СОҢҒЫ КЕЗДЕСУЛЕР

0
35

Жаңа ғасырдың басында, яғни 2000 жылдан бастап бір топ зиялы қауым өкілдері З.Қабдолов, И. Жақанов, Ш.Қажығалиев, Ә.Есқалиев, Ғ.Есімов, С.Жанпейісова Атырау облысының әкімі болып жаңа ғана тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовтің шақыруымен Х.Досмұха­медов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне және Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка академиясына жұмысқа шақырылды.
Зейнолла Қабдолов ағамыз университеттің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде әдебиет теориясынан және әдебиет тарихы мәселелерінен дәрістер оқы­ды. Академиктің сабақ кес­тесі көктем айларына қойыл­ды. Өйткені оған дейін өзі­нің негізгі жұмысы Қазақ­тың ұлттық мемлекеттік универ­сите­тінде атқарылады. Зәкең тек дәріс оқып қойған жоқ, Атырау мәдениеті мен әдебие­тінің бүкіл болмысына уақыт есептемей кірісіп кеткен еді. Ол облыстағы барлық шара­ларға шақырылды, сөз сөйледі, еңбекшілермен етене араласты. Туған жеріне бұрын да жылына бірнеше дүркін ат басып тіреп жүретін Зекең енді бұрынғыдан да гөрі қанатын жайып, халық құшағына еркін енді. Академиктің универ­ситет жұмысына араласа бастаға­нынан-ақ оқу орнына ұлы Мұх­тар Әуезовтің рухы келген­дей әсер қалдырып, ерекше құбылыс туды.
Міне, осылайша Зәкең 2004 жылдың маусым айының аяғына дейін жұмысын жалғастырып, енді Алматыға аттанбақшы болып жатқан шағы болатын. Мен Зәкеңмен кафедрадағы болашақ жоспарларым хақында пікірлеспекші болып үйіне бардым. Уақыт түске дейінгі мезгіл еді. Маған сұрақты жүзбен қарады да: – Қадыр, осы сен менің атымда зертхана ашып майлы бояумен үлкен портретімді салдырды деп естідім. Оларды көре алмадым ғой, – деді. Көре алмағаны рас еді. Себебі қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің оқу корпусы бөлектеу, бұрынғы жатақхананың орнында болатын. Ал, портрет осы корпуста 2003 жылы өз бастамаммен ашқан Зейнолла Қабдолов атындағы зертханада ілулі тұрған-ды. Зәкеңнің лекцияларын тыңдауға студенттер үлкен корпусқа баратын. Мен ұйымдастырған зертхана өз корпусымыздағы шағын ғана бөлме еді. Зәкең­нің атында зертхана ашуға көмек­тесіп, қолұшын берген сол кездегі ректорымыз Асхат Сәлімұлы Иманғалиев зерттеу жұмысын жүргізуге зертханаға лаборант тағайындап, компью­термен қамтамасыз етті. Бөлме­нің ішіне шкафтар қойдырып, үйім­нен кітаптар әкеліп, жұмыс­ты бабына келтіруге тырыстым.
Зекеңнің: – Мен сол зерт­хананы көрейін! – демесі бар ма? Мен қысылып қалдым, себебі корпуста жөндеу жұмыс­тары басталып кеткен болатын, аяқ басарға жер жоқ. «Оған қалай апарамын» деген ой басымды аласапыран етті. Сол сәтте ректордың: «Зейнолла Қабдолов атындағы зертхананы үлкен корпусқа сәулетті үлкен аудиторияға көшіреміз» деген сөзі есіме түсті де: – Зәке, зертхана тұрған корпуста күрделі жөндеу жүріп жатыр, сондықтан бәрін жинап тастап едік. Әрі келесі оқу жылында ректор зертхананы үлкен корпусқа көшіреміз және сізді шақырып, салтанатты түрде лентасын қиямыз, – деп еді, қыркүйек айында оқу жылы басталғанда дайын болады», – дедім.
Зәкең «жақсы» деп зертха­наны жаңа оқу жылында көруге келісімін берді. Ұлы ұстазым, академик Зейнолла Қабдоловтың тілегін орындай алмағаныма қатты өкіндім. Ғалым аға өзінің атында тұн­ғыш зертхана ашылды дегенге көңілі толғандай және соншама риза болып еді.
Сонымен бірге мен ұлы ағаға арнап «Зейнолланама» атты дастан жаза бастағанмын. Оның алғашқы тарауларын «Атырау» газетінің бірнеше санынан оқып, маған ризашылығын білдіріп, күлімдей қарағаны жанымды қалай жадыратқанын сөзбен жеткізіп айту өте қиын. Маған деген сол ризашылығы қанат бергендей болып, 2004 жылы дастанды тез бітіруге әрекет еттім.
Әттең, тағдырдың қырсығын көрмейсіз бе?… Жаңа оқу жы­лында Зәкеңмен кездесе ал­мадық. Қыркүйек айында қат­ты сыр­қаттың салдарынан аға ұзақ ұйқыға кеткен еді. Дастан­ның «Ұйықтап жатыр ұлы ағам» атты тарауын осы кез­де көзімнен жасым сорғалап оты­рып жаздым.
2004 жылы қыркүйекте бас­талған ұйқы ұзаққа созыл­ды. Бұл кезде Зейнолла аға Совминнің ауруханасында дәрігерлердің мұқият бақылауында бол­ды. Аға­ға дәрігерлер өз тәсіл­­дері­мен тіршілік нәремін беріп отырыпты. Жалғыз өзі тыныш палатада жатыпты. Сәуле апаға сол палатадан орын беріл­ген. Емдеуші дәрігер радио әке­ліп, жәй дыбыспен қосып қойыпты. Радиодан хабарлар да, концерттер де беріліп жатады. Бұл дәрігерлік әдіс. Ұзақ ұйқыға кеткен сыр­қаттар дыбысқа елеңдеп жатып, оянатын көрінеді. Осы­лайша бір ай, екі айдан асып, үшінші айға ұласа баста­ған.
Сәуле апа кейіннен есіне алып: – Бір күні түс қайта Зәкең сәл тамағын кенеді де, кішкене қимылдап: «Шөмішбай» деп дауыстап, сәл-сәл көзін ашты. Осы кезде дәрігер келіп Зәкеңмен жәй сөйлесе бастады. «Ұйықтап кетіппін ғой» деп, алғашқы сөзін айтқанда, қуа­ныштан жүрегім жарылып кете жаздады, – деді.
Кейіннен апайдан Шөміш­байдың атын айтып оянғаны жөнін­де сұрағанымда: – Шөміш­бай өзінің ерекше баға­лайтын ақын інілерінің бірі ғой және радиодан беріліп жат­қан концерттің әндерін хабар­лағанда, диктордың: «Сөзі Шөміш­бай Сариевтікі» деген сөзі есінде қалып, қайта-қайта ойы­нан шықпаса керек деп ойла­дым. Осылайша Зәкеңді радио оятты.
Кейін Зекеңді үйге алдыртып, дәрігерлер дәрі-дәрмектерінің неше түрлісін кесте бойынша ішкізіп отыруды апайға тап­сырыпты. Оған қоса өздері күнде келіп, сырқаттың халін біліп кетіп отырыпты. Сәуле апай, жар қосағы Зейнолла ағаны сәбидей аялаумен өткізіпті.
Зейнолла ағаның ауырып қалғаны бүкіл қазақ халқының жанына батты. Ұлы ағаның жанашырлары әрбіреуін баласындай мәпелеген қымбат байлығы – шәкірттері еді ғой. Ағайын-тума екібастан, барлық достары мен шәкірттері күн құрғатпай келіп, ағаның басын көтеріп, тұрып кетуін тіледі.
Атырау теңізі буырқана мұңға батты, тұманының тез жайнап ашылуын күтті. Келер жылдың жазын аяқтай келе, Алматыға университет ректоры Асхат Сәлімұлы екеуміз іс-сапарға барғанда, Зәкеңнің халін білуге Достық көшесіндегі үйіне келдік. Ағаның көзі жайнап, екеумізге кезек-кезек қарады. Айналайын ағамыздың көзінен: «Мені мына сырқаттан арашалауға келдіңдер ме?» деген сөзді оқығандай болдым. Кеше ғана костюмі мен пальтосын кигізуге таласып жүрген шәкірттері едік қой. Сол кезде: «Өзім кием, айналайын» деп киімге өзі ұмтылатын. Жиналыс пен мәжілістерден, дәріс залы­нан бір сәт те кешікпейтін, ертерек баппен қозғалып, жұрттан бұрын барып отыратын Зейнеағам бүгін мынандай күйде жатыр, шіркін-ай. «Ағатайым-ай, халіңіз нешік» деген сөзді сөзімізбен емес, көзімізбен айтып, жас сорғалаған күйі нұрлы жүзін сүйіп, біраз мезгіл орамалымызды көзімізден айырмадық.
Сол шақтағы ағайымыздың көзі мөлдіреп, бұрынғысындай аялап қайта-қайта қарап, «халім осы, қарақтарым» дегендей болды. Сонда да жанарынан қиындыққа төтеп берерліктей баяғы жарқын жігерін сездік.
