Ұстанымы мықты ұстаз

0
38

Әлем өркениеті кеңістігінде туған халқының рухани құнды­лықтарының барлығын да жаңа уақыттың талабына сай тың қөзқарастармен баға­лап, ата-бабалар ардақ­таған мұра­лардың қазіргі және бола­шақ ұрпақтардың да игілігіне айналуын ойлаған қайрат­кер ұстаз-ғұламалар белсенді шы­ғар­машылық еңбек өне­гесін та­­нытады.
Қазақ өрке­ниеті тари­хындағы  Әбу Нәсір әл-Фа­ра­­­­­­­­­­бидің, Мұхам­­мед Хай­дар Ду­ла­тидің, Шо­қан Уә­ли­­­ха­новтың, Ахмет Байтұр­­­­сы­­нов­тың, Халел Досмұ­ха­медұлының, Сәкен Сейфул­лин­нің, Сәбит Мұқановтың, Мұхтар Әуезов­тің, Қажым Жұмалиев­тің, Мұхаммеджан Қара­таевтың, Әлкей Мар­ғұлан­ның, Әуелбек Қоңы­рат­баев­тың, Бей­сенбай Кен­жебаевтың және солар­дың дәстүрін ұстан­ған көрнекті ғалым­дары­мыз­дың еңбектері арқы­лы мыңжылдықтар белес­­терінде қалып­тас­қан ру­ха­ни құнды­лық­тары­мыз­дың ғылыми зерт­­теулермен жүйе­лен­ген нәти­желері жүзеге асы­рыл­ды.
Академик Серік Смайыл­ұлы Қирабаев – Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігі салтанат  құр­ған өткен 26 жыл беле­сіндегі жаңа әде-биет­тану ғылымы-ның теория­лық-методоло-гия­лық негізін қалып-тас­тырушы.
Көп ғасырлық тарихы бар қазақ сөз өнері мұра­ларының ежелгі (V-VIII ғ.ғ.), орта ғасырлар ( IX-XI ғ.ғ), Алтын Орда (XII-XIV ғ.ғ.), Қазақ хандығы (XV-XVIII ғ.ғ.) кезеңдерінде тиянақты қалып­тасқан класси­калық автор­лы ауызша және жазбаша әдеби дәстүр­лер жаңа байыптаулармен толық­тыра қарастырылу ұстаз-ғалым­ның ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Яғни, академик С.С. Қирабаев – Қазақстан Республи­касы тәуелсіздігі жылдарын­дағы тың бастамалы зерттеулер бағыттарын қалып-тастырушы.
Ұстаз-ғалымның сөз арқау-ындағы көп ғасырлық әдебиет тарихының мұраларын жаңаша қарастыруда қайраткер, ұстаз-ғалым тұрғысындағы еңбектері саралана көрінеді. Қазақ әде­биеті тарихының бірнеше ғасыр­лық даму жолын жүйелеп зерттеген ғалымның еңбектері – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиет­тануы ғылымының басты бағдар­ламасы:
1. Қазақтың дәстүрлі ақын-жыраулары мұраларын ұлттық рухани құндылықтар қазынасы құрамында бағалап жазған зерттеулері: «Жанақ ақын», «Шор­танбай ақын», «Ақан сері туралы сөз», «Кенесары-Наурыз­бай көтерілісі халық әдебие­тінде», «Қазіргі айтыс тарихы мен проблемалары», «Елдік пен ерлік жыршысы», «Жамбылды еске алу», т.б.
2. XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы  жаңа реалистік қазақ әдебиеті мен ұлттық-мемлекетік дербестік ұстанымындағы Алаш зиялылары мұраларына арнал­ған зерттеулері ұстаз-ғалымның Тәуелсіздік рухымен қуаттанған шығармашылық жаңа бағытын танытты. Мысалы: «XIX ғасырдың екінші жарты­сындағы қазақ әдебиеті», «Шоқан Уәлиханов», «Ыбырай Алтынсарин», «Абай Құнанбаев», «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», «Ахмет Байтұрсынов», «Жүсіпбек Аймауытов», «Міржа­қып Дулатов», «Спандияр Көбеев», «Сәбит Дөнентаев», «1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лісі туралы жырлар», т.б.
