Ұстаздардың ұстазы

0
35

Былтырғы жылы Шелекте жолаушылар таситын таксилер­дің біріне отырғаным бар. Жүргізуші адамға үйірсек, әңгімешіл жігіт екен. «Винсовхоз» аталатын ауыл тұрғыны. – Мен негізі, бұл шаруамен, жолаушылар тасымалдаумен айналыспаймын. Қалаға бір жұмыспен жолым түсті. Бағыттас адамдар кездессе ала кетейін дегенім ғой, – деді алдыңғы орынға жайғасқан маған. Көлігінің артқы орындығына бір адам отырғызды да жолға шығып кетті. Сөзден аузы босар емес. Оқыған-тоқығандарынан хабар беріп қояды.
– Оқығандарымнан түйгенім, білім беру жүйесінде біршама өзгерістер болып жатқан сияқты. Жоғары оқу орындарында оқытушылар студенттерге түсіндіріп, ақ тер, қара тер боп жатпайды. Тек бағыт-бағдар берумен шектелетін көрінеді. Сіздіңше, бұл жағдайда жастар ауыз толтырып айтарлықтай білімге қол жеткізе ала ма? – деп не дер екен дегендей бетіме сынай қарады.
– Қол жеткізу-жеткізбеу адамына байланысты. Мамандығын терең меңгеруді мақсат еткен ізденімпаз, еңбекқор жастардың іздегенін табатынына күмәнім жоқ. Мектеп қабырғасында дұрыс білім алып шыққан жас оқуға түскенде қиналмай алып кете алады. Болашағын ойлап, балаларымды өз ауылымыздағы емес, Шелектегі Төле Кенжебаев атындағы мектепке бердім.
– Неге?
– Аталмыш мектеп директоры Ардақ Мұқаметжанқызы бақылау тізгінін бір сәтке де босаңсытпайтын білікті басшы, іскер адам.
– Директордың қалай жұмыс істейтінін оларды тексеретіндер ғана білуші еді…
– Қарындасым осы мектепте мұғалім. Оның үстіне, қоян-қолтық араласатын таныстар да, туыстар да бар. Бәрі Ардақ Мұқаметжанқызына дән риза. Қарындасымның айтуынша, директордың жас мүғалімдерге қамқорлығы ананың балаға қамқорлығынан бір кем емес. Сабақтарына жиі қатысып, жетістігін де, кемшілігін де атап көрсетіп, талдау жасаудан ешқашан ерінбейтін көрінеді. «Келесі сабағыңда бұл кемшілікті болдырмауың керек» деп арнайы тапсырма береді екен де, келесі сабағына тағы қатысады екен. «Басшы дұрыс талап қоя білгендіктен, ұстаздар қауымында білімді де білікті мұғалімдер баршылық», – дейді ата-аналар.
Иә, Ардақ  Мұхаметжанқызын мен де білетінмін. Халық сеніміне ие болу екінің бірі­нің қолынан келе бермейді. Ардақ Мұқаметжанқызы шәкірт­тері­нің терең білім алып, азамат боп қалыптасуы жолында аянбай тер төгіп жүрген халық сеніміне ие болған ұстаз-басшы. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады» – деп К.Д. Ушинский өте дұрыс айтқан. Партада отырған қаракөздердің білімді қалай меңгеруі ұстаздардың қолында. Балаларға терең білім беру үшін мұғалімнің өзі терең білімді болуы керек. К.Д. Ушинский айтқандай күнделікті білімін толықтырып отырмайынша қазіргі заман талабына жауап беру мүмкін емес.
«Мінезге бай, білімге құштар, ұяты, жауапкершілігі күшті мәдениеті жоғары адам мұғалім болуы керек деп ойлаймын» – дейді Ардақ Мұқаметжанқызы. Мектеп қабырғасында үздік оқитын оқушыларды ұстаздық мамандыққа тартудың маңызы зор. Бізде жақсы көрсеткішке жетіп жүрген саңлақ шәкірттерді мұғалімдік мамандыққа бау­лу тәжірибесі бар. Жоғары мек­тебімізге мұғалім етіп қа­был­даймыз. Бүгінгі таңда ұс­таздар қатарын толықтырған бұрынғы шәкірттеріміз бар­шы­лық. Мәселен, Адиля Сә­лімова, Арай Бексұлтанова, Балауса Баршыбекова, Болат Ора­залиев, т.б.
Өткен оқу жылында мектебіміз ҰБТ-дан Шелек өңірі бойынша алдыңғы орынға шық­ты. 17 оқушы жоғары оқу орындарына түсті. Бес оқу­шы білімдерін шетелде (Ресей, Қытай) жалғастыруда. Республикалық мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру иниститутының директорларға арналған 9 айлық курсында оқып, сертификат алдым. Орынбасарларым мен мұғалімдер де арнайы курстардан өтті. Алдымызда деңгейлік оқытуды жүзеге асыру мақсаты тұр. Бұл белестен де сәтті өтетінімізге сеніміміз зор, – дейді Ардақ Мұқаметжанқызы.
Шығыс Қазақстан облысы, Ұржар ауданы Ұржар селосында туып-өскен Ардақ Мұқамет­жанқызы М. Горький атындағы орыс мектебін алтын медальмен бітірген. Математиканы шемішкеше шағатынына қарамастан, Алматыдағы педин­ституттың тарих факульте­тіне оқуға түседі. Өз елінің тарихын же­тік білуді мақсат етеді. Әке қаны, ана сүтімен дарыған ұлт­жан­­ды­лығы елін сүюге, ана тілін құрметтеуге жетеледі десек артық айтқандық емес. Қазақ­тың қара домбырасының күмбірлеген ғажайып үнін сүйіп тыңдайды. Ұлтжандылығы оны орыс мектебінен қазақ мектебіне ауысуына түрткі болды.
Т. Кенжебаев атындағы орта мектебінде шәкірттерді көркем әдебиет оқуға баулу үйірмесі жұмыс істейді. М. Мақатев, Ф. Оңғарсынова сияқты дарабоз ақындарымыздың шығар­машы­лығы бойынша жыр мүшәйрасы өтіп тұрады.  Алда­ғы уақытта басқа ақын-жазу­­шы­­ларымыздың шығар­машы­лығына арналған тақы­рыптық кештер өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ директор, жоғары сынып оқушыларына танымдық басылымдарды жаздырып үзбей оқуға кеңес беруді де естен шығармайды. Газет, журнал­дарда жарияланған тақы­рып­тар біліміңді кеңейтеді, тіл байлығыңды арттырады. Қыс­қартып айт­қанда, Ар­дақ басқаратын мектепте ат­қары­лып жатқан жұмыс сан салалы. Сөзіміз құрғақ шықпас үшін мысал келтіре кетсек. Атал­­­мыш мектептің 4-сынып оқу­шысы Қанат Жансая «Же­тісу жұлдызы» бай­қауы­на қа­ты­сып, жұлдыз атанып, облыс әкімі Бата­ловтың қолынан жүлде алды. Ардақ Мұқамет­жан­қызы­ның ұйым­дастырумен би үйір­месі құ­рыл­ған болатын. Ал­матыда өткен Республикалық байқауда үйірме бишілері 2-орын­ды иемденді.
Тарих ғылымының канди­даты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Білім беру ісінің құр­метті қызметкері, «Ильхам» сыйлығының екі мәрте жеңім­пазы, Алтынсарин медалінің иегері Ардақ Мұқаметжанқызы Қырықбай отбасында мейірімді ана, ибалы келін, жолдасы Бақыттың сүйікті жары. Бақыт екеуі үш баланы өмірге келтіріп, тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызындарын қияға қондырған өнегелі ата-ана. Өмірлік серігі Бақыт – адвокат. Ата-аналарының алғысына бөленіп, еліне елеулі, халқына қалаулы  Ардақ Мұқаметжанқызы Қы­рық­­байдың еңбегіне табыс ті­лей­міз.

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Жауап қалдыру