Ректор Асхат Сәлімұлы сөзінде тұрып, 2004-2005 оқу жылының басында университеттің жаңа корпусынан зертханаға арнап бір кең аудитория бөлді. Аудиторияға Зейнекеңнің өзі көргісі келген әдемі портреті ілінді де, шығарған барлық кітаптарының сыртқы беттерінің үлкен көшірмелерін көрнекті етіп жасатып, үлкен қабырғаға қатар ілдірдік. Зертханаға берілген жаңа әдемі шкафтарға кітапханадан алдырған кітаптар қойылды, ғалым туралы зиялы қауым өкілдерінің сөздері, сөзбен жазылған өмірбая­ны, бейнелік өмірбаяны, ғалым­дардың мақалалары ілінген стенділерге, жазушының отба­сы­ның, ағайын-тума, жора-жолдас­тарының, ақын-жазушы­ларының суреттері, бұлардан басқа Зейнекең шәкірттерінің шығармалары да бөлек стел­лажда қойылды. Бұл кезде бұ­рынғы зертхана «Академик Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығы» жә­не мұражайы боп ашылған еді. Зерттеу орталығының есігі­нің жанында осы жазу көрнекті ілінген.
«Қазақтың Қабдоловы» атты кіта­бым 2005 жылы «Арыс» бас­пасынан жарық көр­ді. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады: біріншісі – Зекеңнің 70 жасына арнап жазылған «Жазушы. Ғалым. Ұстаз» атты монографиям, екіншісі «Зейнолланама» атты дастаным болатын. Кітап 16 баспа табақ болып басылып шықты. Кітап ішінде түрлі-түсті 31 сурет бірге басылған, қатты мұқабамен қапталған. Сыртқы бетінде ағаның қысқы киіммен аппақ қар үстінде жүріп келе жатқан бейнесі бар. Кітап өте әдемі шығыпты, көруге көз керектей бір дүние болған екен. Бірінші ішкі бетінде: «Бұл еңбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің академик Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығында дайындалды» деген жазу бар. Басылып шығуына университет ректоры демеушілік жасаған еді. Кітап баспадан шығысымен, «Арыс» қорының президенті, ардақты ініміз Ғарифолла Әнес Зейнолла ағаға кітаптың тұңғыш данасын табыс етіпті. Сәуле апа кейіннен ағаның риза болған сәтін былайша білдірді:
– Сәуле, Қадекең маған арнап кітап шығарыпты. Қарашы, – деп сыртындағы суретке мейірлене қарап, алақанымен сипап, – ана телевизордың қа­сына қойшы, – депті апайға. Кітап осылайша Зекең күнде хабар тыңдап, концерт көріп жататын кішкене теледидардың қасынан орын тауыпты.
Менің Зейнолла ағаны соң­ғы көріп, жүздесуім – 2005 жылдың күзінде өтті. Ағаның аса құрметтейтін шәкірттерінің бірі, сол кезде Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің баспасөз хатшысы және кеңесшісі Мұхтар Абралыұлы Құл-Мұхамед Аты­­рау университетінің рек­торына З.Қабдоловтың бес томдық шығармалар жинағы­ның қалған үш томын құрас­ты­руды тапсырыпты. Осыған байланысты «Зейнолла Қабдо­лов атындағы ғылыми-зерттеу орта­­лығының» директоры ре­тінде ректор маған тапсырма беріп, Алматыға іс-сапарға ат­тан­­­дырды.
Академик өзінің бестомдық шығармалар жинағын басты­руды жоспарлаған екен. Алайда, 2003 жылы тек алғашқы екі томын ғана «Санат» баспасынан жарыққа шығарыпты да, қалға­нын үлгере алмапты. Енді қал­ған үш томы бар. Мұхтар ініміз осы мәселеге байланысты бізді көмекке шақыр­ған екен. Мен Алматыда он шақты күндей болып, жазушының бұрынғы шыққан жинақтарындағы ма­қалалары мен аудармаларын реттеп, үш томға құрастырып, «Санат» баспасына тапсырдым. Бірақ бітпей қалған қолжаз­баларын қозғаған жоқпын. «Кезегі келгенде, оларды да реттерміз» деген Сәуле апайдың ақыл-кеңесі орынды болды.
Енді жұмысты бітіргенімді айтуға Зекеңе келдім.
– Зейнеке, тапсырмаңыз орын­далды, «Санат» баспасы­ның директоры Серік Абдрайымовқа материалдарды табыс еттім, – дедім.
Зекең:
– Рахмет, айналайын, – деді. Жазуға, сөйлеген сөзге, істің тиянақты тындырылуына өте мұқият қарайтын аға осы айтылған екі сөзден әрі аспады. «Ананы қайттің, мынаны қайттің» демеді. Тек қана риза­шылық сезіммен жаудырай қарады. Зекеңнің қасында қолын сипап біраз отырдым. Универ­ситеттегі жұмыс жайларын айттым. Амандық-саулық әңгіме болды. Әңгімені көп созбауға тырыстым. Сөйтіп, ағаның сауығып кетуін тілеп, «қош-бес» десіп аттандым.
Бұл менің Зейнолла ағаны соңғы көруім екенін білмедім. Елге «жазылып кетер» деген үлкен үмітпен аттанған едім.
Алайда, 2006 жылдың 25 тамызы бұл үмітімізді үзіп кетті.

Қадыр ЖҮСІП,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Жауап қалдыру