3. Ұстаз-ғалым еңбектерінің басым саласы XX ғасырдың 20-80- жылдарындағы Кеңестік кезең әдебиетіне арналған зерттеулері. Сыншы ғалымдық алғашқы қадамдарын XIX ғасырдың 50-жылдарынан бастаған зерт­теу­шінің қаламынан мол шоғырлы еңбектер туындады. Мысалы, «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» (1998) кітабында қамтылған тақырыптық бөлімдер аталған кезеңдегі туындыларды толық қамтып жүйелеген ұлт әдебиеті қамқоршысының қай­­рат­керлік ұстанымын ай­ғақ­­тайды: «Кеңестік кезең әде­биетінің алғашқы кезеңі», «Оты­­зыншы жылдардағы қазақ әдебиеті», «Соғыс кезеңіндегі қазақ әдебиеті», «Соғыстан кейінгі дәуір әдебиеті», «Жаң­ғыру кезіндегі қазақ әдебиеті», «Кеңестік кезең әдебиетінің соңғы дәуірі».
Кеңестік кезең әдебиетіндегі көрнекті ақын-жазушылар­дың шығармашы­лығына арналған моногра­фиялары, мақалалары «Қазақ әдебиетінің алтын ға­сыры» аталған дәуірдегі әлем­дік деңгейдегі классикалық шығар­ма­лардың ғылыми бағалану сипатын танытты.
Сыншы ғалым кеңес кезе­ңін­дегі көрнекті ақын-жазу­шылардың алыптар тобының (С.Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жан­сүгіров, С. Мұқанов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин), кейінгі тұлғалардың (Т. Жароков, Х. Есенжанов, Д. Әбілов, Ж. Молдағалиев, А. Шамкенов, С. Мәуленов, Ә. Нұрпейісов, Т. Ах­­танов, С. Шаймерденов, З. Қаб­долов, Н. Ғабдуллин, т.б.) шығармаларына арналған көптеген ғылыми зерттеулер жазды.
Ғалым еңбектерінің 1991-2012 жылдар арасындағы моног­рафиялары мен мақалалары қазақ әдебиеті тарихына қайта оралған Алаш зиялылары мұраларын зерттеу мен оқытудың, сонымен бірге Абайтанудың өзекті мәселе­леріне арналуымен ерекшеленді. Бұл орайда, ғалымның кітап­тарындағы («Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», 1995; «Жүсіп­бек Аймауытов», 1993; «Ұлт Тәуелсіздігі және әдебиет», 2001; «Тәуелсіздік рухымен», 2002; «Әдебиетті қайта оқу», 2011;), мақалаларындағы («Қайта құру және әдебиеттану», «Абай­­танудың кезекті  міндеттері», «Қа­зақтың тұңғыш револю­ционер-демократтары», «Ақжол­тай Ағыбай – батыр-ұлт-азаттық қоз­ғалысының қаһарма­ны», «Ах­меттің ақын­дығы», «Жү­сіпбек туралы сөз», «Же­ңістер мен қателіктер сабағы», «А. Байтұрсынов пен М. Дулатов – қазақтың алғашқы революцияшыл демократтары», «Мағжан – қазақтың ұлттық ақыны», «Алашорда және «ұлт­шылдық» әдебиеті», «А. Байтұрсынов – тәуелсіздік жыршысы», «Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетін дәуірлеу мен жазбаша пайымдау», «Даланың тарау-тарау жолдарында» (С. Досанов туралы), «Асқар» (А. Егеубаев туралы), «Жалған ғалымдардан арылуымыз керек», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет», т.б.) жаңашыл ғылыми тұжырымдары ұлттық рухани құндылықтарды тұтастай баға­лаудың үздік өнегесін танытты.
Академик С.С. Қирабаевтың сөз арқауында айтылған ұлт­тық сөз өнеріміздің халық қабылдаған барлық үлгілеріне арналған зерттеу еңбектері – Тәуелсіз Қазақстан әдебиеттануы ғылымының теориялық-методологиялық негізі. Ежелгі замандардағы фольклор мен әдебиет мұраларында негізі қаланған одан кейін көп ғасыр­лар бойы қалыптасу, даму кезеңдерінен өтіп, бүгінгі жаңа дәуірімізге ұласқан қазақ сөз өнері шығармаларының бұдан былай ақтаңдақтық тағдыр тәлкегіне ұшырамай, толық арналы өзендей ағысты қалпымен болашақтың кең айдынына құйыла беру мұратын ұстанған ұстаз-ғалымның ұстанымы – бәрімізге бағдарлы өнеге.
Академик С. С. Қирабаев – Тәуелсіздік туы желбіреген 1991-2017 жылдар арасындағы қаламының сиясы құрғамай келе жатқан ғұлама. Оның жаз­ған мақалалары мен кітап­тары ғасырлар бойы оқу мен ғылымды мұрат тұтқан алыптар жолының жалғасы. Ол – ұлттық әдебиеттану ғылымының дәстүрлерінің үзілмей жалғасуын сақтаушы қайраткер. Қазақстан Республикасындағы жоғары білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мекеме­леріндегі қызметтері өмір бойы қатарлас атқарылып келе жатқан энциклопедиялық білім иесінің қазіргі заманғы ғылымның тағдырына алаңдаған ойлары да Тәуелсіз мемлекеттің, ұрпақтың қамын ойлаған әкелік қамқор көңілдің сырын ұқтырады:
«…Жоғары мектепте атқары-латын ғылыми жұмыстың өзіндік сы­паты болады. Негізі­нен онда сабақ бере жүріп, өзіңнің оң жамбасыңа келетін тақы­рыпты зерт­­теуге мүмкіндік таба­сың. Ал ғылыми инсти­тутта жалпы ғылым бағдарына лайық бағдарламалар жасалып, ол ішінен жіктеледі, бәрі тұтасып, үлкен іргелі проблеманы құрайды. Олардың прос­пектісін жасау, ғылыми аппаратын нақ­тылау, орындалуын қадағалау – бәрі де жо­ғары мектептегіден өзгеше. Сонымен бірге, Акаде­мияның құрылым­дық жүйесі де басқа. Ғы­лыми жұмысты атқару өз алдына, оны ұйымдастыру, басқа­ру ісіне де мұнда ерекше мән беріледі. Онсыз ғы­лыми бағдарла­малар­ды орын-дау, оның сапасын қадағалау қиын. Қазіргі Акаде­мияның ғылыми бағдарламаларды бас­қару жүйесін бұзу­шылар мұны түсін­бейді. Ғы­лымды басқару жү­йесін бұзу арқылы бүкіл ғылымның сапасы биікке көте­рілуіне қия­нат жасап отыр­ға­нын ұқпайды.
Академиялық дәрежедегі әрбір ғалым – мектеп. Олардың ісі де, еңбегі де тағылымды» (Қирабаев С.С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2007. – Т.7. — 496 б.; 177-178-бб.). Бұл – XX ғасыр­дың екінші жартысында жара­ты­­лыстану, техникалық және қоғамдық-гуманитарлық ғылым­­­дар салаларындағы іргелі ғы­лыми-зерттеу еңбектер жаңа­лық­­тарымен әлем өркение­тіндегі ең алдыңғы қатарға жет­кен Қазақ­стан ғылы­мындағы қазір­гі заманғы тоқырауға, бей-берекетке ұшырай бастаған мүш­кіл хал-ахуалға алаңдаған нағыз ұлт қамқор­шысының жа­най­­қайы.
Академик С.С. Қирабаев «Қа­зақ әдебиеттану ғылымының бүгіні мен ертеңі» тақырыбымен белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының док­торы, профессор Г.Ж. Пірәлиева­мен сұхбатында  қазіргі Тәуелсіз Қазақстандағы әдебиет­тану ғы-лымының міндет­терін айқын атап көрсеткен:
«…Біз қазақ деген ұлттың өкілі болғандықтан, ұлт намысын қорғау­ға, оны кемсітуге қарсы шығуға, әдебиеттегі ұлттық харак­терлерді ашуға, танып қол­дануға даяр тұрамыз. Бұл – даусыз шындық. Әдеби шығарманы социологиялық талдаулардан арылтып, көркемдік ізденісі тұр­ғысынан қарауға, әдебиеттік теориялық ой-пікірлерді терең­детуге ұмтылыс жасау керек» (Қира­баев С.С. Көп томдық шығар­малар жинағы. – Алматы: Қазы­ғұрт, 2007. – Т.8. – 448 б.; 107 – б.).
Ұстаз ғалымның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жыл­дарындағы (1991-2017 жж.) өзінің еңбектері – осы айтылған пікірінің нақты көрсеткіші. Сонымен бірге академик С.С. Қира­баевтың бағытын ұстанған қазіргі толқын зерттеушілер жазған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетін бағалауға арнал­ған іргелі еңбектер де ұстаз ұстанымының жалғаса беретін мәңгілік жолын дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, академик С.С. Қирабаевтың Тәуелсіз Қа­зақ­­стандағы әдебиеттану ғылы­­мының әлемдік деңгейде дамуы­на негіз болған іргелі еңбек­тері, ғылыми-теориялық, мето­до­логиялық ұстанымы жаңа тари­хымыздың даму жетістік­теріне жету жолында қызмет ете береді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдыру