Шайқастың ерен тактигі

0
299

Аяқталғанына ширек ға­сыр­дан астам уақыт өтсе де, Ау­ған­стан жеріндегі со­ғыс­тың жаң­ғы­ры­ғы бүгінгі ау­ған ар­да­гер­ле­рі мен елдің санасынан әлі өшкен жоқ. Тарих­қа жү­гін­сек, 1978 жылы Ау­ған­станда саяси төңкеріс болып, оның арты өрт-жалынға ай­нал­ған еді. 1979 жылы Кеңес әс­кер­ле­рі­нің шектеулі контин­ген­ті Ауған­стан­ға еніп, 10 жыл­ға жуық тұ­рақ­ты­лық­ты сақ­тау­ға тырысты. Он­дағы соғыс қи­мыл­дарына сол кездегі кеңестік әс­кер қа­та­рын­да болған 22 мың­нан астам қа­зақ­стандық қа­тыс­ты.
Сол 1979-89-жылдар ара­лы­ғында Кеңес әскері сапында бол­ған көптеген жауын­гер­лер мен офицерлер жанкешті ер­ліктер жасады. Солардың қа­та­рын­да майдан даласын­да­ғы миссияны орындауда Бас барлау бас­қар­ма­сы­ның 177-ші арнайы мақ­сат­тағы жеке отрядының же­тек­ші­сі болған Борис Ке­рім­баев ерекше атауға тұратын, аса үл­кен құрметке лайықты командир.
Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12-қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмам­да­ған. 1980–1983 жылдары Ау­ған со­ғы­сына қа­ты­сып, арнайы тапсырмаларды орындайтын мұ­сыл­ман батальонының ко­ман­ди­рі болды. Сауатты бас­шы­лы­ғы­ның ар­қа­сында батыр командир өз сар­баз­дарынан көп шығын бере қой­ған жоқ, кө­бі­не­се ұрыстарда же­ңіс­ке же­тіп отырды. Мұны жұрт­шы­лық жақ­сы бі­леді.
Алғашқыда Борис Керім­баев Те­мір­тау қаласындағы әске­ри бө­лім­де командир болып қыз­мет етіп жүреді. Оның батальоны Ауғанстанға қажетті әс­ке­ри техникаларды жіберумен айна­лысатын. Алайда Мәскеуде­гі Бас штабтың жарлығымен жас офи­цер­дің тағдыры бір-ақ күн­де өзгеріп шыға келеді. Оған ен­ді Бас барлау басқармасының 177-ші Арнайы мақсаттағы жеке отряд­тың командирі болу сияқ­ты зор жауапкершілік жүк­тел­ді.
1980 жылдың қысы. Қап­ша­ғай­да жеке құрамның атыс және тех­никалық жарақ­тан­дыры­луы то­лық жүзеге асты. Үміт­кер­лер­ге қойылар талаптар да жо­ғары еді. Тән дайын­ды­ғы­ның мық­ты­лы­ғы, техника мен қа­ру қолдануды жетік меңге­ру, бір­не­ше тілді білу секілді талаптар қойылды. Жауын­гер­лер күр­ке­ше­лерде тұрған­дық­тан қыс­тың суы­ғы да бір жағынан қыс­пақ­қа алды. Мұндай кездерде солдаттар кішкене пештер мен жедел марштар арқылы жылынатын. Кейін наурыз айында жасақ толық құрамда оқу-жат­ты­ғу мақсатында поли­гон­ға әке­лі­не­ді. Ал жазға салым Отар поли­го­нын­дағы жат­ты­ғу­лар­дан соң Мәс­кеуге «Жасақ құ­рыл­ды, тапсырмаларды орын­дау­ға әзір» деп баяндалады. Сонымен 1981 жылдың 25-қазанында Арнайы мақсаттағы жеке отрядты Ауғанстан жеріне жіберу туралы бұйрық келіп түсті. Осылайша мұздай қаруланған әскери жасақ алыс ауған жеріндегі майдан даласына аттанып кете барды.
Бақандай он жылға жуық жүр­ген ауған соғысы кеңес әс­ке­рі үшін оңайға соққан жоқ. Өйт­кені таулы жерлердің үң­гір­лерін, қуыстары мен терең шат­қал­дарын моджахедтер тиім­ді пайдаланатын, оның үстіне жасыратын несі бар, олар өз Отанын, өз жерін қорғап жатты. Ал кеңес әскері жат жерге Мәс­кеу­дің бұйрығын орындау үшін ғана келген болатын.
Ауған жерінде әсіресе, бір ше­ті Пәкс­танмен шектесетін, таулы, қыратты, ойлы-қыр­лы Паншер аңғарында қиян-кес­кі шайқастар қызу жүр­ді. 177-отряд нақ осы қай­на­ған қа­зан­ның ортасына түсті. Негі­зі­нен бұл маңызды нүктені сол тұс­та атақты Ахмед шах Масуд пен оның мод­жахедтері қорғайды. «Паншер арыс­таны» деген лақап атқа ие Ахмед шах Ау­ғанстан территориясының үштен бірін бақылауында ұстайтын. Шахтың моджахедтері Кабулға бара жатқан кеңес әскерлері мен автоколонналарды өткізбеуге тырысып зор кедергі жасады. Автокөлік көштерін оқ астына алып, жүздеген көліктерді отқа орайтын. Олар Кеңес армиясымен де, Бабрак Кармал басқарған ауған үкіметінің әскерімен де бірдей соғысты. Қару-жарақ емес, азық-түлік тиелген көлік­тердің өзін Кабулға жеткізу Кеңес Одағы тарапына үлкен күшке айналды. Текетірестің күштілігі соншалық екі жақтан да адам шығыны аз болмайды.
Осы қақтығыстар барысында шектеулі контингент құрамындағы айрықша тапсырмалар үшін жасақталған 177- отряд ерекше көзге түседі. Соғыс тәсілін жетiк меңгеріп, қажетті кезде ұтымды түрде қолдана бiлетiн батальон ко­ман­дирі, майор Борис Керімбаевтың жасағы қарсыластарға әлденеше рет қуатты соққылар берді, душман әскерінің қуатын әлсіретті. Мұндай мық­ты қарсыласқа бұрын-соңды тап болмаған Ахмед шахтың дегбірі қаша бас­тайды. «Мына қа­ра пәленің, «Қара майордың» қайткен күн­де де көзін жою керек» деп 1 млн. доллар көлемінде бәйге тіккен көрінеді. Содан бастап Борис Керімбаевтың даңқы бүкіл КСРО мен ауған жауынгерлері арасына «Қара майор» деген атпен танымал болып кеткен екен.
1981 жылдың мамыр айында басталып, екі айға созылған аңғардағы арпалыста Ахмед шах Масуд моджахедтері шегінуге мәжбүр болады. Осылайша арнайы операцияның көздеген мақсаты орындалады. Дегенмен, Паншер аңғарын бақылауда ұстап тұрудың өзі оңайға соқпайды. Оның үстіне Бабрак Кармал үкіметі әскерін түгел Кабулға алып кетіп, кеңес әскерін қиын жағдайда қалдырады. Ауған соғысы ардагерлерінің айтуына қарағанда, операцияға 36 батальон жұмылдырылған. Бұл батальондардың 20-сы – кеңестікі болса, 16-сы – Б.Кармал билеп тұрған ауған үкіметінікі екен. Бұдан басқа шабуылға тек кеңес тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, бірнеше мыңдаған БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысқан.
Сонымен кеңес әскері алдында өзінің дәрменсіздігіне көзі жеткен Ахмед шах бейбіт келіссөздерге келуге мәжбүр болады. Ал «Қара майор» жасағы КСРО-ға қайта оралады. 1989 жылдың 15 ақпанында кеңес әскері Ауған жерінен толықтай шығарылады. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірінің куәгері болып жүрген полковник Борис Төкенұлының осындай ерлік істерге толы өмір жолы жас ұрпақтың отаншылдық рухын оятатын құнды естелік екені даусыз.
Ерлан БАПАНОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру