ӘР ЖҮРЕКТІ АЯЛАҒАН АЛАҚАН

0
134

Әйгілі кардиохирург, профессор Сейтхан Жошыбаев туралы сыр

…1995 жылдың қоңыр күзі. Іссапармен Шымкентке кетіп бара жатып жолай сәлем бере кету ниетімен туған жерім Ақбиік ауылында тұратын анамның інісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, нағашым Тәжібай атамның үйіне соқсам, атам мен Ханзада апамның әдетте ақжарқын көңіл хошымен қарсы алатын қалыптары жоқ, жүдеу тартқан жүздері солғын. Олардың мынау үнжырғасы түсіп жабырқау тартқан жүз­дерін көріп шошып кеткен мен:
– Не болды? Ережеп қайда? – деймін қобалжып.
Ережеп – соғыста үш сау­сағынан айрылып келген наға­шымның көзі тала көп күтіп, бір перзентке ынтызар бо­лып жүргенде көрген жал­ғыз ұлы.
– Екі апта болды Шымкентте ауруханада жатыр.
Мұңлы жауап.
Жеделдетіп жүріп кеттім.
Шым қалаға кірісімен бірден облыстық аурухананың кардиология бөлімінің мең­герушісіне жолығып кеселдің мән-жайынан хабардар бол­­ған соң, шымкенттік жүрек емшісінің: «Алматыға немесе Сіздерге қол созым Біш­кектегі профессор Сейіт­хан Жошыбаевқа апарған­дарыңыз жөн болар – деген кеңесін құп алып, сол арадан Сейтханға телефон шалдым.
Секең:
– Аяғында ісік бар ма? Болса қай жеріне дейін?
– Бар. Тізесіне дейін.
– Онда алып келіңіздер.
Бітті, сөзі қысқа, қолмен қойғандай шымыр. Түнделетіп Бішкекке бет түзедік. Жолда Меркідегі досымыз Хам­забектің үйіне бір түнеп шық­тық та, таңертеңмен профес­сордың алдында отырдық.
Бос сөзбен алданып, бұрын­нан қимас көңіл таныстықты малданып хал-жай сұрасып уақыт өткізбеді. Түске жақын лабораториялық арнаулы құрылғылармен дайындалған қорытынды диагноз да мәлім болды. Профессор жүректің екі клапанын да ауыстыру керек деп шешті.
Нағашымның жанының жа­рығы, жүрегінің жұлдызы, бетіне қарап тілеуін тілеп отырған қуат-медетінің ендігі тағдыры – алдымен жаратқанның қол­дауында, онан соң Сейт­ханның қолында екенін түсіндік. Түсіндік те, жүрекке ота жасауға рұқсатымызды бердік…
Япыр-ай, не болар екен?… Қалай болар екен?…Үйқы қашты. Санада ызың қаққан үрейлі сұрақ түнімен мазаны алып, құлақтан кетпей қойды… Пендеміз ғой… Әйтпесе, Сейітханның қыр­ғыз медицина институтын бітіре салысымен сонда жұ­мысқа қалып, саналы ғұ­мы­рының жарты ғасырын жан жылуының жарығы сөн­беуіне арнаған, Алланың сыйы – тоқтаусыз соғып бойға қуат, ойға нәр, өмірге сән беріп тұрған жұдырықтай жүректі алақанына сала аялап, оның сыры мен қырына жалықпай үңілген, сырқатқа шалдыққандардың көлеңке түскен көңілдеріне – жұбаныш, кесел меңдеп жүдеу тартқан жүздеріне – қуаныш сыйлап келе жатқан жан екендігіне бұрыннан қанықпыз. Дей тұрғанмен, айтқан жерден аулақ, ота үстінде кездейсоқ әр-түрлі жағдайлардың болып қалуы да мүмкін екендігіне ешкімнің де кепілдік бере алмайтындығы да белгілі еді… Қобалжуымыз да сондықтан… Алты сағатқа созылған операция – сыртта оның нәтижесін тағатсыздана күтіп тұрған біздер үшін алты жылға созылғандай болды.
Бір кезде Сейтхан сыртқа жылы шырай танытып шыққанда, қуанышымызда шек болған жоқ! Бішкекке аттанарда нағашымның кемсеңдеп жылап, көз жасын ірке алмаған күйкі күйі, алуан түрлі ойлармен алысқан ұйқысыз түндері – Бішкектен осынау жақсы хабарды алғанда түн қараңғылығын ысырып тастап рауандап атып келе жатқан күн нұрына малына құбылған мөлдір шықтай құлпырып жүре берді! Нағашымның әкелік мейіріміне өзгеше өң беріп, өзіне үйелмелі-сүйелмелі 18 немере сүйгізіп отырған жалғызының жанына арашашы болған алтын қолды шипагер Сейтханға деген ризшылығы телегей теңіз, алғысы Алатаудай еді!…
Профессор С. Жошыбаев сонау 1962 жылы Қырғыз елінің Нарын қаласында жүрекке жасаған алғашқы отасынан бастап, осы уақытқа дейін қазақ пен қырғыз бауырлас екі елдің ғана емес, алыс-жақын шет елдердің де ауыр дертке ұшыраған мыңдаған азаматтарының жүректеріне ота жасау арқылы өмір жылуын сыйлап, олар үшін жарық күннің қызығын көре беру мүмкіндігіне жол ашқан азамат.
Біз, үлкен-кішісі демей әр-бір азаматты оның адамға жасаған жақсылылығы жо­лында атқарған ісі мен әре­кетіне қарап бағалаймыз. Сейтханның ұлағатты ұстазы, қырғыз елінен шыққан тұң­ғыш кардиолог-ғалым, Қыр­ғыз Ұлттық Ғылым Акаде­мия­сының президенті аты кең тараған атақты хирург ғалым Иса Қонайұлы Ахунбаев, өз шәкірті бойында шымырлап жатқан жүрек шипагерінің ерекше дарынын танып, оның Мәскеудегі есімі әлемге әйгілі А.Н. Бакулев атындағы Жүрек қан-тамырлары ғылыми зерттеу институтының аспирантурасына қабылдануына жол ашып берген еді. Академик Иса Қонайұлы қателеспепті. Секең ұстазының үмітін еселеп ақтады – 31 жасында ме­дицина ғылымның канди­даты, 42-сінде докторы дәрежесіне ие болды. Ай­тылған саладағы алымды қадамдарының арқасында отыздан сәл ғана асқан шағында, келешегінен мол үміт күттірген жас ғалым 1976 жылы Бішкекте алғаш рет республикалық кардиохирургия орталығын ашып тума таланты, ерен еңбегі мен мол білімінің арқасында атағы алыстарға танылып аты ауызға ілінді. Ол 1984 жылы туған Отаны Қазақстанға оралды. Туған еліне мансап үшін емес мақсат үшін қызмет етуді діттеп келген ол, ғылыми- практикалық әлеуеті жағынан Орталық Азиядағы жүрек-қан тамырларына ота жасайтын өзі теңдес емдеу мекемелерінен оқ бойы озық тұрған, Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы «Кли­никалық эксперименталді хирургия ғылыми-зерттеу институтының» кардиохирургия бөліміне жетекшілік етуге шақырылды. Кезінде Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясының ғылыми жетекшісі болған академик Ю.С. Петросян, ғылыми кеңесшісі Г.И. Цукерман, диссертацияның ресми сарапшысы – кеңестік кардиохирургия ғылымының негізін қалағандардың бірі академик В.И. Бурковский сынды аттары әлемге әйгілі ғалымдардың үлгі- өнегелерін көріп тәлім алған, олармен қоян-қолтық араласа жүріп Алматыға ауысқанға дейін 3000-нан астам сәтті оталар жасап мол тәжірибе жинақтаған Сейтхан Жошыбаев, осыншама адамның сырқаттан құлан-таза айығып кетуінің себепкері ретінде ел құрметіне бөленіп алғысын арқалап жатты.
Қазір академик Сейтхан Жошыбаев 2008 жылы өз туған өлкесінде өзі ұйымдастырған – Тараз «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» толысқан кемел басшысы. Орталық соңғы 10 жыл ішінде 5 мыңнан астам жүрек-қан тамырлары ауруларына ота жасап, 23,5 мың науқасты тексеріп, оларға өмір сапасын жақсартудың алдын-ала шараларын насихаттап, қан тамыр-жүрек ақауларын дәрі-дәрмекпен емделу жолдары туралы білікті кеңестер беріп отырғандығын қосыңыз! Сонда сіз, бұдан саналы ғұмырын адам өмірінің арашашысы бола жүріп үндемей-ақ, бір адамның қаншалықты сауапты іс атқаруына бола­тын­дығының куәгері боласыз, академик Сейтхан Жошы­баевтің адамдық, азамат­тық тұлғасын танисыз!
Ол басқаратын Орта­лық­тың жемісті жұмысы жайлы, профессор Сейтхан Жошы­баев­тың кәсіби шеберлігін биік парасатымен өріп, нау­қасы меңдеген жандарға екін­ші өмір сыйлап жүрген шын мағынадағы әулиелігі туралы алғыс лебіздер өз алдына бөлек әңгіме. Десек те, сол алғыстар арнасының бір тамшысын татып көрмей болмас. Солардың бірі – алматылық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Бақтияр Сманов орталықтың алғыс кітабына былай деп жазыпты:
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші, мен де 2009 жылы жүрегіме ота жасатып, асыл ағамыздың шипалы қолының шапағатын көрген жандардың бірімін. Сол жолы дәрігер ағамызбен танысып, жақын араласудың сәті түсті. Көрнекті ғалым, атақты кардиохирург жайлы, жалпы жүрек отасы жө­нінде жан-жақты тоқ­талып жатқаным да сон­дық­тан. Шыбын жанды қояр­ға жай таппай әбден қиналған шақта алдымен Қазақ­станның жетекші кар­дио­логтарының бірі – талантты ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Орынғали Әдібаев ағамызбен, одан кейін ғаламтор арқылы Мәскеудегі академик А.Н.Бакулев, академик В.И.Бураковский атын­дағы жүрек-қан тамырлары институттарының, Ресей Орталық әскери-медици­на­лық госпиталінің кардио­хирургия орталығы мен Ново­сібірдегі академик Е.Н.Ме­шалкин атындағы Қан айналымы патологиясы институты ғалымдарымен хабарласып ақыл-кеңес сұрап, хирургиялық-медициналық көмектің жай-жапсарын білдім. Сосын, Израиль астанасы Тель-Авивтегі Нобель сыйлығының иегері Исхак Рабин Медицина орталығының кардиолог-профессоры, док­тор Саса Яковишвили, тағы басқалармен кеңестік. Олар:
– Өздеріңе, Қазақстанға жүрек­ке ота жасайтын жоға­ры санатты тәжі­рибе­лі маман, профессор С.Жо­шыбаев қайтып келді ғой. Қазір Тараздан кардио­хирур­гиялық орталық ашты. Алыс­қа әуре болмай соған бар­ғаныңыз мақұл…», – деп кеңес берді. Сөйтіп, «Германияға, Израильге немесе Қытайға барамын ба?» деп жүргенімде өз іргеміздегі көне Тараз шаһарынан ағамызды іздеп таптым. «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, әйгілі ғалым, атақты дәрігер өте қарапайым, кішіпейіл жан болып шықты. Артық сөзі жоқ, нағыз істің адамы екен. Сонан, тәуекел етіп 2009 жылдың 2-наурызында ота жасап, жүректің аорта құлақшасын ауыс­тырды. Ота сәтті өтіп, бүкіл уайым-қайғыдан, қа­уіпті сырқаттан құлан таза айығып, қатарға қайта қосылған жайым бар. Сөйтіп, жан азабынан да, тән азабынан да құтылдым. Ағамыз жайлы халықтың десе дегеніндей-ақ бар екен. Ел-жұрт жайдан-жай айтпайды ғой. Оған әбден көзіміз жетті».
Сейтханның атына айтылған осы мазмұндағы алғыс хаттар, ыстық лебіздер тобы ұшан-теңіз.
Ғалым өмірінің әр кезеңі, оның медицина көгінде кемелдене түскен жұлдызды шақтарының жарқылындай, өз жалғасын тауып келеді. Ол осы уақыт ішінде алғыр да алымды ғалым – кардиохирург ретінде алыс- жақын шетелдердегі шоқтығы биік 10-ға жуық жүрек қан тамырлары хирургиялық Ассоциацияларына мүше болып, өзгелер оның ұсыныс-пікірімен санасатын, шеберлігінен тәлім алып, үйренетіні биікке көтерілді. Ол соңғы 10 жылда өз саласында 3 медицина ғылымдарының докторын, 7 ғылым кандидатын, 3 PhD доторын, осыншама медицина магистрлерін дайындап, кардиохирургия саласына қатысты 250-ден астам ғылыми еңбектер жариялады. 10 өнертапқыштық еңбегіне патент алды. Өнегелі ғалым, өресі биік дәрігер, Ұлы Даланың өнегелі ұланы – АҚШ, Англия, Германия, Үндістан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Польша, Чехия, Сирия, Малайзия, Пәкістан, Литуа және басқа да көптеген ТМД елдерінде болып, олармен жүрекке ота жасаудағы өз тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми баяндамалар жасағандығы бөлек әңгіменің желісі. Академик С. Жошыбаев барған жерлерінің бәрінде кәсіби шеберлік сеанстарын өткізуді дәстүрге айналдырған шебер шипагер. Сондықтан да, барған жерлеріндегі «мен» деген кардиохиругтарының өздерін тәнті еткендігін ризашылық сезімге толы мақтанышпен айта аламыз.
