Педагог биігі

0
125

Әр елдің болашағы жас ұрпақтан басталары анық. Ал сол өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі ұстаздар қауымы үшін басты мақсат. Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – дегеніндей ұстаздықты өміріне мұрат тұтқан жандардың өмірі құрметке толы. Қай кезде де ұстаз еңбегінің өлшеуі – білім сапасы. Білім беру ісінде басты тұлға мұғалім десек, олардың жұмысын ұйымдастыратын мектеп пен мектеп басшылығы. Мектептердің басын біріктіріп, міндет пен жауапкершіліктің басын теңдестіретін аудандық білім басқармалары. Ондай орындарда жан-жақты біліммен жетік қаруланған, мәдениетті, биік адамгершілікті тұлғаларға қажеттілік артады. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты абыройлы атқарып жүрген ұлағатты ұстаз, Алматы қаласы Жетісу аудандық білім басқармасының басшысы Салтанат Аменгелдіқызы Құсаинова дер едік.
Салтанат Амангелдіқызы Қарағанды облысына қарасты Қарғалы қаласының тумасы. Жастайынан білімге құштар болған Салтанат қазақ тілі мен әдебиетін оқуға ерекше ықылас танытқан. Оның осы қызығушылығы «мен мұғалім болсам» деген арманы, мектеп бітірісімен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универ­ситетіне әкеледі. Аталмыш оқу ордасынан филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игеріп шықты. Бұл қазақ елінің экономикасы тұрақталса да, қиындықтарға толы 1996 жыл болатын.
Осындай ауыр кезде жалақысы төмен мұғалімдік қызметті көптеген мамандар тастап кетті. Ал Салтанат Амангелдіқызы болса өз мақсатына беріктік танытып, Қарағанды қаласындағы №18 орта мек­тепке Қазақ тілі мен әдебиет пәні бо­йынша оқытушы болып қызметке тұрды. Әлгіндей қиын-қыстау кезеңде жүріп, мұндай күрделі жұмысты адам айтқысыз төзімділікпен, шексіз іскерлікпен жүзеге асырған ұстаздар қауымының іс-әрекеті ел игілігі жолында жасалған ерлікпен тепе-тең десек артық айтқандық болмас.
Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. 1998 жылы Салтанат Амангелдіқызы Қарағанды қаласындағы №41 мектепке дирек­тордың тәрбие ісі жөніндегі орын­ба­сары қызметіне ауысты. Әлемге екінші ұстаз ретінде танылған бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы», – деген екен. Осы пікірді ұстанымына айналдырған жас ұстаз оқушыларға мол рухани тәрбие беруге бар күшін сарп етті.
Оқушылардың пікір алмасуы мен ше­шендік өнерін және рухани ізденістерін байыту мақсатында мектеп қабырғасында «Дебат» атты арнайы тренерлік бағ­дар­лама ұйымдастырды. Бағдарламаға қа­тыс­­қан оқушылар қазақ тілінің керемет бай­лығы мен көнеден жеткен даналық ой жауһарларымен танысты. Бұл қызметті орындау барысында Сал­танат Амангелдіқызы ерек­ше шығармашылық қы­рын көрсете білді. Оқушы тәрбиесі секілді аса шеберлікті та­лап ететін нәзік жұмысты абы­роймен атқарып, 2002 жылы білім мен мәдениет ошағы са­налатын Алматы қаласына ауысты.
2002-2007 жылдары Алматы қаласы Жетісу аудандық №108 орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды. Білімді де білікті маман еңбегі ескеріліп, 2007 жылы Алматы қаласындағы Жалпы білім беретін №112 мектепке директор етіп жіберілді. Жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған Салтанат Амангелдіқызы мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына баса назар аударды. Ұстаздарға қойылатын талап та қатаңдап: әдіскерлік шеберлігіне, теориялық біліміне зор көңіл бөліне бастады. Білім сапасын арттырып, ұстаздар ұжымының бірлігін бекем еткен Салтанат Амангелдіқызы алты жыл бойы мектептің ілгерілеуіне зор үлес қосты.
Міне, осылайша бас­қару­шылық қызметте де өзін жаңа қырынан таныта білген Салтанат Амангелдіқызы 2013 жылы Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты жаңадан салынған №180 мек­тепке директорлық қыз­метке келді. Жалпы аума­ғы 8600 шаршы метрді құ­райтын мектеп 1200 оқушыға арналған екен. 60-тан ас­там оқу кабинеттері мен 21 ин­терактивті тақтамен жаб­­дық­талған заманауи бі­лім ошағын арнайы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың өзі келіп ашқан. Жаңа мектепті Елбасыға таныстырған Салтанат Амангелдіқызы: «Ауданымыздағы мектепте орын тапшы болатын. Сондықтан оқу­шылар басқа аудандарға қатынап оқитын. Енді оқушыларымыз үйлеріне жақын жерден білім алатын болды», – деп қуанышын жасыра алмаған еді.
ХХІ ғасыр – қарыштап дамыған білім ғасыры. Ел болашағына аянбай қызмет етіп жүрген Салтанат Амангелдіқызы бұдан кейін де жалпы білім беретін №2 мектептің директоры, Алматы қалалық Бостандық аудандық білім басқармасының басшысы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қазір ол Жетісу аудандық білім басқармасын басқарады. Білім саласына сіңірген еңбегі үшін Жетісу ауданы әкімінің «Құрмет грамотасы», Кіші ғылым академиясының дипломы, Қазақстан ұлт­тық телеарнасының «Алғыс хаты» секілді бірқатар марапаттарға ие. Салтанат Амангелдіқызының қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ыж­даһаты оны өзгелерден ерекшелендіріп тұ­рады. Педагогтың табанды мінезі, қа­зақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адал­дығы жас мамандар үшін әрқашан үлгі.

Жүсіп ЖҰБАТ.
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру