СОҚТЫқпаЛЫ, СОҚПАҚТЫ ҒҰМЫР

0
62

Тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетханұлы туралы сыр
Адам өз өмір жолында тосын ше­шімдер жасай алуы керек. Ондай шешім ұлт тағдырымен тығыз байла­нысып жатса, ұлтқа, елге септігі тисе тіпті игі. Қажеті келгенде ондай шешімге келудің өзі де ерлік және оған келе алатын адам ғана келеді. 1969 жылдың 2 сәуірінде бір топ жігіт Арқастың ала жонын жолсызбен асып, 8 күн бойы арып-ашып, азапты алыс жол басып, Қазақстанға қашып келді. Солардың ішінде бүгінгі белгілі тарихшы, көрнекті ғалым Әлімғазы Дәулетханұлы бар болатын. Арнаулы орындардың бақылауында жүрсе де жүрегі ұлтым деп соққан азамат бәріне шыдап, атамекенінде жоғары білім алды, ғылыми ізденістерімен, тал­пыныстарымен танылды. Төмен­дегі мақалада 75 жастың жұлды­зын жарқыратқан ғалымның ізденіс­тері жөнінде сыр шертіледі.
Әлімғазы Дәулетхан 1972-1976 жылдары Шымкенттегі М.О. Әуезов атындағы педагогикалық институтында оқып, оны «қазақ тіл-әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген соң сол тұстағы Бөген ауданы, бүгінгі Ордабасы ауданында 13 жыл мұғалімдікпен айналысты. 1989 жылы Алматыға қоныс аударып, «Алатау» телеарнасына жұмысқа тұрды. Тележурналист ретінде ондаған хабарлар жасауға атсалыс­ты.
Қазақстан тәуелсіздік ал­ған­нан кейін, 1992 жылы Түр­кияда үш айлық тіл курсында оқыды. Осы үш ай болашақ ғалымды жаңа өзгерістерге жетеледі. Сол қысқа мерзімде түрік тілін меңгеріп, көптеген тарихи, әдеби, діни еңбектерді қазақшалауға бет бұрды. 1993-1994 жылдары «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бас маман, 1994-1997 жылдары Ха­лы­қаралық «Zaman-Қазақ­стан» газетінде аудармашы әрі журналист болып жұ­мыс істеді. 1997 жылдың қаң­тарынан бүгінге дейін Ш.Ш. Уә­лиханов атындағы Тарих және этнология инсти­туты­ның «Ежелгі заман және Қа­зақстанмен іргелес елдер тарихы бөлімінде» жетекші ғы­лыми қызметкер болып істеп келеді.
Әлекең бір бойында аза­мат­тық пен ғалымдық қасиеті қатар жетілген азамат. Ол өзінің тарихи отанына қара басын ғана алып келген жоқ, ақын Жәркен Бөдеш, қоғам қайраткері, білікті саясаткер Айтан Нүсіпхан секілді ниеттес, тағдырлас достарымен бірге келді. Онда жатқан қазақтың атамекенге жетсек деген асыл арманын арқалап келді. Бүгінде сол ағайынның бастан кешкен тарихы да, дүп келіп отырған қатал тағдыры да жалпы Әлекең секілді тәуекелшіл, батыл ойлы жастардың салған сүрлеуінің дұрыс екенін дәлелдеді. Сон­дықтан Әлекең елге келгеннен кейін де арттағы қаймана қазақтың тағдыр-талайына назар аударып, ауық-ауық олар жайлы қалам тербеп отыр­ды. Жатпай-тұрмай бас­пасөз беттерінде ол жақ­тағы қазақтың әдебиеті мен мәдениетін таныстырды. Ба­қы­лау астынан шығып, бос­тан­дыққа қолы жете бере «Ақын Таңжарық Жол­ды­ұлы» деп аталатын дип­лом­дық жұмысын жазып, Алаш қозғалысының бел­сен­ді тұлғаларының бірі, жур­налист Мұхаммед Сә­лім Кәшимовтың үш кітап­ша­сын төте жазудан кирил­лицаға түсіріп, сол негізде «Мұхаммед Сәлім Кәши­мовтың жас өспірімдер психологиясы туралы пікірлері» атты зерттеу мақаласын жазды. Ол «Қазақстан мектебі» журналында жарияланды. Сөйтіп Әлекең біржолата шығармашылыққа ден қойды. 1978 жылы «Жалын» баспасынан «Сырымды айтам» атты повестер жинағы жарық көрді.
1992 жылғы өзінің Түркия сапары бойынша «Өркен» газетінің бес санына «Түр­кия толғаулары» атты көлем­ді очеркін жариялап, Тү­рік елін Қазақ еліне жан-жақ­ты­лы таныстырды. Сол не­гіз­де 1993 жылы «Жұл­дыз» жур­налының 2 санында «Тұтқын жолаушы» атты әң­гімесі жарияланды. Әле­кеңнің 1994 жылы «Жұл­дыз» журналының 5-6 сандарында жарияланған «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу мақаласында алғаш рет 70 жылдық «Қазақ-кеңес әдебиетіне» және оның белсенді авторларының шығарамаларына обьективті талдау жасап, Мағжан бастаған алашшыл, түрікшіл ақын-жазушылардың тарихи орнын нақтылауға маңыз берілді. Халықаралық «Zaman-Қазақстан» газетінде аудармашы әрі журналист болып істеген жылдарында газеттің әр санында дерлік түрік тілінен аударған тарихи, әдеби және ағымдағы ділгір тақырыптағы мақалаларды жариялап тұрды. Ал журналист ретінде сол тұстағы аса өткір, әлеуметтік, саяси, мәдени жағдайларға талдау жасаған публицистикалық мақалалары қоғамда үлкен әсер тудырды.
Әлекеңнің таза ғалымдық қыры Ш.Ш. Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтына қызметке келгеннен кейін ашылды. Аталмыш институт Ә. Дәулетханұлын тарихшы ғалым ретінде қалыптастырды. Бұдан алдын көбірек әдебиетші, жа­зу­шы, тіпті журналист бо­лып келген Әлекең бұл жыл­дарда тарихшы ретінде көп еңбек етіп, Отан тарихын зерттеуге өзіндік үлесін қосты. Атап айтар болсақ, ең алды­мен түрік тілінен әйгілі түрік тарихшысы Баһаддин Өгелдің екі томдық «Ұлы Хун империясының тарихы» атты кітабын қазақшалады әрі бұл кітап 1998 жылы «Хант» баспасынан жарық көрді. Ә. Дәулетханұлы осылай өзін білгір синолог, түрколог әрі шебер аудармашы ретінде таныта білді. Сонымен бірге, «Отан тарихы» журналына «Хун тарихын зерттеудің өзекті мәселелері», «Хұн тілі және жазуы» атты алғашқы іргелі ғылыми зерттеу еңбегі жарияланды. 2001 жылы РОНД баспасынан шыққан «Иллюстрированная история Казахстана» атты ұжым­дық жинаққа ғалымның 14 мақаласы енгізіліп, онда қазақ тарихының ежелгі дәуір­ден Қазақ хандығына де­йінгі кезеңіне байланысты басты оқиғалары мен мәдени-рухани өміріне қатысты дәл­ме-дәл, жинақы түрде сипаттама берілді. Қазақ тарихы бойынша жазылған бұл суретті кітап тұңғыш болуымен әрі мектеп жасындағы балалардың тарихи санасын қалыптастыруға лайықталып жасалуымен ерекшеленеді.
Осы жылы Орталық Азия мен Қазақ тарихына түбірлі өзгеріс әкелген әйгілі «Атлах-Талас» шайқасының 1250 жыл­дығына арналған «Ұлы жеңіске – 1250 жыл» атты кө­лемді мақаласы да «Қа­зақ тарихы» журналында жария­ланды. Айта кетерлігі, бұл да болса Әлекеңнің тарихшы ретіндегі асқан білгірлігін әйгіледі. Өйткені, Атлақ шайқасы ортағасырда түрлі империялардың байырғы Қазақ жеріне көз алартуына қойылған соңғы нүкте болатын. Осы шайқастан кейін қытайлық Таң империясы Орта Азиядан мүлде бас тартса, Араб империясы қатты әлсіреген еді. Біздің тарихымыз үшін аса маңызы бар осы оқиғаға ешкім назар аудармаған кезде, бір Әлекең «ол неге аталмайды?» деп айғайлатып мақала жазды. Шын мәнінде, сол тарихи датаны атап өтудің біздің отандық тарихнамамыз үшін де, егемен еліміз үшін де мән-маңызы айырықша болатын. Ол қатардағы қалың да­таның ешбірінен кем түс­пейтін, тіптен, олардың қай-қай­сысынан да маңызды да­та еді.
Сол жылы «Әлихан төре Сағуни» (1885-1976) атты кө­лемді зерттеу мақаласы «Түркістан» газетінің 8-мау­сым­дағы санында жарияланды. Мақала 1944-1949 жылдары өмір сүрген «Шығыс Түркістан Республикасының» тұңғыш төрағасы болған Әли­хан төренің күреске толы трагедиялы өмір жолына әрі Қытай-Кеңес өкіметтерінің қу­лық-сұмдығын әшкерелеуге арналған.
Осы тақырыптарды қаузай жүріп, Әлекең көне түркі тарихының құрамдас бөлігі болып табылатын Түркеш қа­ғанатын зерттеуге ойыс­ты. Бірнешелеген ғылыми жур­налдарда, конференция жи­нақ­тарында «Түркеш қа­ға­на­тының құрылуы», «Түркеш­тердің этникалық құ­ра­мы», «Ежелгі руникалық түр­кі жазбаларындағы Түр­кеш қағанатына қатысты де­рек­тер», «Қытай жылнама­ларындағы мәдениетімізге қатысты деректер» т.б. ма­қала­ларын жариялады және сол не­гізде 2002 жылы «Түр­кеш қағанаты» (саяси және мә­дени тарихын зерттеу, 692-766 жылдар) атты ғылыми еңбегі бойынша канди­дат­тық диссертация қорға­ды. Әлекеңнің еліміз бен жері­міз­дің арғы тарихына қатыс­ты осын­дай нақты тарихи та­қы­рып­қа ден қоюы қуан­тады.
Әлекең ден қойған Түркеш қағанатының тарихы аса күрделі тақырып. Оның бұл еңбектері бұрындары жабылып келген шетін мәселені зерттеуге түрткі болды. Осындай қарбаластығына қарамай, Ә. Дәулетханұлы Ха­лықаралық қазақ-түрік уни­верситеті жанындағы Түркология ғылыми зерттеу орталығының жұмысын жандандыруға да атсалысты. «Ғұн тарихының жылнамасы» атты кітапты қытай тілінен аударып, әрі оның алғы сөзін жазды.
2005 жылы Тараздағы «Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығына» шақырылып, батырдың 30 томдығын да­йындау тобында қызмет етті. Сол жылдары профессор М. Мырзахметовтың жетек­шілігімен «Түрік халық­тарының әдебиет тарихы» атты оқулық кітап пен хрестоматиясын жазу тобына қосылып оның «Шығыс Түр­кістандағы қазақ, ұй­ғыр әдебиеті» бөліміне ар­нал­ған тарауларын жазды. Ә.Дәулетханұлының «Түр­кеш қағанаты. Саяси мәдени ахуал», «Хұн – түрік – қазақ тарихын зерттеу мәселелері» атты монографиялары ғалым еңбегінің шоқтығы десек болады.
2006 жылы Ә. Дәулетхан­ұлы «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты кітаптың Батыс түрік қағанаты, Түркеш қағанаты бөлімдерін жазды. «Қытай жылнамаларындағы Қазақ тарихының деректері» атты кітаптың екі томын Ш. Ахметұлымен бірге араб төте жазуынан бүгінгі қазақ алфавитіне түсірді және редакциялады.
2006 жылдан бері қарай негізінен Түрік халықтары, әсіресе Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр әдебиеті мен қоғамдық тарихын зерттеумен айналысып келеді. Сол бағытта «Қашқар – Жаркент хандығы (1514-1678) тұ­сындағы саяси-мәдени ахуал», «Мырза Махмуд Жорас және оның Тарих-и-Рашиди-Зейли», «Әлихан Төре Сағұни (1885-1976)», «Қытайдағы қазақ әдебиеті», «Манжур-Қытай үстемдігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті және Ш. Уәлиханов» атты зерттеу мақалаларын жариялады. Соңғы мақалада Ш. Уәлихановтың Қашқар са­парына байланысты жазылып келген кейбір жаңсақ­тықтарды сынай отырып, ұлы ғалымның гуманис­тік көзқарастарын көр­некі­лендіре түсті.
2009 жылы «Қазақ тарихы» журналында жарияланған «Ұлттық идея – түрік халық­тарын біріктіруші күш» атты мақаласында түрік ха­лық­тарының мемлекет, әскер, отбасы үштігінің мыз­ғы­мас бірлігі арқасында өмір сүріп келгенін, әрі көне дәс­түр­шілдік пен бүгінгі күннің байланысын сөз етті.
Ә.Дәулетханұлы көне та­рих­ты зерттеп, зерделей жү­ріп, елімізде тарихи сана­ның қалыптасуы кезінде пайда болған келеңсіз­діктерге де батыл қарсы тұрды. «Тарих түйінін сізше тарқатуға болмайды» (Қазақстан. 2009. №35(275) 1 қазан.), «Жалған тарих жасау, жалған ақша жасаумен бірдей сорақы қылмыс» (Жас алаш. 2009. № 97. 3-желтоқсан), «Мұх­тар­хан Оразбайдың 15 өтірігі» (Қазақ үні. №45. 27 қараша) атты мақалаларын арт-ар­тынан жариялап елі­мізде белең алған тарихи жалпақшешейлікке, тарихи деректерді бұратар­тушы­лыққа, деректерді қолдан жа­сауға қарсы тұрды.
Демек, бүгінде 75 жасқа толып отырған әдебиетші, тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан бүкіл ғұмырын қытайлық насихатқа қор қылмай, өмір жолын ту бастан тура таңдаған азамат. Сол үшін ол орда бұзар отызға келместен, тәуекелге бел байлап, үстінен құс ұшпайтын асқаралы Арқас Алатауын асып, ентелеп елге келген. Басынан қиын-қыстау күндерді өткере жүріп, оған еш қаймықпай келешектен үміт күтіп, жиған-терген білімі мен білігін қазағына, еліне арнаған, бар бақытын, абырой-беделін Қазақ елінен тапқан азамат. Ендеше, ел-жұртының алдындағы осынау есепті белесінде ғалым ағамызға қажымас қайрат, мол денсаулық, шығар­машы­лық табыстар тілейміз.
Тұрсынхан ЗӘКЕН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдыру