Тарихшы шерткен мөлтек сыр

0
99

Бойы ортадан биік, тік кеуделі, кең иықты, кейін қарай қайыруға көнбей жалдана көтерілген қою қара шашты, түзу, қыр мұрынды, сымбатты жігіттеріміздің бірі Мәмбетпен мен алғаш автобус аялдамасында кездейсоқ кездесіп қалдым. Оның ойға толы әр лебізі мені өзіне магнитше тартып, біржола баурап алды.
Әсіресе: «Еліміз гүлденіп, халқымыз әр уақытта аман, абыройлы болса екен», – деген сөзі саналуан сезім сыйлап, ойымды дүр сілкіндірді.
Ол кез еліміз әлі тәуелсіздік алмаған, одан мүлде хабарымыз жоқ кез еді. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Мәмбетпен қарым-қатынасым үзілген емес. Біраз уақыт хабарласа алмай қалсам, көңілім қоңылтақсып, алаңдайтыным бар. Мұндай сезімді онымен араласып-құраласқан жандардың бәрі бастан кешері күмәнсіз.
…2014 жылдың көктемі. Зеңгір көк төрінен күн шұғыласын төгіп, бар әлемді арайландыра түскенімен қызуы бәсең. Мәмбет екеуіміз орталық саябаққа еніп, «Аққу» кафесінен тамақтанған соң, оңашалау тұстағы арқалығы биік ұзынша орындыққа қатар жайғастық. Ол:
– Мемлекет қалай болу, мемлекетті қалай басқару керек? Бұл Хас Қажыб Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабында тамаша бейнеленген, – деп бастады сөзін. – Сондықтан данышпанның ілімін барлық оқу орындарында оқытуға міндеттіміз. Болашақ Қазақстанды бас­қаратын мамандар оның еңбегін бес саусағындай білуге тиіс.
Баласағұнның кереметтігі, ғажаптығы шығармасын парсыға, арабқа, не батысқа еліктеп жазған жоқ, керісінше оның бүкіл данышпандық ойлары біздің туған топырағымыздан бастау алды. Кейіпкерлері Күнтолды, Айтолды, Елікті алып қарастырсаңыз, ой, несін айтасыз, бәрі қазақи түрік тілді керемет кейіпкерлер. Мен олардың бейнесінің жасалу ерекшеліктері туралы үлкен мақала жазып қойдым. Оны жақында жариялаймын. Данышпанның мемлекет басқарудағы ойлары керемет. Баласағұн:

– Жақын тұрса бектер ізгі адамға,
Жақсылыққа іңкәрленер жаман да, – дейді.

