Табиғаттың қуатын бағындырған энергетик Өмірхан Әбдіқалықов туралы сыр

0
33

Табиғаттың қуатын бағындырған
энергетик Өмірхан Әбдіқалықов туралы сыр
Өмірхан ағаның осы маман­дық­ты қалауына сонау 40-шы жыл­дардың соңында еліміздегі, соның ішінде аядай ғана ту­ған жері Қастек ауылындағы қол­дан салынған шағын су электр­с­тан­циясы себепкер болыпты. Басқа елді мекендерде электр жары­ғы жоқ кезде Қастек ауылы түнге қарай жарқырап тұру­шы еді. Техникаға жақын жер­­гі­лікті адамдарға сырттан кел­­ген мамандар электрс­тан­саның жұмысын түсін­діріп, оны басқаруды үйрететін. Бұрын ешкім естіп білмеген электрик мамандығымен солай танысады. Ауылдың алғашқы элек­тригі Әбжәли деген азамат болған. Сым тарту үшін шұңқыр қазып, оған тірегіштің көмегімен; «Раз-два-взяли, еще раз Әбжали» деп бағаналарды тұрғызып, бекітіп, оның басына арнайы темір тұяқ­тармен шығып, сымдарын жалғаушы еді. Осы жағдайлар Өмірханға әсер етті.
Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінен соң, екі жыл өндірісте жұмыс істеп, Қазақ мем­лекеттік ауыл шаруа­шы­лық институтының электрфакуль­тетіне түседі. Үлкен қуанышпен үйге келген Өмірханнан құла­ғының мүкісі бар Жақып әкесі: «Балам, қандай оқуға түстің?» – деп сұрайды. Инженер-электрик дегенді бұрын-соңды ес­тімеген адам әлгі сөзді айта алмай, «Е… әлің келгені сол оқу болғаны ғой. Әбжәли бауырымыз оны оқымай-ақ атқарып жүр емес пе?!» – дегені бар-тын. Сол Әбжәли ағаның мамандығы бойынша Қастек ауылында ал­ғаш жоғары кәсіби білім алған, оны толық меңгерген Өмірхан болды.
Ағасының ізін қуып осы ма­мандықты інілері Болат­хан, Бейбіт игерді. Олардан кейін мар­­құм болып кеткен жерлес інісі Баймұрат Қалықов осы ма­ман­дық бойынша тіпті ғылым док­торы атағына ие болды.
Өмірхан еңбек жолын аудан­дық байланыс жүйесінде монтерліктен бастады. Қастек геология басқармасында бұрғылау­шы болып жұмыс істеді, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, арнайы құрылыс-монтаж министрлігі жа­нындағы «Казэлектромонтаж» бас­қармасында 1967-1974 жылдары шебер, прораб қызметін атқарды. Алматының көптеген күрделі құрылыстарын салуға ат­салысты. Зәулім тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, зауыттар, фабрикалармен қатар, Қазақ Радио үйі, «Қазақфильм» киностудиясы, Республика сарайы, «Алматы» әуежайы, «Медеу» мұз айдыны сияқты т.б. құрылыс орындарының электр жүйесін монтаждап, Алматы қала­сының көркеюіне көп еңбек сіңірді.
Соңғы қатынасқан құрылыс ны­саны – «Медеу» мұз айдыны іске қосылғаннан кейін, білікті маман ретінде осы мекемеге бас энергетик болып қызмет істеуге шақырылып, 1974 жылдан 1981 жылға дейін осы әлемге әйгілі биік таудағы күрделі инженерлік жүйесі бар «Медеу» спорт кешенінде бас инженер болып қызмет атқарды.
Осы жылдарда бұл спорт ке­шенінде коньки жарысынан 200-ден астам әлем, Еуропа, Азия, республика рекордтары жа­сал­ды. «Медеу» кешенінің аты айдай әлемге жарқырап танылды. Мұндай кереметті тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен делегациялар, туристік топтар келіп жататын. Мемлекет басшыла­рын, сыйлы меймандарды елі­міз­дің сол кездегі башысы – қадірлі Дінмұхамед Қонаевтың өзі бастап келетін. Өмірханның еңбегіне риза болып бірде арқасынан қаққаны да әлі күнге есінде. Осындай оқиғаларға куә болғандардың да, жетістіктер­ге жету жолын қамтамасыз еткен­дердің бірі, қарапайым ауылдың қара баласы, Қастек ауылының түлегі Өмірхан Жақыпұлы болатын.
Кейін, 1981-2001 жылдары Қазақ Республикасының матери­алдық жабдықтау комитетінде («Госснаб»), кейінен «Казконтракт» акционерлік қоғамында «Каз­электрокомплектснаб» басқар­масының бастығы, рес­публикалық «Казмашкомплект» бірлестігі бастығының бірінші орын­басары, «Казтяжмашконтракт» фирмасының бас директоры қызметтерін атқарды. Сол кезеңде «Госснаб» мекемесі рес­­публика экономикасының кү­ре­тамыры іспетті, ең маңызды құры­лым еді. Осы ұжымда рес­публикаға белгілі Жанша Тәңкібаев, Ұзақбай Қараманов, Амангелді Бектемісов, Қанат Тұрапов сияқты азаматтармен қызметтес болды. Осы кезеңде «жоспарлы экономика» сылтауы­мен көп сұрақтар Мәскеу арқылы шешілетін. Соған байланысты, Өмірхан жиі-жиі Мәскеуге барып, елімізге керекті құрал-жабдық, машина жасау өндірісінің өнімдерін жоспарлы түрде, кейде жоспардан тыс көлемде алып келіп отырды. Сөй­тіп еліміздің әйгілі кен байыту орындарын, шахталар мен ірі комбинаттарды, зауыттарды, әр­түрлі техника, машина, жол жасау кәсіпорындарын электр және машина жасау өнімдерімен қам­тамасыз етіп отырды.
Туған жерінің патриоты ретінде ауылына, Жамбыл ауданына қолынан келген көмегін жасады. Қастек ауылындағы алғашқы телевизия сигналын тартатын қондырғыны, жер астынан су көтеретін құбырды, аудан ме­ке­мелеріне, кеңшарларға ав­то­көліктер, эксковатор, электр жүйесі құрал-жабдықтарын жос­пар­дан тыс бөлінуіне ықпал етті.
Қазақстанда Азияда ойындарын өткізуге дайындық ке­зең­інде, білгір маман ретінде Алматы қаласы әкімдігінің «Спорт және дене шынықтыру» бас­қар­масының шақыруы бойынша «Медеу» спорт кешеніне ди­ректордың кеңесшісі болды, осы қызметті әлі де абыроймен атқарып келеді. 2011 жылғы Азияда ойындарының, 2012 жыл­ғы бендиден (доп хоккейі) Дүниежүзілік жарыстарының жо­ғарғы деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты.
Өмірхан Жақыпұлы өз сала­сындағы қол жеткізген жетістіктеріне орай көптеген мақтаулар мен марапаттауларға ие. Алматы қаласы әкімінің «Спортты дамыту мен насихаттауға қос­қан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен, ҚР Спорт және Денешынықтыру істері Агент­тігінің бұйрығымен «Дене шы­нық­­тыру және спортты дамы­туға сіңірген еңбегі үшін» төс­белгісімен марапатталды. Ал, 2013 жылы Жамбыл аудандық мәслихатының шешімімен «Ау­дан­­­ның әлеуметтік-эконо­ми­ка­­­лық және мәдени дамуы­на қосқан қомақты үлесі мен қо­ғам­дық өмірдегі белсенді қыз­­меті үшін» Жамбыл ауда­ны­ның Құрметті азаматы атағы берілді. «Жастарды ұлттық жү­йе­­де» тәрбиелеуге, саламатты өмір салтын уағыздаудағы үлгілі қоғамдық қызметі мен ерен еңбегі үшін» «Бәйтерек-Кел­ді­бек» қоғамдық қорының Алтын төсбелгісімен марапатталды.
Өмірхан, марқұм зайыбы, Қастек ауылының қызы Тұрсынкүл Әбілбекқызы екеуі өнегелі жанұя құрып, қыз өсіріп, үш ұлынан немере сүйіп, ба­қытты ата-ана, ата-әже болды. Не­мерелерінің алды жоғары білім­ді маман. Үлкені Әйгерім Кипр елінде халықаралық қа­тынас­­тар мамандығына оқуда, Темірлан әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-нің студенті, қал­­ғандары мектеп оқушылары. Осындай өзінің өнегелі өмірімен Өмірхан Жақыпұлы кейінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі болып келеді.
– Жасым міне, биыл 75-ке келіпті. Өмірімдегі есте қалар­лық ерен оқиға – мен үшін елі­міздің қадірлі азаматы Димаш Ахметұлы Қонаевпен бір­неше кездесу. Ол кісінің қара­пайым­ды­лығы, ізгілігі, айт­қан сөздері үнемі жадымда. Димекеңнің өмірі халқына қыз­мет етудің жарқын үлгісі, – дейді Өмекең сол бір күндерді еске алып. Бүгінде өзі де құрметті зейнеткер Өмекең жастарға иман­дылық тәрбиесін сіңіруге, адамгерші­лікке тәрбиелеуде айтарлықтай үлес қосып келеді.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.

Жауап қалдыру