Оның адам өмірі күзетіндегі ерен еңбегі еленіп, ол еліміздің жоғарғы дәрежелі марапаттары – «Құрмет», «Па­расат», екінші дәрежелі «Ба­рыс» одендері мен көп­теген медальдарының иегері атанған азамат. Сейт­хан халықаралық «Алтын са­па» белгісінің де иегері. Тараз­дағы кардиохирургия орталығы – академик Сейт­хан Жошыбаевтың білікті басшылық, ілкімді ұйым­дас­ты­рушылық қабі­леті арқа­сында, жүректің түрлі кесел­дерін республика­да алғашқы болып жасанды қан айналымы жағдайында ғылыми-инновациялық жолмен емдейтін еліміздегі алдыңғы қатарлардың бірінде тұрған кәсіби деңгейлері әлем­дік стандарттарға сай келе­тін озық үлгідегі кардио­логия­лық орта­лықтардан тағлым­да­малар алып жеткілікті тәжірибе жинақтаған, жүрек-қан тамырлары ақауларын қалыпқа келтіретін аты алыстарға таралған, мерейі үстем абыройы биік уыздай ұйыған ұйымшыл шипагерлер ұжымы қалыптасты.
Айта кету керек, Жошыбаевтар отбасы өмірлерін адам денсаулығына қызмет етуге арнаған әулет: өзімен бірге Қырғыз медицина инститтутын тауысқан жарты ғасырдан астам мейірін тосып, ақылын қосып отағасының алаңсыз сүйікті ісі – жүрек отасының қыры мен сырына терен бойлауына жағдай жасап келе жатқан жұбайы Бикештің айрықша еңбегі дер едік. Жары жақсының бәрі жақсы деген осы. Ұлы Ратан, қызы Жұлдыз, немересі Ғали әке-ата жолын қуған шипагерлер, тек үлкен ұлы Рәпіл ғана экономист мамандығын таңдапты. Ол кезінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО- 2017 халықаралық көрмесінің комиссары лауазымдық қыз­меттерін атқарды, ғылым­мен де айналысты, экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне қол жеткізді. Қазір елімізде «жасыл» экономиканы дамыту саласында әлемдік қауымдастық арасындағы стратегиялық әріптестік қаты­настарды орнатуға бағыт­талған. қазақстандық жоба­ларға инвестициялар тартуға жол ашатын Орталықты бас­қарып жүр.
Бүгінде, өмір жолы – жұл­дыз­ды, атқарған ісі – алымды, ұлағаты – ұрпаққа үлгі, елі­нің – елеулісі, халқының қалау­лысы, өз ортасының биігі академик Сейтхан Жо­шы­байұлының жолын ұс­тан­ған оның сенімді шәкірт­тері. Мәселен, медицина ғылымдарының кандидаты Израильдің, ТМД елдерінің озық клиникаларында тәжі­ри­бе­ден өткен Жалил Шей­шеновтің соңғы екі жылда жүректерінде туа бітен ақау­лары бар жаңа туылған нәрестеден бастап бір жасқа дейінгі 87 бүлдіршінге ота жасап аман алып қалғаны, PhD докторы Бағлан Тұртабаевтың аталмыш кезеңде Түркия мен Үндістанның жүректі емдеу орталықтарында тағылым­дамадан өтіп тәжірибе жинап жүректерінде жүре пайда болған кеселдері бар 613 сырқатқа ота жасап олардың басына төнген ажал бұлтын сейілтіп алғысқа кенелуі профессор Сейтхан Жошыбаев клиникасының адамның өмір сүруінің сапасын жақсартуға бағытталған күнделікті атқа­рар жұмысының арқауы боп тартылып, желісі боп есіліп жатқан алтын өзегі дер едік. Бұған Орталықтың басшыларынан бастап қатардағы дәрігерлердің, С.Табышева жетекшілік ететін орта буын медицина қызметкерлерінің, бір кісінің баласындай тату-тәтті жемісті еңбек етуге жұдырықтай жұмылған бүкіл ұжымның қосқан үлесі мол.
Ғұмырын әр жүректі алақанында аялауға арнаған кардиолог дәрігерлердің облыстағы тәлімгер ұстазы Сейтхан Жошыбаевтың бүгінгі 80-ге толған мерейлі жасы ардақты перзентінің өз халқына сыйлап отырған айтулы күні, тарту-таралғысы десек артық айтқандық болмас еді. Жылымыз бір, жырымыз бір, сырымыз бір, мақсат-мүддеміз бір үзең­гілес бауырымызға үнемі абы­ройдың өрінде, адам жүре­гінің төрінде болыңыз деп ті­лек қосамыз.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері

Жауап қалдыру