Тәуелсіздікке қызмет еттім!

0
143

дейді қарт журналист Жүкен Базарбаев

Осы қаңтар айының алғашқы күндерінде белгілі журналист, қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жүкен Рахметұлы Базарбаев 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. Ол 2016 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, өткен жылдың соңында мерейтойы қарсаңында өзі туған өңірдің яғни «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Қарт журналистің өмір жолы көпке өнеге боларлық. Ол Мақаншы өңірінің Тарбағатай тауына бет алған тұсындағы Жидебай ауылында 1938 жылы қаңтар айында дүниеге келді. Әкесі Рахмет сол өңірдегі «Аққайың», «Көлденең», «Молотов» ұжым­шарларында басқарма төрағасы қызметтерін атқар­ған кісі еді. Жүкен – бала­лық шағын соғыс жалмаған ұрпақтың өкілі. Тырбанып жалғызілік қамытын тартқан анасы Қамарияға көмектескісі келетін. Онсыз да алдыңғы балалары шетінеп кеткендіктен анасына аман қалған Сатыбалды мен Жүкенін жеткізу оңайға түскен жоқ. Соғыс уағының бар қиыншылығын артқа тастады. Сол бір қысталаң шақ, Жидебайдағы төрт кластық мектептің табалдырығын имене аттағаны, алғаш әріп танытқан ұстазы Дина Мырзаханова Жүкеңнің есінде мәңгілікке қалыпты.
Төртжылдықтан соң Жүкен Мақаншыдағы интернатқа қабылданады. Сол жерде дәріс алған Қазкен Мекебаев, Абылайқан Ахметжанов, Рашида Торыбаева, Василий Бондаренко, Федор Ермаков, Әрін Жексеитов, Гүлбаһрам Мұқажанова, Каттебай Ноғаев, Мария Малыгина, Мәкен Чаева, Сапарбек Оңғарбаев сияқты ұстаздары адам болудың үлкен жолына бастады. «Бір жылы қар қалың түсті. Күн суық, аяқ киімім жыртылып, жалаңаяқ қалдым. Осыны көрген ұстазым, бүгінде көзі тірі Сапарбек Оңғарбаев аяғындағы ақ пимасын шешіп берді. Қыстай аяғым қыз-қыз қайнап жылы болды, ал ұстазым суыққа қарамай өзі қыстан етікпен шықты. Ұстазымның осындай қамқорлығын қалай ұмы­­тайын» деп еске алады Жү­кен.
Қарт қа­лам­гер бір кездегі өзінің сынып­­тастары мен жерлестерін сағынышпен еске алады. Өзінен бірнеше сынып жоғары оқыған Тұрысбек Рахымбаев, Мұхаметқан Мая­қов, Төлеутай Жолдыбаев, Төлеген Жирентаев, Маман Жүнісов, Қасымсейіт Мақа­жанов сынды ағалары, бір сыныпта оқыған Мұсажан Байназаров, Мәукен Семізбаев, Замаш Бекарысов, Мұхтар Төлеубеков, Даней Саметова, Разалия Төлендинова, Ақажан Бапсанова, Фая Торыбаева, Роза Маусымбаева, Құлыншақ Саметбаева, Марлес Семетбаев, Сайлау Баймендинов, Үміт Ыбыраева және тағы басқалар шетінен ауыл мақтаныштары еді. Бәрі сан-салалы мамандық иеленіп, Отанға адал қызмет етті, ұрпақ өрбітті.
1959 жылы Мақаншы аудан­дық газетінде Жүкеннің журналистік өмірі басталды. Мұның алдында екі жыл бұрын КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен. Оқу мен еңбекті қатар ұштастырды. Аудандық «Қызыл жұлдыз» – «Красная звезда» газетіне ауылдағы атқарылып жатқан игі істерді, кейбір кемшіліктерді үзбей жазып тұратын. Аудандардың қосылуына байланысты 1962 жылы Мақаншы аудандық газеті жабылған соң, Үржар аудандық «Красное знамя» – «Қызыл ту» біріккен газетінде істеді, тәжірибе жинақтады. Редактордың орынбасары, редактор болды. Араға төрт жыл салып Семей облыстық телевизиясына жұмысқа шақырылады. Ұзамай Семейде жұмыс істеп жүрген орыс-қазақ журналистерінің арасынан жарқ етіп Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) тілшілігіне ұсынылсын. Бұл үлкен сенім болатын. Нағыз қайнаған журналистік тіршілік басталды. Ауылдан шыққан жас үлкен ортаға тез-ақ бейімделді. Аға буын журналистерден үйренді. Оралымды, оперативті жазуды, деректер жинауды, өткір тақырыптар іріктеуді меңгерді.
