
Қалам ұстап ғылымға ден қой­ған жылдары Сталин­дік реп­рессия мен екінші дүние жаһан соғысы тақы­рыбында мыңнан астам мақа­ласы жарық көрді. Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығына орай «Бә­рі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін», «Все для фронта, Все для Победы», «Өшпес даңқ», «Вечно живые», «Алматы Ұлы Отан соғыс жылдарында», «Отан үшін от кешкендер», «Суровая драма народа» атты кітаптары жарық көрді.
Тілеу Көлбаевтың ақжарқын бейнесі мен риясыз көңілі мәңгі есімізде. Марқұмның жа­ны жәннатта болғай!

«Президент және Халық» газетінің редакциясы

Жауап қалдыру