– Егер бекті иектесе жамандар,
Ел үстінде жалаңдар сол арамдар.
Құтты кісі «Құттымын!» деп лепірме,
Даңқты кісі даңқыңды айтып есірме.
Ессіз бүгін қанша есірер, құлшынар,
Ертең сонша өкінішке тұншығар, – дейді.
– Тамаша ой екен.
– Егер ізгі болса елдің басшысы,
Түгел ізгі болар атшы, қосшысы, – дейді.
Бұл жолдарды оқыған кез келген адамның көзі ашылып, ойы толыса түсері сөзсіз. Көрдіңіз бе, Мәке, 645 бет кітаптың іші осындай данышпандық ойға толы.
Біздің бүгінгі ерекше көңіл бөлетін мәселеміз – жастарымызды адалдыққа, ізгілікке тәрбиелеу. Адал, ізгі ойлы бала ғана өзінің ата-анасын, елін сүйеді, – дей келіп, Мәмбет Баласағұн ілімін оқу орындарымызда оқыту керегі жөнінде толқи, тебірене сөйледі.
– Ол үшін арнайы іс-шара белгілеу керек шығар, – деген маған:
– Қазір мен соның әрекетінде жүрмін. Министрдің қабылдауында болып, ой-жоспарымды түгел айтып шықтым. Менен кейін ғалым Әбсәттар Дербісәлі кіріп бара жатыр екен:
– Жағдайды министрге Сіз де айтыңыз. Осы идеяны өткізейік, – деген едім:
– Жарайды, бастамаңыз жақсы бастама екен, – деп ол бірден құптады, – деді.
Менің өтініш-хатыма министрлік: «Қазір анау жоқ, мынау жоқ, қаржы тапшы. Бұған кемінде біраз даярлық керек. 2016-2017 жылдары қолға алып қалуымыз мүмкін», – деген тәрізді екіұшты жауап жазды. Енді Жамбыл облысының әкіміне барайын деп отырмын.
Осы бастаманы қолға алып, жүзеге асырсақ, елімізге көп пайда келтірер едік, – деп нақты дәлелдермен көзін жеткізе сөйлеспекпін.
– Көтерген мәселең шынында да аса маңызды мәселе екен.
– Маңызды болғанда баға жетпес маңызды.
– Бұл мәселені неге Астанада көтермейсің?
– Астанада Түрік академиясы бар. Оның президенті Дархан Қыдырәлі. Оған да жолығып: «Осы бастаманы қолға ал», – деп айтпақпын.
Баласағұнның еңбегін бүкіл түркі елі мемлекеттеріндегі оқулықтарға енгізіп, жастарымызды сол негізде тәрбиелеу керек. Мұны енді кешіктіре беруімізге болмайды. Енжарлықтан арылатын кезіміз әлдеқашан жетті.
Ұрпақ тәрбиесінен маңызды ешнәрсе жоғын Баласағұн керемет түсінген. Тыңдаңызшы:
– Еліктіріп жалған дүние арбады,
Бердім көңіл, сырт айналды, алдады.
Керексіздің бәрін жиып тастаппын,
Керексізден нәпсіге еріп қашпаппын, –
деп адам бойындағы әлсіздік-дүниеқоңыздықты сынайды. Сынағанда өз басынан өткен кемшілік ретінде одан жирендіреді. Данышпан айтар ойын қарапайым жолдармен бала сана-сезіміне ұмытылмастай, әсерлі өрнектеген.

– Дүние үшін жанған отқа жүгірме,
Тый нәпсіні, сорың содан түбінде.
Жайсаңдармен жақын жүріп танысқын,
Арамдармен алыс жүріп алысқын.
Сұғанаққа сырыңды ашып, таратпа,
Опасызды есігіңнен қаратпа.
Ақылға сен, сан пәледен қағады,
Ақылды аты мәңгі бақи қалады.
Өзге үшін құрбан болма тектен-тек,
Отқа күйме, бағаңды біл кеткенше… –
деген тамаша ой айтады.
Кітапты ақын Асқар Егеубаев данышпан ойларының нәрін сақтап, сәтті аударды. Оған деген алғысым шексіз.
Мен жақында Шығыс Түркістаннан келген түркітанушы маманмен кездестім. Ол:
– Баласұғын кітабының берлиндік, ферғаналық, түркілік үш нұсқасы біріктіріліп, ұйғыр тілінде жеке кітап болып шықты. Оны қазақша аударсаңыздар көп олжаға кенелесіздер, – дегенді айтты. Амандық болса, ол істі де кешіктірмей қолға алуымыз керек. Өйткені ол біздің төл тумамыз ғой.
Баласағұн кітабы ХІ ғасырда Жамбыл облысы Шу өңірінде жазылған. Ол кезде мұндай кітап Еуропада болмаған.
Әнеукүні сіз Серік Үмбетовтің тарихи қаһармандар ескерткіштерінің көптеп бой көтеруіне ерекше қамқорлық жасап жүргенін сөз еткен едіңіз. Ол елдің тарихи санасын оятып, ұрпағымызға ерлік рухын сыйлайтын өте құптарлық та, қуанарлық әрі елге өте керек іс. Бірақ мұндай әрекеттер Жүсіп Баласағұннан бастау алғаны абзал.
Данышпанның еңбегінде өмірді, адамдарды түсіндірудегі ой толғаулары, өмірге, адамдарға деген бағасы, көзқарасы ғажап. Біз данышпанның қадіріне жетпей жүрміз. Тыңдаңызшы:

– Барлық істе сабырлы бол, көшелі,
Сабырлы жан тілегіне жетеді.
Кісіге өштік, өзіңе де қас қылма,
Жақсылық қыл, нәпсі ындыңды басқын да.
Егер қайғы жараласа жаныңды,
Күт сабырмен туатын шат шағыңды.
Тұз-дәміңді бөліс, жаса қайырым,
Кешіре сал көрсең кісі айыбын, –
дейді. Қандай ғажап өсиет?! Баласағұн еңбегі оқу орындарында оқытылса, әрбір жас жеткіншегіміз даналық ойлармен сусындап, елін сүйген ізгі азамат боп өсер еді. Мысалы, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романында майдан төрінде туды құшақтап өліп жатқан жауынгерді көрген Наполеон:
– Міне, сұлу өлім – дейді ғой.
– Иә.
– Соның өзіне қанша адам еліктеп, жігерленеді десеңізші. Ал Баласағұнның әр сөзі қандай керемет?!
– Ешуақытта саспа, асылық ойлама,
Бітер істің толғағы бар, ей, дана, – деген тәрізді тәрбиелік мәні терең жолдарын оқығанда еріксіз па, шіркін дейсіз.
– Мәмбет, Айтолды туралы ойыңмен бөлісші?
– Айтолды әбден ақыл жинап, кемеліне келген кезінде: «Құдайға шүкір, ақылым пісіп, толысты. Байқаймын, енді елімнің қадір-керегіне жарап қалуым мүмкін», – деп жолға шығады. Елік патшаның сарайына барып, уәзірді тауып алады да:
– Мені Елік патшаға жолықтыр, – дейді. Уәзір бұл қандай жан деп таң қалып, сөйлесе келе өзінің алдында данышпанның отырғанын сезеді.
– Апыр-ай, мен бұрын-соңды сіздей жанды көрген жоқ едім. Патшаға бейтаныс адамды кездестіру өте қиын. Тәуекел, тақсырға барып, сізге бір адам жолықпақ деп айтамын, – дейді.
Елік патша мен Айтолды кездесіп, сөйлеседі. Айтолды патшаны олай да сынайды, былай да сынайды. Ең соңында патша:
– Мен сөзіңе иландым. Ең жақын кеңесші-уәзірім бол, – дейді.
Айтолдының тұлғасын сомдау арқылы Баласағұн: «Жақсы биліксіз ел ел болмайды, билік ізгіліктен нәр алуы, ол үшін патшаның жанында алаяқтар жүрмей, ізгі жандар жүруі, патшаның кеңесші-уәзірі де ізгі болуы керек, патшаның төңірегін алаяқтар торласа, олардың әңгіртаяғы елдің төбесінде ойнайды. Тағы ескерер жағдай, билік білімге жақын болуы, білімді мойындап, білімге жол ашуы керек. Халыққа білімді жеткізетін ғалымдар, данышпандар. Билік оларды сыйласын, данышпандарға жағдай туғызсын», – дейді.
Патшаның: «Сенің атыңды Айтолды деп неге қойған?» – деген сұрағына қайтарған Айтолдының жауабы да таң қаларлық. Бәрін айта бермейін, Айтолдының жауабын оқырман өзі оқысын…
Бұл тарихшы Мәмбет Қойгелдінің бір жолыққанда шерткен сыры. Мәкең­нің өмір жолы жастарымызға өнеге. Ол Қырғыз Мемлекеттік универ­сите­тінің тарих факультетін бітірген, қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­даго­гикалық университетінің оқы­тушысы, Қазақстан тарихшылары қауым­­дас­тығының төрағасы, Қазақ­стан Ғылым Академиясының коррес­пон­дент-мүшесі, 2007 жылы Оксфорд (Ұлыб­ритания) қаласындағы Халық­аралық комитеттің шешімімен бүгінгі қоғамның интеллектуалдық дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық Сократ атындағы сыйлықтың иегері атанды. Вена қаласындағы (Австрия) Халықаралық Университеті Ғылыми Кеңесінің ұйғаруымен осы оқу орнының құрметті профессоры болып сайланды. Жақында жасы жетпіске толған Мәкеңе ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.

Мамытбек Қалдыбай,
жазушы.

Жауап қалдыру