1979 жылы журналис­тік қағылездігі Жүкеңді Республикалық теле­визия­ның насихат хабарлар тарату редакциясына алып келді. Осында редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Республика көлемінде атқарылып жатқан жақсы істердің жанашыры, насихатшысы болды. Ел өмірінің елеулі сәттерінің бәріне өз пікірін айтты, өз үнін қосты.
Насихат хабарлар бөлі­мінде «Адам.Қоғам.Заң» деген циклды хабарлар бағдар­ламасын жүргізді. Эфирге жол тартқан хабарлар заңның адам өмірінде алатын орнын түсіндіріп, заң арқылы өз құқығыңды қорғаудың әдіс-тәсілдерін ашық әңгімеге айналдырды. Бұл орайда сол кезде заң-құқық саласының білгір мамандары Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Қайырбек Сүлейменов және тағы басқа тұлғалармен сұқбаттар ұйымдастырып, көрерменді толғандырған көптеген сұрақтарға жауап алды.
1989 жылы алғаш рет «Тілдер туралы» заң қабылданған кезде өткір мәселе бойынша көрнекті тұлғалар мен мамандардың пікірлерін жұрт­шылыққа ұсынды. Мемлекеттік телерадио комитетте істеген жылдарда Ғаділбек Шалахметов, Камал Смаилов, Сағат Әшімбаев сынды көрнекті тұлғалармен иық тірестіре еңбек етті.
1995 жылы бүгін қол­даныста жүрген Ата Заңы­мыздың жобасы жа­рия­ланған тұста оны телевизиялық кең аудиторияда талқылауға ат­салысты. Осындай аласапыран науқандардың ортасында жүріп зейнеткерлік жасқа қалай жеткенін де білмей қалыпты. Журналист өз дәуірінің тамыршысы тәрізді. Өмір өзгерістерін қалтқысыз ұғып, оның маңызы мен мүмкіндіктерін көпшілікке жеткізіп отырады. Жүкен Ба­зарбаев міне, осындай мін­деттердің өрінен де, төрінен де көрінген қаламгер.
Оның өмірді жаңа бастап, шығармашылық атты айдынға кұлаш ұрған жастарға да айтары аз емес.  «Журналист мамандағы бәзбіреулер ой­ла­ғандай оңай емес. Журналист болу ойлы болуды, кез келген іске жауапкершілікпен қарауды, барынша мәдениетті, кәсіби жоғары шебер болуды талап етеді. Біз алдымыздағы аға ұрпаққа қарап өстік, солардай болсақ» деп армандадық. Ақыл-кенестерін тыңдап, өнеге тұт­тық. Алған тәлім-тәрбие­мізді мүмкіндігінше өмір жолымызда кәдеге жараттық» –дейді Жүкең бүгінде.
Телевизия ардагерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Өзі еңбек еткен Республикалық ТВ және радио хабарларын тарату жөніндегі комитет тарапынан әлденеше мәрте «Құрмет Грамотасымен» марапатталды, «Сағат Әшімбаев атындағы сыйлықтың» иегері болды. «Адам, қоғам, заң» циклды хабарлары үшін Ішкі істер министрлігінің саяси басқармасының «Үздік насихатшы» атағын алды. Бас прокуратураның «Мақтау грамотасымен» марапатталды.
Былтыр «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атанған тұста денсаулық жағдайына байланысты туған жерге бара алмай қалды. Дегенмен, есімін мәслихатқа ұсынған жандарға, сессияда осы мәселені қараған мәслихат депутаттарына, кандидатурасын қолдаған аудан әкімшілігіне алғысы шексіз. «Бұл марапатты туған жер мен оны мекен еткен халықтың ықыласы деп қабылдадым», – дейді Жүкең.
Жүкен Базарбаев өмірлік жары Гүлмәрия Әзімбайқызы екеуі шаңырақ көтергеніне биыл жарты ғасыр. Көзінің көруі нашарлаған кезінде де жұбайы қамқорлығын аяған емес. Гүлмәрия Қаратал ауылының қызы, өмір бойы перзентханада акушер болып істеді. Жүздеген сәбидің кіндік шешесі атанып, ата-ананың алғысына бөленген жан. Үлкен қыздары Гүлнара белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың сыныбында оқып, театр және өнер институтын бітірді. Бүгінде Қарағанды қаласында Сәкен Сейфуллин театрында істейді. Одан кейінгі Еркебұланы жастай спортты серік етті. Таэквондодан спорт шебері, жоғарғы дан иегері. Төрт баланың әкесі.
«Құдайға шүкір, бәріміз армандаған Қазақстанның тәуелсіздігін көрдім, тәуел­сіздігіне қолымнан келгенше қызмет еттім. Ұрпақ сүйдім. Тағдырыма ризамын!», – дейді қарт журналист.

Мұратқазы САЯБАЕВ,
Казақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бөлісу
Алдыңғы бет
Келесі мақалаМолдияр Серікбаев

Жауап қалдыру