Тарихи тұлғаларды тірілткен

0
239

Қаратерең…
Сырдың теңізге құяр саға­сында орын тепкен, қос алыпты тел емген ауылда дүниеге келген Бегімбай Ұзақбаевтың бала қиялы бай болған секілді. Өйткені ақжал толқынды теңізде жүзген кемелер де, дариядан таралған айна көлдердегі ақжелкенді қайықтар да қиялына қанат бітіретін. Сондықтан арманшыл ауыл тентектерін үлкендер «Осылардан бір нәрсе шығады» деп арқадан қағып қоятын еді.
Бәкең осылай балықшы отбасында 1948 жылы 15 сәуірде Кіші Арал теңізі дең­гейін сақтап тұрған, Көка­рал плотинасы салынған Қара­терең ауылындағы Қоса­ралда өмірге келген. Бұл жер Украинаның кобзарь ақыны Т.Г.Шевченконың патшалық Ресей кезінде екі жыл айдауда болып, «Қосарал», «Баян», «Арал теңізі» суреттерін қылқаламмен сал­ған, қасиетті де балығы тай­дай тулаған, береке дарыған дария мен теңіздің тоғысқан жазиралы жаға­лауы.
Жазушының балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Майданнан жарақат алып оралған әкесі Ұзақбай сұм соғыстың зардабынан ұзақ өмір сүре алмады. Ол дүние салғанда Бегімбай небәрі үш жаста болатын. Отбасының барлық салмағы анасының иығына түсті. Он үш құрсақ көтерген қайратты Сәнімнің қолында баласы мен қызы ғана қалды. Осылайша жастайынан тұрмыс тауқыметін көрген олар ерте есейді. Балық зауытында сұрыптаушы болып жұмыс істейтін анасына қолғабыс жасады. Бекеңнің ән айтып, домбыра тартуға, сурет салуға қабілеті ерте байқалды. Қаратереңге келген Ленинград суретшілер училищесінің студент­тері оның дүниелеріне қызығушылық танытыпты. Сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін жас суретшіге аталған училищеден оқуға шақырту келеді. Алайда анасы жалғыз ұлын алысқа жіберуге жүрексініп, қарсы болыпты. Бірақ талапкер бала өзінің бақытын қарасөзден маржан теріп тапты десе болады.
Біздің Бәкең де қаламын құшақтап туған әріптес­теріндей ауылдың кітапха­насын «оқып тауысып», қария­лардың ескі әңгіме­сін есіне сақтап, ертегі-жырлар­ға құрышын қандырып, көр­ген білгендерін жадына жинап, ойын қағазға түсіруден жалықпаған еді. Мектепте жүріп аудандық «Толқын» газеті мен «Қазақстан пионеріне» мақалалар жазып ауылда бала тілші атанды. Сол бала тілшіден дана тілшіге жету үшін оқу мен еңбегін жалғастырып үлкен өмір жолына түсті. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Қызмет барысында Алматы жоғары партия мектебін тәмәмдады. Еңбек жолын мектепте ұстаз болудан бастаған Бәкең мағыналы да тағылымды өмір мекте­бінен өтті. Облыстық телерадио хабарларын тара­ту комитеті мен комсомол, партия органдарында жа­уап­ты қызметте болды. Об­лыс­тық партия комитетінде нұсқаушы, КСРО Министрлер кеңесі Дін істері кеңесінің Қызылорда облысы бойынша өкілі, облыс әкімі аппаратында бөлім, сектор меңгерушісі және бас инспектор қызметтерін атқарды. Ол жемісті еңбек еткен қырық жылдан ас­там уақытта облыстың әлеуметтік-экономикалық жағ­­дайын көтеруге, Сырдың мәде­­ниеті мен рухани дү­ниесін дамытуға белсене қа­тыс­ты.
Жазушы алғашқы тарихи тақырыбына кездейсоқ келмеген еді. Бегімбай Ұзақбаев Жалаңтөс Баһадүр қорының жұмысына белсене араласа жүріп, батырдың 425 және 430 жылдығын өткізуге атсалысты, халықаралық және республикалық кон­фе­­ренцияларды ұйым­­дас­тырудың басы-қа­сында болды. Қаһарман қолбасшының ескерткішін орнатуға, мектептер мен ауылдарға есімін бергізуге байланысты жұмыстарға араласты. Сөйтіп жүріп Өзбекстанға делегация құрамында бірнеше рет сапарлап барды. Самарқан мен Нұратада болып, баба салдырған Шир­дор (Арыстан қақпа) және «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) кесенелеріне зиярат етті. Көне ғасырдың көзі тірі жәдігерлерінде баба рухымен осылай сырласып, тарихымен тілдесті.
Қаламгердің ең­бек­­қор­лы­ғы мен ізденім­пазды­ғы­на рухани қуаты қосылып қазір әдебие­тіміздің ауыр да күрделі жанры тарихи тақырыпты ендете жазып келеді. Көп жылғы жемісті ізденістері мен толға­ныс­тарының нәтиже­сінде өмірге «Жалаңтөс Баһадүр» романы келді. Туындыға зама­­ны­мыздың заңғар суреткері Әбіш Кекілбаев Тұран батырының тарих пен ұрпақ үшін мәнін ардақ­тап керемет алғысөз жазды. Даң­ғайыр жазушы інісіне «Бегімбай жаным, көптен бері осы тақырыпты жаз­сам ба деп ойланып, тол­ға­нып жүр едім, бірақ батылым бармады, қорықпай бұл дүниені қалай жазып жүрсің, өзің нағыз батыр екенсің» деген сөзі әрдайым қаламгерді қанаттандырып, қамшылап отырады.
Көне қаланы қазып, сынған құмыра мен тот басқан қылыш тапқан археологтай қуанып, сол заманғы шаһарлар мен шайқастарды суреттеп, бабалар рухында өмір сүрген қаламгердің туындыларында жанкешті еңбек жатыр.
Жазушы қаламынан бұ­дан өзге «Қарабура», «Сопы Әзиз пір», «Марал баба», «Сартай батыр», «Бай­қа­зақ», «Алдаспандар рухы» тарихи романдарымен бірге «Тағдыр», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өрген бәйтерек», «Шырағың сөнбесін», «Сырымды саған айтам», «Қилы заман-ай», «Шығар күннің шуағы» атты повестері мен әңгімелер жинақтары жарық көрді. Ұзын саны 20-дан астам прозалық кітаптардың авторы, 21 әдеби-көркем және деректі повесть, 67 әңгіме мен хикаят және 27 ертегі жазған еңбекқор қа­ламгер. Сонымен бірге аудармашылықпен де ай­на­лысып, балалар жазу­шысы И.Акимушкиннің әңгіме­­лерін қазақша сөй­ле­тіп, бүлдіршіндерге тарту еткен. Республикалық және облыс­тық тақырыптық бай­қауларға қатысып, бірнеше рет очерктер мен повестері жеңімпаз атанды.
Қазақстан Жазушылар Одағының жыл сайынғы әде­би жыл қорытынды­ларына арнал­ған басқосу­ларда оның тарихи романдары мен деректі хикаяттары мақталып, сыншылардан лайықты бағасын алып келеді. Өткен жылы проза саласы бойынша талдау жасаған белгілі жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың романына былай деп баға берді:
«Тарихи тақырыпқа ар­налған шығармалардың бірі – Бегімбай Ұзақбаевтың «Сартай батыр» романы. Романның оқиға желісімен оқырмандар «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі арқылы жақсы таныс. Оқиғалар ортасынан табылатын бас кейіпкер Жоңғар мен Хиуа шапқын­шылық­тарына қарсы соғыс­тарда өзінің қаһарман­дығы­мен және ұйым­дас­тыру­шы­лық қабі­летімен көзге түседі.
Әдетте қалыптасқан тә­жірибе бойынша көркем фильм оқырмандар арасында кеңінен танымал болған шығарманың негізінде, соның сюжетінің желісімен түсіріліп жатушы еді ғой. Ал бұл жолғы шығармашылық байланыстың сипаты кері­сін­ше. Шығармада автор­лық баяндаулар арқы­лы бұрын көп айтыла бермейтін тарихи деректер келтірілген.

Оқиғаның негізгі фабуласы басты қаһарманның төңірегінде дамып отыратындықтан, шашы­раңқылық жағы шағындау. Сондықтан аталған роман оқырманын онша шаршата қоймас деп үміттенеміз…»
Бәкең деректі прозада өнімді де өрнекті еңбек еткен қаламгердің бірі. Жазушы-журналист Жұмабек Кенжалин оның дәйегі мен мәйегі мол дүниелері туралы тұщымды пікір білдірген: «Біздің қолымызға тиген кітаптың бірі Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат» деп аталатын деректі хикаяттар кітабы. Мұнда негізінен ел құрметіне бөленген азаматтардың қилы тағдырлары мен олардың бастан кешкендері шығармаға арқау болған. Айталық, «Қалдырған ізің мәңгілікте» Жақсылық Жылқышиевтің азаматтық тұлғасын сомдайтын оқиғалар өзек етіп алынса, «Арман мұратына адалдық» атты хикаят Сыр өңіріне ерекше еңбегі сіңген Елеу Көшербайұлының тағдыр жолын әңгімелейді. «Өрге өрлеген өр тұлға» деп аталатын хикаят Кеңесбай Қалитегінің тағдыр-талайынан сыр шертеді. Ал Қалыбай Бекенұлының басынан өткендері «Шырағың сөнбесін» деп аталатын хикаятқа арқау болған. Кітаптың өз оқырманы бар ғой деген ой түйдік. Себебі, мұнда Сыр бойы елінің кешегісі мен бүгінгісі өзінің жанқиярлық еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленген абзал азаматтар туралы қалтықсыз әңгіме айтылады».
Бұл орайда қаламгердің әріптесі Жақау Дәуренбеков те бұрын көркем шығарма жазып танылған автордың деректі шығармалармен жаңа үрдісті публистиканың үлгісіндей оқылымды, ұлтқа берер тәлімі, айтар ақиқаты бар, ұрпақ жадында ұлағат үшін қалдырар, осылайша өз оқырманын таба алатын дәйегі мол дүниелер жазғанын атап өтеді.
Қазақстан Жазушылар одағының биылғы ХV құрылтайында да көр­кемдік-эстетикалық талаптарға мүмкіншілігінше жауап бере алатын, екі құрылтай аралығындағы тәуір деген шығармалардың алдыңғы қатарында Бегімбай Ұзақбаевтың тарихи тақырыпта көтерілген прозалық туындылары тұрғанын ескеруі, жазушы романдарының жоғары бағаланғанының айқын көрінісі деп ұғынамыз. Қазақ әдебиетінде бұрын ауызға алына бермейтін Қоқан мен Хиуа шапқыншылығына қарсы күрестегі қазақ қаһармандарының ерлік күрестері жайлы жазылған шығармалары түрлі көркем әдеби суреттеулер мен шынайы нанымды баяндаулар арқылы көбімізге беймәлім тарихи деректер келтіруімен құнды.
Бәкең отбасында жары Күнилә екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етуде. Талантты жазушы бүгінде 20-дан аса немере мен бірнеше шөбере сүйген ардақты ата. Немерелерінің алды шетелде білім алды. «Бейнеттің зейнетін көрді» деген осы.
Бәкеңнің жанр талғамайтын және өндіріп жазатын еңбеккештігі мен оқырман талабына сай байсалды шығарма тудыратын қабілетті көп қаламгерлерге үлгі сияқты. Жазушы Б.Ұзақбаев «Еңбектіге ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл», «Халықаралық М.Шолохов» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Мәдениет қайраткері, «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы республикалық қор төрағасының орынбасары, Арал және Қазалы аудандарының құрметті азаматы.
Ер көңілді, ер мінезді азамат бүгінде 70 жасқа толып, шығармашылық қуатының дер шағында. Тарих пен тұлғаларды тірілтіп, олардың жарқын бейнесі мен өшпес ерлігін халқымен қауыштырған қарымды қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың ойлы оқырманына берер сүбелі дүниелері әлі де алда деп білеміз. Осылайша қаламыңмен халқыңа қызмет ете бер демекпіз.

Жұматәли ӘБДІРАМАН.
Қызылорда қаласы

 

Жауап қалдыру